Уәдесінде тұрды

Қалғансыр – Сырдарияның оң жақ бетінде өзіне сай тіршілігі бар шағын ғана елді мекен. Кезінде кеңес өкіметінің көпе-көрінеу жасаған қиянаты салдарынан көршілес Өзбек-

станға елу жылға жалға беріліп, ол өкімет тарқаған соң, иесіз қалып, біршама жыл жетім баланың күйін кешкен жайы бар.

Бір Қалғансыр ғана емес, маңайындағы Ащыкөл, Бекбот, Боза секілді басқа да ауылдар осы қиыншылық кезеңдерді бастарынан кешті. Ата-бабаларының зираттары жатқан жерден қозғалмаған, кіндік қаны тамып, өсіп-өніп отырған туған өлкесін қимаған жергілікті халық әупірімдеп күн кешіп жатты. Қазақстанмен шекаралас аймақта орналасқан ауыл тұрғындары Шардара қаласына тіршілік қамымен жиі-жиі қатынайтын. Алайда, екі ортадағы егесіз жолдың сын көтермейтіндігінен жолаушылар әбден қиналатын.

Жаушықұм ауылынан Қалғансырға қарай екі-үш шақырым шыққан соң егістік суаруға арналған үлкен канал бар. Осы каналда көпір болмағандықтан жұртшылық 15-20 шақырым айналма жолмен жүретін. 1983 жылы Қалғансыр ауылының азаматы, аудандық Кеңестің екі шақырылымының депутаты, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Ынтықбай Саховтың тынымсыз еңбегінің арқасында каналға көпір салынды. Міне, содан бері қырық жылға жуық уақыт сол көпір елдің әжетіне жарап келе жатыр.

Егемен ел болып, еңсемізді тіктегелі де отыз жылға жуық уақыт өтті. Бұл аймақ қазір Келес ауданына қарайды. Аудан әкімі Ақментай Есбаев ауыл тұрғындарымен өткен кездесуінде қалғансырлықтарға таза ауыз су жеткізіп беруге және Шардара ауданына қосылатын 10 шақырымдық жолға тас төсеп беруге уәде берген еді. Әкім берген уәдесінде тұрды. Қазіргі таңда «Таза ауыз су» бағдарламасы бойынша Қалғансыр, Ащыкөл елді мекендерінде «Дәнекер» ЖШС-нің жұмысшылары ұңғыма, қазу-көму жұмыстарын жүргізуде.

Ауыл тұрғындарына да жұмыс табылды. Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған індетке қарамастан, жоспарлы түрде халыққа күнделікті қажет таза ауыз су жеткізіп, сонымен бірге жол қатынасының жеңілдеуіне ықпал жасап отырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке елдің ризашылық сәлемін жеткізгіміз келеді.

 

Әбдіғаппар АЙДАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Хатқа барлығы 47 адам қол қойған.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз