Жетпіс жеті жыл сақталған хат

Мұқан аға ұсынған бір бума құжаттардың арасынан жиектері жырымдалып, қолдан-қолға өтіп, әбден сарғая бастаған бір парақ көзге ерекше түсті. Бірақ, сиясы қанық, сөздері анық. Майданнан келген хат! Ұрыс даласында қайбір қағаз табыла қойсын? Жас жауынгердің үй ішіне айтары сыймай бара жатқан соң тағы бір жарты парақ қосқан... Екі жағына да толтырыла жазылған. Хаттың жазылған уақытын парақтың соңынан емес, бірінші беттің ашықтау тұрған қапталынан көрдік. «24.ІІІ.43» деп жазылған. Жарты парақ та жетпей қалған-ау, шамасы. Жауынгерлердің махорка орап жүрген қағаздары болса керек, бүтіні де табылмаған сияқты.

 

Көптен күткен хабар

– Бұл ағам Әбибулланың майданнан жазған алғашқы да соңғы хаты. Отбасымыздың қасиет тұтар қадірлі бұйымындай әлі сақтап жүрміз, – деді Мұқан аға Омаров. Ол – Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Хатты ұсынғанда зиялыға тән жұқалтаң жүзінен көңіл толқынысын танытардай ештеңе аңғармасақ та, етсіз салалы саусақтарының ұшы сәл-пәл діріл қаққандай болды.

– Ағам әскерге 1942 жылдың маусым айында шақырылғанда мен бес-алты айлық сәби екенмін, – дейді Мұқан аға одан әрі. – Әкеміз Омар Ахметов өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында Отырар ауданындағы Қарақоңыр өңірінде түйе зауытын алғашқы құрған азаматтардың бірі болды. Түйе шаруашылығын дамытудағы еселі еңбегі үшін ол 1940 жылы тұңғыш рет Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесіне қатысып, республикаға аты танылыпты. Соғыс басталған бойда әкемізді әскерге шақырды, бірақ әкетпепті. Броньмен қалдырылыпты. Міне, сол зауытта әкеммен бірге Әбибулла ағам да соғыстан бұрын бір жылдай түйеші болып істеген екен. 1943 жылдың жазында үйдегілер ағамнан бір хат алған, содан бері хабар жоқ.

...Арада қаншама жылдар өтті. Бір кездегі бала Мұқан да ержетті, мектеп бітірді, институтта оқыды, отбасын құрды. Соғыстың салған ауыр жарасы бірте-бірте жазылып, ел еңсесін түзей бастады. Солардың қатарында Мұқан аға да бір кезде соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен ағасының дерегін іздеп, жан-жаққа сұрау сала бастады.

Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалаларындағы әскери мұрағаттардың орталық базасына хат жазды. Олардан «хабарсыз кеткен» дегеннен басқа жауап келмейтін. Ақыры үміт жібі үзілер тұста көптен күткен хабар да жетті. Украинадағы Харьков коммуналдық құрылыс инженерлері институтынан келіпті. Институт тарихы музейінің кеңесі жанынан «Поиск» тобы құрылған екен. Оның мақсаты харьковтіктерді азат ету жолында қаза тапқан және жоғалып кеткен жауынгерлердің есімдерін іздестіру, анықтаумен айналысу екен. «Алдын-ала анықталған мәліметтерге қарағанда, әскери қызметін (далалық почтасы – 29559) өтеп жатқан қатардағы жауынгер Омаров Абибулла Ахмедович 1943 жылдың 19 тамызында Харьков облысы, Змиевский ауданы, Аксютовка деревнясынан 2 шақырым қашықтағы 175,2 биіктіктің оңтүстік-шығыс беткейінде болған ұрыстар кезінде қаза тапты» депті музей кеңесінің төрағасы Л.Н.Шутенко Шымкент облыстық әскери комиссариатына жазған хатында. Олар қаза тапқан жауынгерді мәңгілік есте қалдыру үшін өздерінде және туыстарында бар мәліметтерді сұратқан екен.

Көп ұзамай Готвальд аудандық комиссариатынан да хабарлама келді. Онда: «Омаров Мұқан Омарұлына. Шымкент облысы, Шәуілдір ауданында тұрған Сіздің ағаңыз, қатардағы жауынгер Омаров Әбибулла Ахметұлы 1943 жылдың

19 тамызы күні социалистік Отанды қорғау жолындағы ұрыста ерлікпен қаза тапты» деп жазылған екен. Одан әрі оның қай жерде қаза тапқанын баяндап, Тимченковский селолық Кеңесіне қарасты Островерховка селосына жерленгені жазылыпты. Соңына «Готвальд аудандық әскери комиссары Мищенко» деп қол қойған.

 

Тіршілік, неткен тәтті едің!

Мұқан ағадан сұраймын ғой: «Екеуіңіздің фамилияңыз бір болса да, неге сіз Мұқан Омарұлы да, ал, ол – Ахметұлы?»

– Әкеміздің тұңғышы болған соң атамыз Ахмет Әбибулланы кішкентайынан бауырына салып өсірген ғой. Содан сельсоветтен құжатын алар кезде «кімнің баласы – Ахметтің баласы» болып жазылып кеткен екен, – деп күлді Мұқан аға.

...Міне, енді сонау майдан даласынан жас жауынгердің ата-анасына деген шексіз сағынышын арқалап жеткен, қолдан-қолға тимей әбден сарытап болған хатқа біз де көз жүгіртіп отырмыз. «Сүйікті Аға-Апа! Мен балаң, Абибулла, шын жүрегімнен жалынды сәлемімді сансыз рет көп-көп сағынғандығымды білдіріп жазамын. Бауырларым Мұғраж, Мәкетай, Күлашайдың дендері сау ма?..» – деп жазыпты.

– Мұғраж деп отырғаны мен ғой, – дейді Мұқан аға. – Атамыз Ахмет ескіше сауатты, молда болған кісі екен, менің атымды да сол кісі қойыпты. «Мұғраж» деген сөз Құраннан алынған екен. Алла тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) жеті қат аспанда кездескен орны осылай аталады екен. Кейін Мұғраждың қалай Мұқанға айналып кеткенін байқамай да қалыппын.

...Одан әрі хатта ағайын-туыстардың амандығын сұрап, оларға сәлем жолдаған. Өзі туралы қысқаша баяндаса да, соғыс уақытының қаһарлы кезеңі де, жас жауынгердің жан толқынысы да, тасып төгілер ішкі сезімдерін сыртқа шығара бермейтін салқынқанды мінезі де, өмірге деген шексіз сүйіспеншілікке толы көңіл-күйі де бірден байқалады. «...Ал, менің денім сау, 4-ші рет жол жүріп бара жатырмын. Жолдың бағыты – батысқа қарай. Әрқашанда бір Жаратушыдан, содан соң ата-анадан тілек тілеудемін. Осы уақытқа дейін госпиталь жанында командировкада болдым. Өте жақсы тұрдым... Тіршілікті ешкім де жек көрмейді. Шіркін, мен үшін тіршілік өте тәтті. Себебі – сіздерге қызығымды көрсете алмаймын-ау деп өте көп ойлаймын. Үшінші рет аман қалып, төртінші рет белді қынай буып, көздің жасын төгіп, бір Жаратушыға бас иіп, бара жатырмын...»

Мұны үлкен шайқастың алдындағы жас жауынгердің тебіренісі деген дұрыс шығар. Үш рет шайқасқа кіріп, өмір мен өлімнің не екенін терең түсінген жанның төртінші рет аман қала ма, жоқ па, соған көзі жетпей, екі ойлы күй кешіп, ата-анасымен бақұлдасқандай болыпты-ау... деген ойда қалдық.

 

Харьковке сапар

– Сонымен, жұбайым Дариға екеуміз уақыт өткізбей дереу жиналып, 1986 жылдың маусым айында жолға шықтық. Бізді келіп қайтуға шақырған қағазы қолымызда. Харьков қаласындағы инженерлік коммуналдық құрылыс институты жанынан арнайы ашылған музей қала түбіндегі шайқаста қаза тапқандар мен жоғалып кеткендерді іздестірумен айналысады екен, – дейді Мұқан аға. – Бізді осы институттың қызметкерлері күтіп алып, «Харьков» деген үлкен қонақүйіне орналастырды. Сөйтсек, қонақүйдің аға әкімшісі Тараздың қызы екен. Әкесі осында талай жыл әскери қызмет атқарған. Қазір облыстық әскери комиссариатта істейді. Бізге сол кісілер де көп көмектесті.

...Музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көп ұзамай Мұқаң ағасы Әбибулламен бір полкте болған кісілермен жолықты. Олар қонақүйге өздері іздеп келген. Ерлі-зайыптылар «керек болып қалар» деп Шымкенттен өрік-мейіз, жеміс-жидек, қазы-қарта апарған болатын. Дереу бөлме ішіне дастарқан жайып, шай қойып, қазақы қонақжайлық танытқан. Мұның бәріне ағасының полктас достары да дән риза болыпты. Әрине, олар Әбибулла ағасын тап басып тани қоймаса да қалай соғысқандары, қай жерде болғандары, қандай жанкешті ұрыстарды бастан кешкендері туралы егжей-тегжейлі айтып береді.

Кезінде өнеркәсіпті өлке – Харьков қаласы үшін тайталас екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ірі стратегиялық маңызы бар ұрыстардың бірі болды. Украинадағы Харьков түбіндегі айқас негізінен төрт кезеңнен тұрады. Оның біріншісі – 1941 жылдың 1 қазанынан 29 қазанына дейін созылған Сумск–Харьков қорғанысы. Мұнда совет жауынгерлері күші мен техникасы басым, бес қаруы сай, өрекпіп келген жау әскерлерін тек уақытша тоқтатуға ғана шамасы жеткен. Әйтеуір, ірі өндіріс орындары шоғырланған қаладан ішкері жаққа, оның ішінде Қазақстанға барлық мамандарды, қажетті құрал-жабдықтарды көшіріп алуға ғана үлгерген. Екіншісі – 1942 жылдың 12-30 мамыры аралығындағы Харьков операциясы. Ел ішінде «тозақ қазандығы» аталған, кеңестік жоғарғы әскери басшылықтың қателігінен Оңтүстік-Батыс майданның 6-шы армиясы мен Оңтүстік майданның 57-ші армиясы жау қоршауында қалады. Жауынгерлер қоршауды бұзып өту үшін соңғы демдері қалғанша шайқасқан. Ал, қоршауды тек 27 мың солдат пен офицер ғана бұзып өте алған. Майдан даласында 170958 сарбаздың сүйегі қалған. Ал, немістердің мәліметіне қарағанда, 240 мыңдай жауынгер тұтқынға алынған, 2026 қару-жарақ пен 1249 танкі жойылған немесе қолға түсірілген. Үшінші кезең – Харьков пен Воронеж аумағының оңтүстік бөлігінде 1943 жылдың 19 ақпан – 14 наурыз аралығында болған ұрыстар. Бірақ, бұл операция да сәтсіздікке ұшырады.

Тек «Белгород–Харьков операциясы» аталатын Харьков үшін шайқастың төрінші кезеңі ғана табысты болып, қаланы жаудан тазартуға мүмкіндік берді. Ол 1943 жылдың 3-30 тамызы аралығында өтті. Оңтүстік-Батыс майданында 57-ші армияның 52-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында қызмет еткен Әбибулла Омаровтың қаза табатын кезі де – осы уақыт. Өйткені, өз бекіністерін тастап шегініп бара жатқан неміс әскерлерінің оңай берілгісі келмеді. Әлсін-әлі қайта шабуыл жасап, қатер төндіріп отырды. Аксютовка деревнясы маңындағы сондай бір қиян-кескі ұрыстардың бірінде есіл ер 1943 жылдың 19 тамызы күні қаза тапты.

Әбибулла Омаров Тимченковский селолық Кеңесіне қарасты Островерховка елді мекеніне жерленіпті. Бауырластар зиратының үстіне қолына автомат ұстаған совет солдатының мүсіні қойылған. Тұғыртасқа сол жерге бірге жерленген он төрт жауынгердің аты-жөндері жазылған. Сол жердегі мектеп оқушылары зиратты өз қамқорлықтарына алып, үнемі тазартып отырады екен. Мұқан аға бауырластар зиратының үстіне туған жерден әкелген бір уыс топырақты шашып, ағасы Әбибулланың рухына бағыштап, Құран оқыған. Содан соң мектеп асханасына кішігірім дастарқан жайып, мектеп басшылары мен мұғалімдерін шақырып, ас берген, яғни орысшалап айтқанда, «поминка» жасаған...

 

Қайдасың, Дуся Зайцева?

Ерлі-зайыптылар Харьков қаласында екі аптадай кідірді. Бір қарағанда, ағаның жамбасы жерге тиген жерін тапты, басына туған жерден бір уыс топырақ жеткізіп, дұға бағыштады. Алға қойған мақсатын орындады. Бірақ, көңілді күпті еткен тағы бір жәйт бар еді...

Ол ағасы Әбибулланың хатында айтылған бір өтінішке байланысты. «Осы уақытқа дейін госпиталь жанында командировкада қызмет істедім. Өте жақсы тұрдым, – деп жазған екен Әбибулла ағасы. – Сондағы жатқан үйім Зайцева Дуся Прокофьевнаға орыс тілінде хат жазыңдар. Бұл кісінің кім екенін соғыстан кейін білерсіздер. Ол мен туралы талай қиыншылықтарды көрді. Оның әке-шешесі бар. Егер мені балам дейтін болсаңыздар, жақсылап қатысыңыздар. Мүмкін оның өзі де хат салған болар. Егер сол жаққа шақырсаңыздар, бір мен үшін барып та қалады. Бірақ, шақырмай-ақ қойыңдар. Өйткені, менсіз болмайды...»

Апырмау, Дуся деген кім болды екен? Мұқан ағаны да ойландырған осы жәйт. Ағасына қатысты көптеген қиыншылықтарды көріп, қамқорлық жасаса, олармен байланыс орнатып, қатысып тұруға өтініш білдірсе, тегін адам болмағаны ғой. Соғыстың ауыртпалығы еңсені езіп, әр отбасы қиналып жүргенде, ата-анасы шалғайдағы жатжұрттықтармен қайдан хабарлассын?!

Сонымен уақыт өте берді. Дусядан да хат-хабар келе қоймады. Тек арада талай жыл өтіп, ағасының мәңгілік тыныс тапқан жері табылған соң Мұқан аға да майданнан жолданған хатқа тағы бір көз жүгірткен: «Бұл хатты өздеріңнен басқаға оқытпа! Орыс тілінде кісі керек болса, жақсы сенімді кісіге жаздыр. Мен кеткенде Дусяның үй іші жылап қалды. Олар маған «Шура» деп ат қойған еді» дейді Әбибулла ағасы.

Көңіл түкпірінде жатқан сырды ешкімге аша бергісі келмей, оны тек әке-шешесіне ғана айтып отырғаны екен-ау. Ағасы ұрысқа аттанғанда Дусяның үй ішінің жылап қалғаны да тегін емес... Соғыс кезінде жаралыларды жатқызатын жер табылмай, оларды әр үй бөліп алып, жарасы жазыла бастағандарды оңалтуға қатыстыратын болған. Ағасы Әбибулланың Дусяның үйінде жатып, аяғына тұрып кетуі де әбден мүмкін. Хаттағы «қиыншылықтар» деп отырғаны да осындай жағдайлар болса керек. Міне, осы кезде екі жастың арасында махаббат оты тұтанып, бір-бірімен көңіл қосуы ықтимал. Әйтпесе, кезекті ұрысқа аттанғанда өзінің де, оның әке-шешесінің де жас жауынгерді қимай, жылап қалуы жайдан-жай емес-ау!

Мұқан ағаның Харьковке келгендегі көңіл түкпірінде жатқан бір ойы сол Дусяны іздеп табу болатын. Тапса, ағасының сол қызға деген шексіз сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдіру, кеш те болса, аға аманатын жүзеге асыру еді. Сол бір өмірге деген құштарлық пен тіршіліктің қызығына тоймаған жас дәуреннің куәсіндей соңында ұрпақ қалған жоқ па екен деген де ойы жоқ емес.

