Мақтаарал: 115 үйдің құрылысы толық аяқталды

Мақтаарал ауданында төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Жаңа шағынауданда 115 үйдің құрылысы толық аяқталды. Жалпы, 386 үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы қаланған. Басым бөлігінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы және өзге де маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен апталық лездемеде ортаға салынды. Мақтаарал ауданындағы құрылыс барысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев баяндама жасады.

«Жалпы, Түркістан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 9000-нан астам, ал, Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарына 4 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Барлық құрылыс нысандарында елдегі карантин талаптары қатаң сақталуда. Жұмысшылар тиісті сақтық шараларын қатаң ұстанып, жұмыс істеуде. Түркістан қаласында құрылысы тоқтаған нысандар жоқ» деді басқарма басшысы.

Мақтаарал ауданындағы құрылыс алаңдарына 29 мердігер мекеме, 1400 жұмысшы мен 87 арнайы техника жұмылдырылған. Мырзакенттегі жаңа тұрғын ауданда 1200 орынды мектеп, 280 орынды балабақша және дәрігерлік амбулатория мен полициялық участок ғимараттарының құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Фирдоуси ауылынан дәрігерлік амбулатория мен полиция бекеті, Өргебас ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункт пен полициялық бекет салынып жатыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз