Көшбасшылар ашық бәсекеде анықталады

Ел тарихында биыл алғаш рет дамыған мемлекеттер тәжірибесімен праймериз өткізу қолға алынды. Яғни «Nur Otan» партиясы жаңа бастама арқылы партия ішіндегі көшбасшыларды анықтайды.

Тың жобаның жүзеге асу барысы бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен сұхбаттастық.

– Бейсенбай Дәулетұлы, праймеризге құжат қабылдау 17 тамыздан басталды. Жалпы, ашық форматтағы іріктеу елімізде алғаш рет өтпек. Тек партия мүшелері ғана емес, жалпы қоғам жаңа жобаның әрбір сәтін жіті қадағалап отыр. Көпшілікті алдағы жұмыс барысымен таныстырып өтсеңіз?

– Праймериз – қазіргі демократиялық қоғам талаптарының принциптеріне сай жасалған жаңа форматтағы қадам. Жоба Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен және нақты тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Бүгінгі күнге дейін оның мәнін ел ішінде насихаттап, бағыт-бағдарын түсіндірдік. Енді нақты жұмыс кезеңіне көштік.

Жалпы, праймериз – бұл партия мүшелерінің арасынан лидерлерді анықтау. «Nur Otan» партиясы халық арасында беделді, көпшілік жақсы танитын, құрметке бөленген, партиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді анықтап, оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынады. Праймериз кезінде сайлаушылардың қолдауын иеленген тұлғалардан тұратын халық қалаулыларына елдің сенімі де жоғары болады.

Партияның облыстық және аудандық, қалалық филиалдары Түркістан облысында праймеризді тиісті деңгейде өткізу мақсатында біршама жұмыстар атқарды.Дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 209 орын белгіленді. Үміткерлерді тіркеу, саяси додаға қатыстыру жұмыстары пысықталды.

Жоспарға сәйкес, тізімде жастар, көп балалы аналар, қандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, партия жақтастары бар. Сондай-ақ, ақпарат саласының өкілдері, қоғам белсенділері де қамтылған. 

17 тамыздан бастап аудандық, қалалық филиалдарда үміткерлерден құжат қабылдау басталды. Тіркеу 28 тамызға дейін жалғасады.

7 қыркүйек пен 3 қазан аралығы үгіт-насихат жүргізу уақыты болып белгіленген. Ал, 1 қазан күні сағат 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін онлайн түрде дауыс берілсе, 3 қазанда  дәстүрлі бюллетеньмен дауыс беру өтеді. Елдегі коронавирусқа қатысты ахуалға байланысты біз тіркеуді, дауыс беруді негізінен онлайн режимінде ұйымдастырып отырмыз.

– «Nur Otan» партиясына мүшелікке өтпеген азаматтар  праймеризге қатыса ала ма?

– Иә, әрине. Праймеризге Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын кез келген тұрғынның қатысуына толық мүмкіндігі бар. Партия мүшесі болмаса да шектеу жоқ. Дегенмен, 3 қазан күні дауыс беру басталғанға дейін ол азамат партия мүшесі болып тіркелуі керек. Себебі, мәслихаттар және Мәжіліс кандидаттарына қойылатын талаптар бар. «Nur Otan» партиясы тарапынан ұсынылатын үміткер болғандықтан, сол талаптарға сай болу керек.

Жалпы, праймеризге қатысатын азаматтарға қойылатын талаптарға тоқталайын. Біріншіден, «Nur Otan» партиясына мүшелікке өтуі тиіс. Жасы 20-дан асқан, ҚР азаматы болуы керек. Сотталған тұрғындар, оның ішінде жазасы өтелгендері де іріктеуге жіберілмейді. Партияның беделін түсіру немесе партия мүддесіне нұқсан келтіру әрекеті үшін партия қатарынан шығарылған адамдар да қатыстырылмайды. Қатысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркеледі. Тіркеуден primaries.kz сілтемесі арқылы немесе Google Play және App Store-дан жүктеп алуға қолжетімді «Primaries» мобильді қосымшасы арқылы өтуге болады. Өзінің онлайн өтінімін растау үшін үміткер аумақтық ұйымдастыру комитетіне жеке өзі келуі тиіс. Сондай-ақ, өтінімді аудандық, қалалық және облыстық партия филиалы (ұйымдастыру комитеті) мекенжайы бойынша жеке ұсынуға болады.

– Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәртібі қандай? Жалпы, үгіт-насихатқа қандай талаптар қойылып отыр?

– Қазіргі кезеңде бұрынғыдай халықты жинап алып, сағаттап жиналыс өткізуге болмайды. Ондай бос шаралардан бас тарту керектігін бүгінгі кезеңнің өзі дәлелдеп берді. Мұның барлығы ең қымбат уақытты бағалай отырып, жұмысты заманауи үлгіге көшіруге жетелейді. Біз мұны міндетті түрде праймериз барысында ескеріп отырмыз.

Іс-шаралардың басым бөлігі карантин талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Халықпен кездесулер мен дебаттардың көпшілігі онлайн өткізіледі. Әр кездесу әлеуметтік желілерден көрсетіледі. Халық сұрақ қойып, ұсынысын білдіре алады. Тіпті, сұрақтарды алдын ала да беруге болады.

Мәселен, бір ауданда облыстық мәслихатқа 10 үміткер қатысатын болса, барлығы бірдей елдің алдына шығып, өзара пікірсайысқа түседі. Ортақ мәселелерді айтып, бір-бірінің деңгейін, мәдениетін, біліктілігін ашық көрсетуге мүмкіндіктері бар.

Үгіт-насихат кезінде әр кандидат төл кәсіби қызметіне қарай жалпы мемлекеттегі ғана емес, нақты бір елді мекендегі проблемаларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын қорғауы тиіс.

Осы арқылы үміткерлердің елдің алдында сөйлей білу қабілеті, әрі елді сөзіне ұйытып, артына ерте білу қабілеті анықталмақ. Жалпы шынайы, халыққа жақын, жанашыр, азаматтардан алдағы болатын депутаттар корпусына үміткер ұсынуды көздеп отырмыз.

Ал, шағымданушылар үшін партиялық бақылау комиссиялары жұмыс істейді.

«Nur Otan» партиясы кездесу, дебат өткізу алаңдарын дайындайды. Материалдық-техникалық базамен қамтып, безендіру жұмыстарына көмек береді. Ал жекелеген үміткерлер өз есебінен үгіт-насихатпен айналыса алады. Бірақ, барлығы белгіленген ережеге сай болуы қажет. Оларды меморгандардың немесе шетелдіктердің қаржыландыруына жол берілмейді.«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Біздің басты мақсатымыз – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау» деп бізге нақты міндеттер жүктеді. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші деп жатамыз. Дегенмен, бұған дейінгі сайлауларда мандатқа ие болған жастардың үлесі аз болды? Праймериз бойынша жастарға қарастырылып отырған мүмкіндіктер бар ма?

– Жалпы, праймериз жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік деп білемін. Егер жеңімпаз жастар саны 20 пайызға жетпей тұрса, біз жастар арасында бөлек дауыс беру процесін жүргіземіз. Соның ішінде ең жоғары дауыс алған жастарды бөліп алып, негізгі үміткерлер ретінде танимыз.

Бұған дейін елімізде жеке мандаттық сайлау процесі жүрген болатын. Жасыратыны жоқ, мандатқа ие болу жолында кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол болды. Яғни олар ұйымдастыру жұмыстарына көптеген күш жұмсай алатын. Ал, кәсіпті, қызметті жаңадан бастап жүрген жастардың қанша қабілеті, таланты болса да көп жағдайда қалталы азаматтармен бәсекелесуге мүмкіндігі болмады. Праймериз осы олқылықтың орнын толтыртып тұр.

Алдағы уақытта 35 жасқа дейінгі жастар ішінен талантты, білімді де іскер, беделді, таным-түсінігі заман ағымына сай жаңа буын қалыптасып, жарқын бағытқа жол бастайды деп сенеміз. Сонымен бірге кадрлық резервте әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмайды. Бұл – ханымдар үшін  үлкен мүмкіндік.

Жалпы, біздің облысымызда тұратын 2 миллион тұрғынның 500 мыңнан астамы – жастар. Әлеуметтік желіде, халықтың арасында болсын, жастар атқарушы билік пен сайланбалы органдарға ренішін білдіріп жатады. «Басшылар жастардың проблемасын білмейді, көтермейді» деген мәселелерді көбірек айтады. Сондықтан «Nur Otan» партиясы жастарға депутаттық мандатты бере отырып, проблемаларды жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп шешу жолын ұсынып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Бұл саяси қадам да осы тапсырманы орындауға серпін береді деген ойдамын. Халықтың мұңы мен мұқтажын сол қарапайым халықтың арасынан шыққан патриоттар айтады. Шешу жолын ұсынады.

– Ал, бүгінге дейін мәслихат мінберінде жүрген азаматтардың жағдайы қалай болмақ? Олар да іріктеуден өте ме?

– Мәслихатта халықтың ортасында беделі, абыройы бар жандар көп. Дегенмен, олар да праймеризге қатысатын болады. Яғни көшбасшыны анықтаудың әділ жолы – праймериз. Халық таңдауы ашық. Ел кімге дауыс береді, сол алғашқы орынды иеленеді. Алда болатын депутаттық сайлау барысында партия атынан негізгі үміткер болып тек жоғары ұпай жинаған азаматтар ұсынылады.

– Дауыс беру қалай жүзеге асады?

– «Nur Otan» партиясының ішкі іріктеуі болғандықтан, дауыс беруге тек «нұротандық» партияластар ғана қатысады. Біздің Түркістан облысында  80 000-нан астам партия мүшесі бар. 245 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Негізгі жұмысты осы бастауыш партия ұйымдары арқылы жүргіземіз. Дауыс беру процесі 209 учаскеде өтеді. Оның 179-да онлайн дауыс беру қолданылса, қалған 30 учаскеде қағаз бюллетеньдер қолданылады.

– Иә, алда еліміздің саяси жүйесінде тұңғыш рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатын болады. Жалпы, бұл жоба қай елдердің тәжірибесінде көп қолданылуда?

– Алғаш рет праймериз XIX ғасырдың қырқыншы жылдарында АҚШ-та сынақтан өткізілген. Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Латын Америкасының біраз мемлекеті осы жүйені қолданады. Франция, Италия, Ресей, Аргентина, Уругвай мемлекеттерінде ашық праймериз өткізіледі. Оған барлық сайлаушылар қатысады. Канада, Германия, Түркия және Ирландияда жабық праймериз өтеді. Яғни тек партия мүшелері дауыс беріп, партия көшбасшыларын анықтайды. Қазақстан осы бағытты таңдап, биыл қолданысқа енгізіп отыр. Ол игі бастаманы алғаш рет «Nur Otan» партиясы қолға алды.

Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы  партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында: «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын. Қоғам да осы саяси қадамнан үлкен үміт күтіп отыр. Түркістан облысы жұртшылығын осы праймеризге атсалысуға шақырамын.

       – Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қайрат Зайнишев,

«Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз