Бірін-бірі демеген жұрт

Жақында түлкібастық еріктілер мен демеушілер қаражат жиып, аудандық ауруханаға 210 оттегі баллонын жеткізіп берді. Оттегі таусылған жағдайда аудан әкімдігінен бөлінген көліктермен жүргізушілер 24 сағат бойы Шымкенттегі оттегі құю бекетінен баллондар тасымалдайды. Сондай-ақ, әр округте құрбандық мал шалынып, мұқтаж отбасыларға ет, азық-түлік таратылуда. Аудан кәсіпкерлері аурухана қызметкерлеріне түскі ас ұйымдастырып, ағарған жеткізіп беруде.

Ал, ауылдық округ, кент әкімдері қызметтік көліктерін үйлерінде емделіп жатқан науқастарға ем-дом жасауы үшін дәрігерлерге берді. Бүгінде дәрігерлік бригадалар осындай 22 қызмет көліктерімен науқастардың үйлеріне барып, денсаулықтарын қадағалауда. Кешегі аптада Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының және Састөбе цемент зауытының демеушілігімен аудандық ауруханаға 2 дана кислородты концентратор жеткізілді. Мұнан бөлек тұрғындар жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алу үшін қаражат жинауда. Бірін-бірі демеген жұртшылықты көріп, жаның жылиды.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз