ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ ТЫНЫШТЫҚ БАР

Еліміздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрақтылық әрбір тұрғынның өмірі үшін өте маңызды.

Еліміздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрақтылық әрбір тұрғынның өмірі үшін өте маңызды. Себебі, қоғамның тыныштығы арқылы елдегі әр азаматтың құқығын қорғалып, бостандығы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте біздегі ахуалды көп елдерден көш ілгері деп бағалауға болады. Дегенмен, мәселе де шаш-етектен.


Күздің алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, еліміздегі қадау-қадау мәселелерді алға тартты. Соның ішінде шенеуніктер санын 25 пайызға қысқарту, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау, дәрігерлердің жалақысын арттыру, пандемияны толықтай жеңу, агроөнеркәсіпті дамыту, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану, бала сүйе алмай жүрген отбасыларға арналған "Аңсаған сәби" эко бағдарламасын жандандыру, стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру, министрліктердегі жауапты хатшыларды қысқарту сынды мәселелерге айрықша тоқталып өтті.


Сондай-ақ, Президент Төтенше жағдайлар министрлігін құруды ұсынып, учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру және жемқорлық фактілерімен қолға түскендерге қолданылатын жазаларды қатаңдатуды жүктеді. Осы аталған жұмыстарды жүйелі жүргізу арқылы еліміздің дамуына қадам басамыз деп ойлаймын. 


Өйткені, соңғы жылдары Қазақстанда орын алған төтенше жағдайлар біраз адамды есеңгіретіп өткен анық. Ал, ондай апаттармен шұғыл жұмыс істеу және алдын алу кез келген тұрғын үшін тиімді болар еді. Бұл орайда тәртіп сақшыларының мәртебесін көтеріп, нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беру 100-ден астам ұлт өкілдері өмір сүретін қоғамдағы тыныштық пен татулықты сақтаудың оңтайлы шешімі. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің біріне айналған сыбайлас жемқорлыққа тұсау салу арқылы беделімізді өсіріп, құқықбұзушылық фактілерін өшіруге мол мүмкіндік болады.

 

Жандос КҮЛДЕРБАЕВ,


Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары.

Пікір қалдырыңыз