– Содан 14 күн бойы Харьков қаласындағы анықтама бюросы арқылы Евдокия Прокофьевна Зайцеваны іздестірдік, – дейді Мұқан аға. – Алайда, сәті түспеді. Аты келсе, фамилиясы сәйкес емес, фамилиясы келсе, әкесінің аты тура келмейді. Не жас шамасы жуымайды. Амал не, таба алмадым. Оның есесіне, қаншама жақсы адамдармен жолықтым. Бізді комендант Алексей Петрович деген майдангер үйіне де шақырған. Ол ағам қызмет еткен 52-ші атқыштар дивизиясындағы 127-ші полкта батальон барлаушысы болған екен. Мен үйіне барудан бас тарттым да, Әбибулла ағаммен әскерде бірге болған, біздің «жоғымызды» жаны қалмай іздесіп жүрген сол кісілерді шақырып, өзіміз қонақ етіп күттік.

 

Елге оралу

Қазақстанға қайтар алдындағы сол бір отырысты Мұқан аға әрдайым қимай еске алады. Дүкеннен ет, ұн сатып әкеліп, Дариға қамыр илеген. Елден әкелген қазы-қартаны қосып, қазақша ет дайындаған екен. Дастарқанға тәтті дәмділермен қоса құрт-май қойған. Келген қонақтардың көбісі Әбибулла ағасымен жасты, тіпті одан үлкен болса да кісімсіп, шіреніп отырған бірі жоқ, Мұқан мен Дариғаның қонақжай пейіліне дән риза. Дастарқандағы әр тағамның аты мен затын зор қызығушылықпен сұрайды.

Қазыны «казахская колбаса» деп таныстырғаны есінде. Құртты көріп, дәмін татып: «Бұл не өзі? Ағаштың басында өсе ме?» деп сұрағанда да күлкісін ішіне бүгіп, құрт-ірімшіктердің қалай дайындалатынын тәптіштеп түсіндіріп берген. Тіпті, қазақтардың ұлттық тағамы – етті шанышқымен емес, қолмен жейтінін есітіп, оны Мұқан ағадан көріп, өздері де қолмен жеуге кіріскен. Соңынан «қазақта асату деген бар» деп бәріне бірдей өзі ет асатып шыққан.

Сондай еркін, жеңіл, керемет отырыс болған. Жас та болса, жол-жобаны жақсы білетін жас жұбайларға деген ризалықтан болар, ертеңіне бірі қалмай әуежайға келіп, Мұқан мен Дариғаны еліне шығарып салған. Сол кісілермен біразға дейін хабарласып тұрды. Жеңіс күні қарсаңында үнемі Харьковтегі музей директоры Татьяна Павловна Елисеева құттықтау хат жолдап, жаңалықтардан хабардар етіп тұратын. Атақты 57-ші армия туралы төрт томдық кітап шыққалы жатқанын, оның ішінде Әбибулла Ахметұлы Омаровтың да аты аталатынын жазып жіберген.

Одақ тарап, әр республика өзімен-өзі болып кеткеннен кейін бұл байланыс үзіліп қалды. Бірақ, Мұқан ағаның көңілінен жетпіс жеті жыл бойы сақталған жауынгер хатындағы сол өтініш шығар емес. Сексен алтыншы жылғы Харьков сапарында ол талай полктас кісілердің мекенжайын жазып алған. Бірі – Мәскеуде тұратын Алимов Эдуард Трофимович. 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы полкінде бірге болған. Сондай-ақ, Харьков қаласынан осы полкте 1942 жылдың ақпанынан 1944 жылдың мамыр айына дейін медбике болып қызмет атқарған аға лейтенант Абанышина Лидия Сафроновнаның, Алматы қаласында тұратын, 52-ші атқыштар дивизиясындағы көршілес 431-ші полкте 1942-1945 жылдары фельдшер болып қызмет атқарған Ларионова Наталья Алексан­дров­наның да мекенжайларын жазып алған. Олардың бәрі де 1922 жылы туған Дуся Зайцевамен шамалас болуы мүмкін. Алайда, уақыттың тығыздығынан ол кезде арнайы бара алмады.

Содан ба, аға аманаты ойынан шықпай жүр. Осы жолы Жеңіс мерекесі қарсаңында сәті түссе, Харьков жаққа тағы да барып қайту ойында болған. Алайда, бұған әлемді жайлаған биылғы пандемия кедергі келтірді. Құдай қаласа, карантин де ашылар. Кеудеде жаны барда үміті ешуақытта үзілмек емес...

 

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз