Қазығұрттың Кәрібайы

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Әлемді әбіржіткен індет көп нәрсеге жұрттың көзін ашты. Тойларға келіп, екі-үш мың долларға 2-3 ән айтып кететін «жұлдыздардың» тәлпіштігі тоқшылық, уайымсыздық туғызған тәлпіштік екенін бүгінгі қазақтың басым көпшілігі түсінді. Түсінгеннен кейін де білім мен денсаулықтың рөлі зор екендігін, сауық-сайраннан да маңызды құндылықтар барын БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде талқылай бастады. Бәлкім, әлгі теледидардан айтып жүрген: «Енді бәрі бұрынғыдай болмайды. Әлем өзгереді» деген жарнаманың мәнісі осында жатқан шығар. Әйтеуір, қоғамда, адам санасында бір сілкініс, өзгерістердің болып жатқаны анық.

Иә, мұғалімнің қадірін балаларымыз үйде онлайн білім алғанда түсіндік. Ал, мынау тосыннан тап келген індет бізді құтқаратын әуелі Алла, сосын білікті дәрігер екендігіне тағы да көз жеткізді. Дәрігерлерге деген құрмет артты.

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тұратын Кәрібай Досанбаев ағамыз денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, биыл жетпіске толды. Бірақ, әлі де тың. Саладан жуырда ғана қол үзіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кеткен сыңайлы.

Ағадан халықты жаппай карантинге жатқызып қойған коронавирус жайында сыр суыртпақтадық. «Коронавирус алғаш 1976 жылы көрінген. Қазіргі төтеннен келген кеселдің жайын дәрігер болсақ та өзіміз түсінбей қалдық. Жұмысты алғаш бастаған 1983-1987 жылдары «Шанақ» кеңшарында судың тапшылығынан ба, әлде басқадан ба, сары ауру, іш сүзегі сияқты жұқпалы аурулар көбейіп кеткен. Одан соң Қырым қанды безгегі шықты, онымен алыстық. Мұндай аурулардан 14 күндей карантин болды. Бірақ, дүние жүзі бойынша жаппай үйде жатқызып қою деген болған емес. Мына індет – үлкен кесапат. Бұған сенбеуге болмайды. Дәрігер не айтады, соны орындау керек. Осы ауру төңірегінде алыпқашпа әңгімелер тым көбейіп кетті. Құдай «сақтанғанды сақтаймын» дейді ғой. Сол бір жылдары Қырым қанды безгегінен ауданда 4 оқиға тіркеліп, 3 адам қайтыс болды. Құтырудан 2 адам қайтты. Ал, іш сүзегінен ондай жәйт тіркелген жоқ. Бірақ, ол ауру өте қиын өтті, адамдар жаппай үш-төрт күн қатарынан температуралары 39-40-тан түспей жатты» дейді дәрігер.

Алғашында Шымкенттегі медициналық колледжді бітірген Кәрібай Досанбайұлы еңбек жолын Ақтөбе облысының Байғанин ауданында фельдшер болып бастаған. Екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинағаннан кейін Алматыдағы мединститутқа оқуға түседі. Өмірлік қосағын оңтүстік өңірден, Абай ауылынан кездестіріп, төртінші курста бас қосқан екен. Бүгінде Шәрипа Әбдуәліқызы екеуі үш ұл, үш қыздан 14 немере сүйіп отыр.

Ағаның айтуынша, бүгінгі медицина саласында проблема көп. Бұған себеп – ақылы оқудың шығуы. Ақшасы барлар институтты тәмамдаған соң, жақсы жерлерге таныстықпен орналасып алады. Солар ақшаның арқасында диплом алып шыққанымен, түк білім алып жарытпайды. «Біреудің баласын айтпай-ақ қояйын, менің өз ұлым да мединститутты бітірді. Содан соң «ал, балам, хош енді, есептесіп қоялық, мынадай жағдайда не істеу керек?» десем, балам – нөл. «Қой, айналайын, бұл болмайды, мына түріңмен біреуді өлтіріп қоярсың» дедім де, бір жылға Алматыға оқуға жібердім. Өзімнің таныстарыма: «бір күн кешіксе үш күн «отработка» жасатып қойыңдар, аямаңдар» дедім. Кейін 6 айға Астанаға жіберіп, тағы оқыттым. Одан кейін Алматыда тұратын Алмас Шарманов деген курстасыма ұлымды тапсырып, «байқап көрші» дегем. «Енді болады» деді. Менімен оқығандардың бәрі шетінен академик, профессор. Шымкенттегі Мәди Бегалиев марқұм да курстасым еді» дейді бізбен әңгімесінде Кәрібай аға.

Кәрібай ағаның пайымынша, қазіргі медицина науқастармен қарым-қатынас деген мәселеде икемді емес, тіпті кей жағдайда дөрекілеу десе де болады. Бұрын науқасты жылы сөзбен-ақ емдеген. Сосын қазіргі ақылы емханалардың да тым көбейіп кеткені көңіліне кірбің салады. Мұндай болмауы тиіс еді дейді. Қандай дәрігер болмасын, жай науқастан гөрі, ақшасын төлеп келген науқасқа оң көзбен көбірек қарайтыны белгілі. Осындай ойларымен бөліскен Кәрібай аға алғаш қызметке келген жылғы бір оқиғаны еске түсірді.

— Институтты жаңадан бітіріп келіп, интернатурадан өтіп жатқан кезім еді. Облыстық ауруханада кардиология бөлімінің меңгерушісі Амангелді Қоңырбасов орнында болмай қалған кезінде ауруханаға Асанбай Асқаровты алып келді. Сол күні кезекші едім. