Үш ұпай алдық, үш ұпай бердік...

2018 жылдан бастап УЕФА қауымдастығына кіретін құрамалар арасында Ұлттар лигасы атты жаңа турнир бастау алды. Жолдастық кездесулердің орнын алмастыру үшін ұйымдастырылған турнирге Қазақстан құрамасы да қатысады. Былтыр D лигасында өнер көрсеткен біздің құрама, биыл жарысты С лигасында бастады.

Ұлттық құрамалардың деңгейіне байланысты 4 лига жасақталған. Әрбір құрама өзімен деңгейлес, рейтингте көршілес командалармен ойын өткізіп, жоғары лигаға шығуға таласады. Жеребе бір топқа Қазақстан, Албания, Беларусь, Литва құрамаларын жұптаған еді. Михал Билек баптайтын біздің құрама алғашқы ойынын Балтық жағалауында өткізді. Литвамен болған ойынның небәрі 3-минутында Бахтиер Зайнутдинов есеп ашқан. Бауыржан Исламхан берген пасқа басын қоя салған Зайнутдинов Литва қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырып, құрамасын алға шығарған. Одан кейін ойын алма-кезек шабуылдармен өтті. Біздің өкінішімізге қарай, құраманың үздік ойыншысы Зайнутдинов жарақат алып, Билек бапкердің ойыншы алмастыруына тура келді.

Екінші таймда ойынды өз қолына алған Литва құрамасы үсті-үстіне шабуыл жасап, Покатилов қорғаған қақпадан саңылау табуға тырысты. Ойынның аяқталуына 10 минуттай уақыт қалғанда тыңнан қосылған Исламбек Қуат Литва қақпасының тоғыздығын дәл көздеп, есепті еселеді. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ, 2:0 есебімен біздің жігіттер Ұлттар лигасының осы маусымындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, үш ұпайды қанжығаға байлаған. Біздің топтағы екінші ойында Албания құрамасы сырт алаңда Беларусь құрамасын дәл осындай есеппен ұтып, Қазақстанмен бірге көш бастады.

Ал, 8 қыркүйек күні біздің құрама Алматыда Беларусь құрамасын қабылдады. Алматыға бірі Вильнюстан, бірі Минскіден ұшып келген командалар бірінші таймда сылбыр ойын көрсетті. Екінші таймда алғаш болып ес жиған Беларусь құрамасы ұрымтал сәттердің бірінде гол соғып кетті. Екі қорғаушыны қапы қалдырған «БАТЭ» ойыншысы Стасевич алыс бұрышта тұрған Бордачевтің басына допты дәл тастады. Талдықорғандық «Жетісудың» легионері мүлт кеткен жоқ, қонақтар алға шықты. Қақпаларына гол жіберіп алғаннан кейін ғана ес жиған біздің жігіттердің шабуылына жан біте бастады. Сондай шабуылдардың бірінде Вороговский алыстан шірене тартқан-ды. Қақпашы допты қайтарғанымен, оған бұрын жеткен Абат Айымбетов есепті теңестіріп кетті. Одан кейін гол соғуға екі құраманың да құлқы болған жоқ. Тең нәтижені сақтап қалғысы келді ме, әйтеуір ойын басындағыдай сылбыр ойынға қайта көшті. Есеп 1:1 болып аяқталар ма еді, егер Ғафуржан Сүйінбаевтың қателігі болмағанда. Ауттан допты ойынға қосамын деп, қарсыластың шабуылшысына допты бере салды. Лисакович мұндайды мүлт жіберсін бе, Покатиловты алдап өтіп, асықпай барып, допты қақпаға енгізе салды. Футболды енді бастаған бүлдіршіндер жіберетін қатені жасаған Ғафуржанның арқасында Беларусь құрамасы 3 ұпай иеленіп кетті.

Жалпы, Беларусь құрамасын біздің команда ешқашан ұтпаған екен. Осыған дейін қос құрама жасыл алаңда 3 рет кездескен. 2 рет Беларусь құрамасы ірі есеппен ұтса, бір ойын тең аяқталған. Ал, Қазақстан құрамасы Алматыдағы орталық стадионда жеңіске жетпегелі 12 жыл болыпты. Соңғы рет бұл стадионда біздің құрамадан 2008 жылы Андорра құрамасы жеңіліп қайтқан.

Беларусь құрамасын сырт алаңда ұтып кеткен Албания құрамасын топтың фавориті санап қойғанбыз. Алайда, олар өз үйінде Литва құрамасына ұтылып, жанкүйерлерінің алдында жерге қарады. Қазір топтағы 4 командада 3 ұпайдан бар. Қосымша көрсеткіштер бойынша Қазақстан құрамасы топ бастап тұр. Келесі ойынын біздің құрама қазан айында Албания құрамасымен өткізеді.

 

Турнир кестесі:

      Ойындар    Голдар       Ұпай

1. Қазақстан        2       3-2    3

2. Албания 2       2-1    3

3. Беларусь 2       2-3    3

4. Литва     2       1-2    3

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз