Соқпақ жол соны ізденіске жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес халыққа арнаған кезекті Жолдауын жария етті. Жолдау — әр жылдың аса маңызды саяси құжаты. Өйткені, ол еліміздің өткен жылғы саяси-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылап, алдағы жылдарға арналған мақсат-міндеттерді айқындап береді. Сондықтан республика тұрғындары Жолдауға зор үміт артып, оны асыға күтеді.

Рас, биылғы Жолдау бүкіл әлемді шарпыған пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс жағдайында жария етілді. Осыған байланысты маңызды саяси құжаттың негізгі өзегі – елдің экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған. Қордаланған проблемаларды шешу жолында алға қойылған міндеттер, оларды жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқауы болары даусыз.

Кезінде ел ішінде едәуір алаңдаушылық тудырған мәселе – жерді шетелдіктерге жалға беру нормасы болды. Келесі жылы бұл мәселе бойынша енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған орай, Президент «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп қадап айтып, бұл мәселеге түпкілікті нүкте қойды. Халқымыздың бұл шешімді аса зор ризашылықпен қабылдағанына еш күмәніміз жоқ. Өйткені, жер – қазақ халқы үшін ата-бабадан мұра болып қалған киелі де қасиетті ең асыл қазына. Халқымыз ежелден-ақ жерін қасық қаны қалғанша қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған.

Президент өз Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білім жайында айта келе келесі жылдың қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбейтілетініне тоқталды. Бұл дегеніміз – Мемлекет басшысының миллиондаған ұстаз бен олардың шәкірттеріне жасаған әкелік қамқорлығы. Өйткені, ұстаз – білім мен тәрбие беру үдерісіндегі ең басты тұлға. Сондықтан да ол бар болмысымен, білімімен, моральдық кескін-келбетімен, тіпті киім киісі, жүріс-тұрысымен де шәкірттеріне үлгі болуы тиіс. Сонда ғана ол қоғамның, ең бастысы, шәкірттерінің құрмет-қошеметіне бөленеді. Мұндай ұстаздардың жұмысы да жемісті болады. Аттары аңызға айналған қазақтың қаһарман ұл-қыздары Талғат пен Бауыржанды, Әлия мен Мәншүкті, күміс көмей бұлбұл әншілер Роза мен Бибігүлді, тағы да басқа көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерін ұлағатты ұстаздар тәрбиеледі.

Қазақ халқында «Бірінші байлық – денсаулық» деген қанатты сөз бар. Пандемия жағдайында медицина саласындағы орын алған кемшіліктерді мойындай отырып, Президент 2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысының тағы да 2 есе артатынын айтты. Әрине, бұл қадам ақ желеңді абзал жандар үшін қомақты материалдық және моральдық жағынан зор ынталандыру болмақ.

Жолдауда Президент құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Дәрігерлердің, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің антқа адал болуына тілектеспіз. Дәрігерлер Гиппократ антын қабылдаса, құқық қорғау қызметкерлері мен судьялар Конституцияға оң қолын қойып, Отанға, Президентке адал қызмет етуге ант береді. Сондықтан судьялар қара қылды қақ жарып, әділ үкім шығаруы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бұрынғылардың ұлағатты сөзін ту етіп ұстау қажет. Дәрігерлерге де айтарымыз сол.

Президент Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді міндеттейді. Ашығын айту керек, аталмыш індет қоғамның дамуы жолындағы негізгі кедергі болып отыр. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер тудырып, елеулі нұқсан келтіруде. Өкінішке қарай, қоғамдағы келеңсіз кеселмен жоғары лауазымды бірнеше қызметкер атын былғап алды. Тіпті, есіткен құлақтан да ұят. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күрес мейлінше ымырасыз болуы тиіс деп санаймыз.

Сонымен, Жолдау жарияланды, меже айқындалды. Осынау мақсатқа жетер жолда соқтықпалы соқпақтар мен тар жол, тайғақ кешулер кездесетіні анық. Десек те, мақсатымызға жеткізбей тынбайтын даңғыл жолдың барына сенейік.

Саттар ҚУАШБАЙ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

Пікір қалдырыңыз