Аграрлық секторды дамытуға не кедергі?

Мемлекет тарапынан ауыл шарушылығы саласын дамытуға қыруар қаржы бөлінгенімен, ішкі нарықты отандық өніммен толыққанды қамти алмай отырғанымыз өтірік емес. Оның өзіндік себептері көп. Негізгі себептердің бірі – саланы дамытуда кездесетін кедергілер. Кедергінің үлкені – ұсақ шаруашылық құрылымдары. Облысымызда жері шағын ұсақ шаруашылықтар өте көп. Олар инновациялық агротехнологияларды енгізуге, инвестиция тартуға қауқарсыз. Мұндай жағдайды еліміздің барлық өңірлерінен көруге болады. Мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолы – ұсақ шаруаларды ірілендіру. Сонымен қатар, нарықтық инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы мен саланың қаржылық тұрақсыздығы, саланы дамытуға тартылатын жеке инвестициялардың жеткіліксіздігі мен білікті кадрлардың тапшылығы да аз кедергі емес.

Қазіргі таңда алдымызда экономиканың аграрлық секторын сапалы да жаңа даму деңгейіне көтеру, сол арқылы оның бәсекеге қабілеттілігінің жоғары болуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл, әсіресе, Ресей, Беларусь елдерімен Кедендік Одаққа бірігу жағдайында, сосын Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде өзекті болып табылады. Егіншілік жүйесі бойынша облысымыздың әр аймағына тән өз ерекшеліктері бар. Оңтүстік аудандарда негізінен суармалы жерлерде мақта, бақша, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары өсірілсе, солтүстік аймақтарда тәлімі жерлерге екпе дақылдар – бидай, арпа, мақсары, суармалы танаптарда – жүгері, көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарына басымдық беріліп отыр. Әрине, бұл жағдайлардың да өзіндік артықшылықтары бар, дегенмен, проблемалы тұстары аз емес.

Мұндағы басты проблемалардың қатарына суармалы ағын сулардың жеткіліксіздігі, дренаж жүйелерінің істен шығуы кіреді. Жалпы, облыс бойынша суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлап, айналымнан шыққан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі жылдан-жылға артып барады. Сонымен қатар, машина-трактор паркінің тозуы салдарынан егістік алқаптағы топырақтың құрылымы бұзылып, құнарлылығы күрт төмендеп кетті. Егістік алқаптарда зиянкестер еселеп көбейді, оған қарсы күрес шараларын жүргізуде химиялық тәсілден гөрі биологиялық тәсілдерді қолданудың тиімділігі зор екенін айта кеткен жөн. Ал, карантиндік өсімдіктер, арамшөптердің егіс алқаптарын басып кетуі өнім шығымын 40-50 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ, шаруалар өндірген өнімдерін сатуға келгенде нарықтық қатынастарға бейімделген инфрақұрылымдардың болмауынан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша кәсіпорындар мен көкөніс қоймаларының жетіспеуінен де зардап шегуде.

Осынау жағдайларды ескере отырып ауылдағы экономикалық проблемаларды шешуде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің, агросервистік кәсіпорындардың, өңдеуші өнеркәсіптердің және сауда ұйымдарының күштерін біріктірудің маңызы зор.

 

Ауылдық тұтыну кооперативтерін (АТК) дамыту қажет

Халықаралық тәжірибеге сай ауыл шаруашылығындағы көлеңкелі экономиканың мәселелерін шешу ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту болып табылады. Бұл жеке қосалқы, шаруа және фермерлік шаруашылықтарды, сондай-ақ заңды тұлғаларды аграрлық кооперативке біріктіріп, кооперативтер арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ынтымақтастығын құруға негіз болмақ.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны қайта өңдеу өнімдерін алып, машина-трактор паркінің қызметтерін пайдаланып, өзіндік құнымен кооперативте өз өнімін қайта өңдеу мүмкіншілігіне ие болады. Сонымен қатар, бірігу есебінен кооператив мүшелері өз табыстарын тауарлардың ірі топтамасы мен ұзақ мерзімді жеткізулерге қатысу арқылы ұлғайта алады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің қызметін кеңейтіп, олардың азық-түлікті өндірудегі жауапкершіліктерін күшейту керек. Олардың қызметінің нәтижелері ауылдық жерде қанша шаруа қожалығы, кооперативтер құрылып, қанша жұмыс орындары ашылғаны және қандай көлемде шикізат өнімдері өндіріліп, олардың қаншасы өңдеуден өтіп, тұтынушыларға ұсы-нылғанымен бағалануы тиіс.

 

Мал шаруашылығы саласы бойынша

Мал шаруашылығын дамытуда төрт кедергі бар. Олар – өнімділігі аз мал тұқымдарының өсірілуі, мал азығының аз дайындалуы, мал дәрігерлік жұмыстары денгейінің төмендігі және шаруашылықтардың ұсақталып кетуі.

Жергілікті малдың геномдық тұқымын жақсартып, асылдандыру қажет. Басқа елдерден мал тасымалдау шығынды көп қажет етеді, сонымен бірге келген малдың жерсінуі қиын болады. Асыл тұқымды мал ұстаудың тиімділігі де, пайдасы да мол. Шығынды көп қажет етпейтін шетелдік, отандық аса құнды аталық ұрықтарын кеңінен пайдалану керек. Соңғы жылдары ірі агроқұрылымдардың ұсақталып кетуі салдарынан жүргізілетін зооветеринарлық шаралар мен мал тұқымын асылдандыру, селекциялық жұмыстардың мүлдем ескерусіз қалуы да өзекті мәселе болып тұр.

Ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамыту бойынша біршама ұсыныстарымды ортаға салғым келеді:

1. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету;

2. Озық бәсекелестікке қабілетті агротехнологиялық жүйелерді өндіріске ендіру:

3. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту;

4. Тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану;

5. Жылыжайлардың көлемін ұлғайту;

6. Облыста жеміс-жидек, көкөніс қоймаларының сыйымдылығын арттыру;

7. Нөлдік терең қопсыту технологиясын ендіру және логистиканы дамыту.

Жүсіп ШӘРІПҰЛЫ, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз