БАЛАЛАР СПОРТЫ – БОЛАШАҒЫМЫЗ
Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын биылғы Жолдауында айтып өткендей, өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аударған дұрыс. Балалардың спортпен етене болып өсуі келешекте дені сау ұлттың қалыптасуына ықпал етеді.
Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.
Мен өзім көпбалалы анамын. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктердің бәрін алып отырмын. Кәсіпке деген адалдық адам баласын әрдайым шабыттандырады. Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бере жүріп, дені сау ұрпақтың қалыптасуына өз септігімді тигізіп жүрмін. Президентіміз айтқандай, еліміздегі спорт кешендерінің есігі балаларға, жастарға әрқашан ашық болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту туралы меже қойған-ды. Шүкір деп айтайық, жер-жерлерде спорт ареналары, алаңшалар ашылып, елдің бұқаралық спортқа деген көзқарасы өзгерді. Қазір әрбір ауылда кем дегенде 2-3 футбол алаңы бар. Қалалардағы әрбір аулада дене шынықтыру алаңдары салынған. Осының арқасында Елбасы қойған межеге жетіп қалдық.
Десе де, қолжеткен табыстарға тоқмейілсіген жарамас. Бұқаралық спортты өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет. Спорт – елдің атын шығаратын сала. Мемлекеттің имиджін оңынан қалыптастыратын, көк туын биікте желбірететін ұландардың көп болғанын қаласақ, жоғарыда аталған мәселелер шешімін табуы тиіс.
Салтанат СҮЛЕЙМЕНОВА, Б.Омаров атындағы №50 жалпы орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Нұрлы жол елді мекені, Сарыағаш ауданы.