Жолдау жаңа белеске көтереді

Халықпен әрдайым ашық диалогқа баратынын, қандай жағдай болса да жасырып қалмайтынын анық айтты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған Жолдауын тыңдап отырып, бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне тағы көз жеткіздім. Президентіміз ел ішінде болып жатқан түрлі жағдайлардың ағын ақ, қарасын қара етіп ажыратып берді. Халықпен әрдайым ашық диалогқа баратынын, қандай жағдай болса да жасырып қалмайтынын анық айтты. Мемлекет басшысы әлемді шарпыған пандемияның басқа мемлекеттер секілді бізге де үлкен сынақ болғанын айта келе,  үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білгенін, қиын сәтте бірлік пен татулықтың аса маңызды болғанын сездіріп өтті. Жалпы елдің билігін ұстап отырған басшы халқымен арасын ашық ұстаса демократияның жедел дамып, сенім мен құрметтің бел алары белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қажым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі Жолдауы көптеген жақсы ойдың түрткісі болды.

Президент жолдауы аукымды және нактылығымен ерекшеленіп тұр. Бұнда мемлекеттің әлеуметтік экономикалык ахуалынан бастап, баска да органдар салаларының дамуына байланысты тиісті бағыттар көрсетілді. Мысалы, мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құру туралы шешімі  өте орынды. Бұл агенттікке жүктелер жауапкершілік ауқымды әрі қажеттілігі жоғары.  Ал, ауыл әкімдерін сайлау, оларға қолдау көрсету, қаржыландыру мен басқару еркіндігін беру оңтайлы болмақ.  Халық өз әкімін өзі сайлап алса іс алға басар еді. Сонымен бірге, жергілікті мәслихаттың ролін арттыру арқылы халықты саяси реформаға тарту мүмкіндігі жоғарылайды. Яғни, саяси реформа жергілікті жерден бастау алатын болады. Бұл Жолдау халықтың игілігі үшін атқарылатын жұмыстарды жаңа белеске көтереді. 


Жеңісбек Мауленқұлов. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы

Пікір қалдырыңыз