Әбілдә Тәжібаевтан бата алған

Бүгінде алпыстың асуына шығып отырған ақын, қоғам қайраткері, қазақ тілінде жазылған тұңғыш заңның авторы, Ордабасы, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Әкім Ысқақ бұрынғы Шымкент педагогика институтының (қазіргі ОҚМПУ) 1982 жылғы түлегі.

Ордабасы ауданы Бөржар ауылының тумасы 1977 жылы туған ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, арман қуып М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтына келеді. Балаларға арналған «Котлет» атты тұңғыш сықақ әңгімесі сол жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басылған жастың таңдаған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына талапкер көп болып, құжаттарын физика және еңбек пәнінің мұғалімдігіне тапсырады.

Әкім Ысқақтың студенттік жылдары, ұстаздары мен курстастары туралы жазылған жып-жылы естеліктері мен әңгімелері бізге де ыстық. Себебі, онда біздің тарихымыз бар. ОҚМПУ-дың 80 жылдық мерейтойына арнап жазылған естелігінде Әкім аға сол кездегі институт ректоры Мырзахан Сәрсенбаев, бірінші проректор Әнуар Ысмайылов, проректор Келес Дүйсенбаев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Оңалбай Аяшев, факультет декандары Ұлан Байтасов, Өтелбай Нұрбаев, Исақ Кәдеев, Әмір Мұсақұлов, Қошқар Оразов, Керімбек Сыздықов, оқытушылар Абдулла Арипов, Федор Павликов, София Рябова, Валентина Цуканова, Нұрмахан Абдрахманов, Шәріп Серікбаев, Валентина Михеева, Людмила Жилякова, Валерий Николаев, Иманәлі Анарбеков, Сұлтан Құлтаев, Анарбек Тағаев, Мәлік Қалдыбаев, Құдайберген Маханов, Анатолий Михеев, Тамара Грызынова, Раиса Галина, Александр Яцухиндердің кісілік келбеттерін ұстаздық ұлағатты істері арқылы бейнелеп, жан тебірентерлік етіп баяндаған.

Әуел баста қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған жастың арманы журналист болу еді. Сегізінші сынып оқып жүргенінде дүниеден өткен, ептеп өлең шығаратын, газеттерге мақалалар жариялап, педагогтық өсиеттер жазатын атасының мұраға қалдырған жеті дәптері Әкім Ысқақтың жазуға деген құштарлығын оятады. Ата өсиетін орындау «жазушы болсам» деген арманға алып келеді. Сол арманына адалдығын жоғалтпаған Әкім Ысқақ бірінші курстан бастап студент жолдастарының атын көрсетіп мақала, хабар жазып, бес жыл бойы Шымкент педагогикалық институтының жарқын істерін облыстық, республикалық баспасөзде жалықпай насихаттайды. Оның материалдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде жарық көреді.

Әкім Ысқақты ақын ретінде танытып, 1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінде дипломант атандырған «Бір физиктің махаббаты» өлеңі еді. Осы өлеңді тыңдаған ақиық ақын Әбілдә Тәжібаев батасын беріп, ақ жол тілеген екен. Ақынның алғашқы жыр жинағы да осылай аталады.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Әкім Ысқақ 1980 жылы өзі білім алған Абай атындағы орта мектептің мұғалімі, 1990 жылы Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, осы жылдың шілде айынан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, 1991 жылдың желтоқсан айынан халық депутаттары Шымкент облыстық Кеңесінің баспасөз хатшысы, 1992 жылдың наурыз айынан Ордабасы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 1995 жылы желтоқсанда Ордабасы сайлау округінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланады. 1999 жылдан бері Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Парламентінің жауапты қызметкері, тағы басқа қызметтерді қоса атқара жүріп, қолынан қаламы түспей, елуге жуық ән мен отызға тарта кітаптың авторы атанды.

1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, 1989 жылы Самарқанда өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, 1992 жылы Шымкент облыстық С.Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, 1997 жылы «Жыл адамы» атанады.

Алматы мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын алып шыққан Әкім Ысқақ 2008 жылы Германияның Шпайер қаласындағы Әкімшілік ғылымдар жөніндегі университетте мемлекеттік қызметкерлердің курсын бітіреді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты кезінде тұңғыш қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қон туралы» Заңының авторы ретінде ел есінде қалды.

Балаларға арналған өлеңдерінің мектеп оқулықтарына енгізілуі, «Жүректегі жазулар» мен «Адам іздеп жүрмін» деген күнделік эсселерінің, «Алтыным» қаратпа сөздерінің «Өзін-өзі тану» пәніне оқулық ретінде пайдаланылуы Әкім Ысқақ шығармашылығының ерекшелігін айқындаса керек. Бұл кітаптарда күнделікті күйбең тіршілікте кездесіп жататын адами қасиеттер, әртүрлі мінез-құлық, адами құндылықтар баяндалады. Сонымен бірге сазгерлік өнері де бар Ә.Ысқақтың Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені» әні патриоттық рухты көтерсе, өмір сырын жырлаған «Көңіл қымбат» әні көпшілікке кеңінен танылған, ел сүйіп тыңдайтын әнге айналған. Ал, «Соңғы вальс» әні мектеп түлектерінің соңғы қоңырау кешінде тұрақты айтылып келеді.

Әкім Ысқақтың еңбегі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тіл жанашыры», Ы. Алтынсарин және т.б. медальдармен марапатталған. Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің иесі. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, мәдениет қайраткері.

«Қарлығаш», «Бір физиктің махаббаты», «Айтшы, өмір», «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлымын», «Жан жаңбыры», «Біздің Бапақ» сынды өлеңдер жинағы мен «Үш жүздің басын қосқан Ордабасым» тарихи-танымдық кітаптың, «Адам іздеп жүрмін», «Жүректегі жазулар», «Бек» эсселер жинағының, «Ой-шырағдан», «Алтыным» афоризмдерінің, «Желтоқсан құрбандарын жоқтау» ұжымдық жинағының, «Ақсауытты Ақтамберді» ғылыми-зерттеу кітабының, «Бақыт жолы» әндер жинағының авторы.

Бүгінде өзі білім алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық уни-верситетінде Әкім Ысқақ атындағы арнайы дәрісхана ашылған. Онда қойылған стендтерде қаламгердің өмірбаяны, шығар-машылығы туралы материалдар берілген.

«Алпыс – тал түс» дейді халқымыз. «Жазарыңыз көбейіп, оқырмандарды жақсы-жақсы дүниелермен қуанта беріңіз» демекпіз мерейтой иесіне.

Баршагүл ИСАБЕК, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

 

 

Пікір қалдырыңыз