Медиация – татулық алаңы

Татулығы жоғалған елдің тыныштығы да жоғалатынын жақсы білеміз. Сондықтан қоғам санасын ұлттық құндылықтар негізінде заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту – баршамызға жүктелген ортақ міндет. Осы орайда бұрынғы билердің қызметін қазір медиаторлар атқарып жатқанын атап өту керек. Бүгінгі сондай бітімгерлердің бірі – «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, жаттықтырушы-медиатор Кенжеқұлова Дана

Ақәділқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Дана Ақәділқызы, тұрғындар медиаторлар қызметіне көбіне қандай жағдайларда жүгінеді?

– Медиациялық ұйымдарға, кәсіби және қоғамдық медиаторларға тұрғындар көбінесе отбасы, бала мүддесі, мүліктік немесе қаржылай міндеттемелер, еңбек, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылықтарға қатысты туындайтын дау-дамайлармен келеді. Тиісінше, біз дау-шарды екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқамен шешу, тіпті болмаса араздық деңгейін төмендету мақсатында қызмет етеміз. Осы орайда, кез келген мақсатқа қол жеткізу үшін белгілі бір қағидаттарды айқындап, тек соның шеңберінде ғана жұмысты жүйелендіру қажет деп ойлаймын. Ол дегеніміз – еріктілік, ал, екі тараптың тең құқығы мен құпиялылықты сақтай отырып, баламалы жол таба білу – медиатордың кәсіби шеберлігі, тіпті артықшылығы.

– Кімдер медиатор бола алады және олар қандай қасиеттерімен ерекшеленуі тиіс?

– Заңға сәйкес, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиаторлардың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Сондай-ақ, медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде жүзеге асырылады. Кәсіби емес медиатор болу үшін кез келген азамат жасы қырықтан асқан, өз ортасында беделі бар, жергілікті атқарушы органда кәсіби емес медиаторлардың тізіміне енгізілген болуы қажет. Ал, кәсіби медиаторлар – жасы жиырма бестен асқан, жоғары білімі бар, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша білімін жетілдіргенін растайтын құжаты бар және кәсіби медиаторлар тізіміне енгізілген азаматтар болуы шарт. Тәжірибе көрсеткендей, медиатордың бойында шешендік, азаматтармен кез келген тақырыпта тілдесе алу, адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттері болуы керек.

– Медиаторлар мемлекеттік немесе жекеменшік медиатор деп бөліне ме? Жалпы, медиация қызметінің құны қалай өлшенеді?

– Бұл салада мемлекеттік және жекеменшік медиатор деген ұғым жоқ. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет емес және белгіленген тариф те жоқ. Тараптар кәсіби медиаторларға да, кәсіби емес медиаторларға да дауды реттеуге өтінім берген жағдайда, оның шығындары мен еңбекақысы ретінде ерікті түрде немесе келісіммен ақы төлейді.

– Қазір медиация қоғамдағы рөлін толыққанды атқара алып жүр ме? Қаншалықты оң нәтижелерге қол жеткізіп жатырсыздар?

– Бүгінде медиацияны кеңінен насихаттау үшін өңірде медиация кабинеттері мен әрбір сот ғимараттарындағы фронт офистерде ашылған татуласу бөлмелері, 16 қала мен аудандағы медиация кеңесі мен «Достық үйлерінің» жанынан құрылған медиация кабинеттері жұмыс істейді. Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларында «Мектеп медиациясы», «Отбасылық қатынастардағы медиация» сынды пилоттық жобалар іске қосылған. Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтың тапсырмасымен қолға алынған «Татуласу сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында сотқа жүгінген азаматтардың даулы мәселелері оңтайлы шешілуде.

2019 жылы түркістандық медиаторлардың ықпалымен аймақта 3552 дау оңтайлы шешілген. Яғни 3 мыңнан аса азамат соттан сотқа жүгірмей, өзара бітімге келді деген сөз. Сотқа арызбен жүгіну кезінде төленетін мемлекеттік баж салығына да бас қатырмаған. Ең бастысы, тараптар арасындағы сыйластық сақталып қалды.

– Медиацияның пайда болғанына біршама жыл болғанымен, әлі күнге көптеген адамдар медиаторға жүгінуді, тіпті мұндай мамандардың бар екенін білмейтін секілді. Мұның себебі неде?

– Иә, «Медиация туралы» заңның қабылданғанына биыл 9 жыл толып отырса да, көптеген азаматтар жұмысымызбен толықтай таныс емес. Бұған себеп – кейбір заңнамалық актілерде медиация толыққанды, жетік енгізілмегендігінен деп ойлаймын.

– Сонда, сіздің ойыңызша, қазіргі медиация саласына не жетіспейді?

– Ең алдымен медиацияға қатысты заңнамалық актілерді жетілдіру қажет. Сосын, соттар мен Ассамблея ғана емес, барлық құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер сотқа дейінгі медиацияға оң көзқарас танытқандары жөн.

– Жоғары оқу орындарында медиация саласына арналған мамандық жоқ. Ол медиацияның дамуына кері әсерін тигізбей ме?

– Медиатор болу үшін 4-5 жыл университетте оқудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі, медиатор болатын адамның бойында бітімгерге тән қасиеттер болса жеткілікті. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен шешіп, қазақ даласына түрме салмай-ақ жер дауы, жесір дауы сынды мәселелерді өзара бітіммен шешіп отырған.

– Медиация саласын жаңғырту, оны әрі қарай дамыту бойынша қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Біріншіден, құқықтық тәрбиені жасөспірімдердің бойына мектептегі оқу процестерімен бірге сіңіру тиімді деп ойлаймын. Бұл оқушылар арасындағы келіспеушіліктердің алдын алуға ықпал етеді.

Екіншіден, еңбек дауларын құқықтық шеңбер аясында реттеу мақсатында әлеуметтік салаға жататын бюджеттік мекемелердің, (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет) ірі кәсіпорындар мен мекемелердің кәсіподақ ұйымдарында медиация кабинеттерін ашып, медиатор ұстауды ұсынамын. Жауапты медиатор маман ұжымдағы қолайлы психологиялық ахуалдың қалыптасуына әсер етеді.

Үшіншіден, мемлекеттік-әлеуметтік саясатты тиімді іске асыру бағытында «Жұмыспен қамту орталықтарында» медиация кабинеттерінің ашылғаны жөн. Тұрғындар көтерген даулы мәселелер бойынша кәсіби медиаторлар көмек ұсынып, бірқатар проблемалар айқындалар еді.

Медиация қоғамда ерекше маңызға ие, өйткені, кез келген адам өмірінде бір рет те болса түрлі қолайсыз жағдайларға тап болып қалып жатады. Ал, оларды сотқа жеткізбей, медиаторлар арқылы шешу өте тиімді әдіс. Дауласқан тараптар медиаторлар көмегіне жүгіне отырып, материалдық және моральдық шығындарға ұшырамайды. Сонымен қатар, араздық туындағанда қалыпты қарым-қатынасты сақтап қалуға септігі тиеді. Бұл да маңызды дүние. Ең бастысы, медиация тараптардың ұстанымдарымен емес, олардың мүддесімен бейтарап бола отырып жұмыс істейді және арадағы татулықты сақтап қалуға бар күшін салады. Ал, татулық, түсіністік пен бітім болған жерде береке бар.

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз