«Биылғы жылдың да берері аз емес»

Иә, әр жылдың өзіне сай несібесі болады. Биылғы төрт-бес айдан бері жалғасып келе жатқан карантиндік жүйе көптеген адамдарға бел шешіп жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы да бұл індеттің зардабын аз тартқан жоқ. Көктемгі науқанда дала жұмыстарын атқаруға қол күші жетіспей, одан қалса дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік болмай, шаруалар біршама қиналыңқырып қалғаны рас. Бірақ, бір қуанарлығы, қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де диқан-шаруалар мойымай, алға қарай ұмтыла білгенінің арқасында біраз жетістіктерге жетіп отыр.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың да берері аз емес. Жарты жылды қорытындылаған басқарма әр сала бойынша алынған өнімдердің көлемін екшеп, нәтижесін жариялады. «Егін шаруашылығы бойынша айтар болсақ, биыл 825,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, мал азықтық дақылдарға көбірек көңіл бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10,0 мың гектарға артып, 211,1 мың гектарға орналастырылды. Басқа дақылдар, атап айтсақ, масақты дәнді дақылдар 231,0 мың гектар, оның ішінде: бидай – 185,2 мың, арпа – 45,9 мың гектарға, дәндік жүгері – 43,5 мың, мақсары – 85,5 мың, мақта – 127,3 мың, көкөніс – 39,4 мың, бақша – 63,4 мың, картоп 14,6 мың гектарға егілді.

Биыл алғаш рет арамшөптермен қатар, өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 477 млн. теңге бөлініп, 343 түрлі пестицид құнының 50%-ы субсидияланатын болады. Қазіргі таңда агроқұрылымдардан өтінім қабылданып жатыр.

Агроқұрылымдарға сатып алған тұқымның құнын арзандатуға 706,1 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күнге 722 агроқұрылымнан 215 млн. теңге өтінім түсіп, субсидия төлеу басталды.

Үкіметтің қолдауымен көктемгі дала жұмыстарын несиелендіруге «Кең дала» бағдарламасы арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-бен 4,5 млрд. теңге несие бөлініп, 1332 жоба қаржыландырылды.

Жоғарыда аталған қолдаудың нәтижесінде елімізде қабылданған төтенше жағдайға, карантиндік шараларға қарамастан өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Алдын-ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 231,1 мың гектар масақты дақылдардың әр гектарынан орташа 21 центнерден жалпы 478 мың тонна өнім алу көзделуде. Сонымен қатар, биыл 1,5 жылдық мал азықтық дақылдарын жинау жоспарланып отыр. Жоспар 3,7 млн. тонна болса, бүгінде оның 2,9 млн. тоннасы жиналды.

Мал басының көбеюіне байланысты жем-шөп қорына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Нәтижесінде, нарықта жем-шөптің бағасы да артып, мал азықтық дақылдар еккен 17740 агроқұрылымның да табысы арта түспек.

Облыстың табиғи климаттық ерекшелігіне орай ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды жүргізілуде. Алдын-ала жасалынған есеп бойынша биыл 2,8 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналмақ. Бүгінгі күнге оның 1,8 млн. тоннасы жиналды.

Облыста өндірілетін бақша өнімдері облыс халқының қажеттілігінен 34,4 есе, ел халқының сұранысы бойынша 3,2 есеге артық өндіріледі. Сондықтан бақша дақылы Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр. Өндірілген өнімнің 53%-ы экспортқа, 47%-ы ішкі нарықта сатылды.

Қарбыздың әр келісі ерте піскен кезеңде – 120 теңге, қазіргі таңда – 40 теңгеден, ерте піскен қауын – 225 теңге, қазіргі таңда – 70 теңгеден сатылуда. Бақша өнімдерін экспортқа сату үшін берілетін фитосанитарлық сертификаттарға байланысты кедергі болған жоқ.

Картоптан жалпы 281 мың тонна өнім жинау жоспарланған болса, бүгінде оның 213,3 мың тоннасы, көкөністен 1080,1 мың тонна жоспарланып, оның 642,2 мың тоннасы жиналды. Сондай-ақ, 46,5 мың тонна пияз, 39,2 мың тонна сәбіз жиналды. Қырыққабат дақылы 8 мың гектарға егіліп, одан 300 мың тонна өнім жиналды. Алайда, әлемдік пандемияның таралуының алғашқы кезеңінде өнім өткізу қиынға соқты. Содан біраз өнім жарамсызданып қалды.

Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, экспорттық шектеулер жойылды, өңірлер арасында байланыс орнатылды. Облыс, қала әкімдіктерімен түзілген меморандум нәтижесінде 187 мың тонна өнім ішкі нарыққа, 73 мың тонна экспортқа жөнелтілді. Өкінішке қарай, қырыққабат өндірудің орташа өзіндік құны 1 келі үшін 50 теңге болса, нарықта 15-20 теңгеден сатылды.

Осыған орай, шығынға ұшыраған тауар өндірушілердің екінші өнімін егуді қолдау үшін, ҚР Үкіметі резервінен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 пайызбен 1,6 млрд. теңге бөлді. Қазіргі таңда агроқұрылымдардан өтінімдер қабылдау басталды.

Карантинік шаралар жылыжай кешендеріне де өз әсерін тигізді. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржы ұйымдарынан алған несиелерін төлеу мерзімі бір жылға шегерілді.

Өткен алты айда жаңадан 64,7 га жылыжай салынып, оның жалпы көлемі 1 168,0 гектарды құрады. Сондай-ақ, жаңадан 2451,2 гектарға тамшылатып суару қондырғысы ендірілді.

Сардоба су қоймасындағы апаттан Мақтаарал, Жетісай аудандарында 11 елді мекенде 1031 тауар өндірушінің 5,9 мың гектар егістік алқабы зардапқа ұшырады. Қайта қалпына келтіру үшін Өзбекстан Республикасынан 43 ауыл шаруашылығы техникасы келіп, 3,4 мың гектар алқап қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Шығынға ұшыраған тауар өндірушілерге 1,2 млрд. теңге өтемақы төленді».

Біз басқарма тарапынан берілген мәліметті барынша ықшамдадық. Тек егін саласына қатыстысын ғана алып, биылғы өнім көлемі қандай екенін білдік. Өздеріңіз көріп отырғандай, нәтиже жаман емес. «Балапанды күзде санау керек» дегенді ескерер болсақ, ауа райы қарасып тұрса бұл көрсеткіштер әлі-ақ еселене түседі. Демек, басқарма басшысы айтқандай, Жер-ана беретін биылғы ырыс-несібе жаман емес.

Дайындаған Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз