Жылыту маусымына дайындық қалай?

Түркістан қаласында осы уақытқа дейін қатты отынмен жұмыс істеп келген 40 Гкал қуаттылықтағы қазандықты табиғи газға ауыстыру жұмыстары аяқталуға таяу. Қазір монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 1 қазанға дейін қазандық пайдалануға беріледі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде 2020-2021 жылдардың жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жылыту маусымына дейін Түркістан қаласының «Отырар» шағынауданындағы №2 қазандықты кеңейту және әкімшілік іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерге жылу беретін 5 жеке қазандық орнатып, жылу жүйелерін жүргізу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, тұрғындар арасында шаһарда тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды табиғи газға көшірудің тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

 Ал, облыс бойынша қазір аудан, қала халқына жылу жеткізетін 35 қазандықтың 23-і қысқа сақадай-сай. Қалғандарында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өңірде 1522 көпқабатты үй болса, оның 586-сына орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі орнатылған. Тұрғын үйлердің 80 пайызға жуығы қысқа дайын. 2623 бюджеттік мекеменің 2214-і жылыту маусымына толық әзірленген. Бірінші кезекте облыс көлеміндегі әлеуметтік нысандардың дайындығын қамтамасыз ету, қатты және сұйық отынның бағасын өсірмей өз мерзімінде тасымалдануын қадағалау көзделіп отыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз