Дәрігерлердің отбасы үшін де дұғада болайық

Елде жүріп жатқан коронавирус індеті отандық медицинаның бүгінгі жай-жапсарын да, тұрғындардың ішкі психологиялық даярлығын да жан-жақты көрсетіп берді. Несін жасырамыз, абдырап қалдық. Талай келеңсіздіктерге жол берілді. Мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі араласып, осы келеңсіздіктерге жауапты шенеуніктерді орнынан алып, қадағалауды күшейткеннен соң ғана медицина саласына жан біткендей болды. Оның үстіне өз кәсібін сүйетін, білімі мен білігі бар дәрігерлер де жаңа тағайындалған министрге дейін шығып, бұл індетпен күресудің өздері сынақтан өткізген тәсілдерін ұсына бастады. Құдайға шүкір, қазіргі таңда аурудың беті қайтып, адам шығыны да азайды. Бұған, әрине, алыс- жақын шетелдерден гуманитарлық жолдармен келіп жатқан ИВЛ аппараттары мен тиісті дәрі-дәрмектердің де әсері мол болды. Десек те, ақ халаттыларымыздың таудай табандылық танытқан жанкештілік еңбегіне лайықты бағасын беруіміз қажет. Олар айлап, апталап үй бетін көрмей, науқастардың өмірі үшін күресіп бақты.

Мен маусым айының соңғы аптасы, 27-сі күні кешке қарай қатты тұмауратып, ыстығым көтерілген соң «Жедел жәрдем» шақыртқан едім. Шақыртумен келген алғашқы көмек көрсетуші медқызметкерлер мені Таукент поселкесіндегі ауруханаға апарып жатқызды. Өйткені, бүгінгі таңда коронавирус, пневмония ауруларының белгісі барлардың дені сонда ем алуда. Содан Алма Мейрамбекқызы басқаратын Таукент ауруханасының дәрігерлері «өкпе қабынуы» деген диагноз қойып, ынты-шынтыларымен емдеуге кірісіп кетті. 10 күн бойына дәрігерлер мен медбикелер аяқтарынан тік тұрып қызмет жасады. Дәрі-дәрмектері де жеткілікті болды. Тіпті, үш мезгіл ыстық тамақтарының өзі науқастардың еміне шипа боларлықтай дәмді әрі қуатты болды. Ең бастысы, науқастарға дәрігерлер мен медбикелердің ыстық ықыласы, білімі мен білігі аса қажет. Осының барлығы ауруханада тиісінше жеткілікті болып тұрғандықтан, бас-аяғы он күннің ішінде сырқатымнан құлан-таза айығып шықтым. Міне, осы себепті де білім-білігі толысқан, кішіпейіл дәрігерлер мен медбикелерге ризашылығымды білдіріп, аталық алғысымды айтамын. Бас дәрігер Алма Мейірбековаға, дәрігерлер Нұрлыбек Оспановқа, Бексейіт Еркебұланға, Мұрат Оразәліұлына, Нұрбол Бектаевқа, медбикелер Замира Байдуллаеваға және Шолпан Атжанова мен Ләззат Кертаеваға ризашылығым шексіз!

«Нағыз дос сапарда және саудада сыналады» демекші, мына індет шынында да ақ халатты абзал жандар үшін үлкен сынақ болды. Бақшаға еккен көкөністерді арам шөбінен айырғандай жағдайлар да орын алды әрине. Дегенмен, көпшілік дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз үстеріне киген ақ халаттарының хақысын берді. Абзал жандар деуге лайықты іс істеді. Президентіміздің өзі соғыс жағдайына теңеген мына алапат жағдайда үнемі алдыңғы шепте болды. Отбасынан жырақта, бала-шағаларының күлкілерін бір естуге зар болып, бүкіл уақыттарын науқастармен бірге өткізуде. Тіпті, бірсыпырасы өз өмірлерін бәйгеге тігіп, індет жұқтырып, шейіт те болды.

Міне, осы жанкештіліктері үшін барша халық болып, қолымызды көкірегімізге қойып тұрып дәрігерлерге құрметімізді білдірейік. Күні-түні сырқаттанған жақындарымызға дұға еткеніміздей, дәрігерлер мен медбикелердің отбасының денсаулығы үшін де дұғада болғанымыз жөн!

Егізтай ЕСПАЕВ, Жартытөбе ауылының тұрғыны. Созақ ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз