ЖАҢА ПЛАТФОРМА БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ


Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс жағдайында атқарылатын жұмыстарға тоқталып, төрт ай бойы қалыпты өмірді тағатсыздана тосқан халықтың көкейіндегі сауалдарға  жауап берді.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де  коронавирус індетінің салдарынан қашықтан оқуға көшті. Жасыратыны жоқ, Президент айтқандай, бұл білім берудің тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертті. Алайда, мен қызмет ететін оқу орны бұрыннан қашықтан білім беруге дағдыланған. ZOOM-мен дәріс беріп, студенттермен тығыз байланыс орната алдық. Алайда, шалғай ауылдардағы студенттер аудан орталығына келуге мәжбүр болды. Осындай кезде Президенттің толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсыруы осы түйткілдердің түйінін тарқатары сөзсіз. Платформаның әзірленуі білім беру сапасын жетілдіре түседі.  
Президенттің: «Алдымызда күрделі әрі ауқымды міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз айқын, түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек», - деген сөзі әрқайсысымызға ой салды деген ойдамын. Шынында да, заман талабына сай тұлғаға айналу, әсіресе жастардың, заманның көшіне ілесіп, цифрлық жүйеге бейімделіп өсуі ел ертеңінің дамуына әсер етеді. Сондықтан бүгінгі жастардың осындай алмағайып заманда да сапалы білім алып, саналы болуы үшін мемлекеттің жанталасуы, жағдай жасауы, мүмкіндіктерді пайдалануы, соның бәріне дер кезінде кірісуі мені оқытушы, ата-ана және қоғамның бір мүшесі ретінде қатты қуантты.
Тельман БЕЙСЕНОВ, 
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ақпарат орталығының басшысы, магистр-оқытушы.
Пікір қалдырыңыз