Шатырға шығып кеткен тұрғынды құтқарып қалды

Түркістан облысының полицейлері мектептің шатырына шығып кеткен тұрғынды дер кезінде түсіріп, аман алып қалды.

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғындардан Сарыағаш қаласында орналасқан мектептің бірінің шатырына белгісіз азаматтың шығып алып, түспей жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен Сарыағаш АПБ ЖПҚ-нің учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Мұрат Төлегенов пен полиция капитаны Қуаныш Серікбаев оқиға орын алған жерге жетеді.

Жедел жеткен полицейлер тұрғынды қауіпсіз жерге түсірудің жолдарын қарастырған. Оның ішінде полиция капитаны Мұрат Төлегенов жылдам әрекет етіп, мектептің шатырына шығады. Осылайша Мұрат ер азаматтың қарсылық танытқанына қарамастан, оны аман-есен төменге түсірген.

Тергеу барысында анықталғандай, туыс ағалары оны емге алып бара жатқан. Осы сәтте 34 жастағы ер адам, ағаларына бағынбай көліктен шығып, қаша жөнелген. Содан бірінші үйдің шатырына мініп, одан кейін оның жанындағы мектептің шатырына шыққаны белгілі болады.

Пікір қалдырыңыз