Биыл Арыста 108 отбасы баспаналы болады

Арыс қаласында биыл құрылысы жүріп жатқан 36 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Тұрғын үйді бөлу ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, көп балалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге кезек ретімен беріледі.

Жалпы, биылғы жылы 108 пәтердің кілті табысталады. Айта кетерлігі, Арыс қаласында келесі жылы 240 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй кезегіне электронды үкімет веб порталы арқылы өтінім беріледі. Өтінім беру кезінде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне барынша жол бермеу бойынша шаралар қабылданған. Кезекте тұрған азаматтардың тізіміне жыл сайын түгендеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй бойынша тарихи деректемелерімен сәйкестендірілген.

Арыс қаласында қазіргі таңда жалпы саны 1699 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде көп балалы отбасы саны – 418, ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 157, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататындар – 743, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 381.

 

 

Пікір қалдырыңыз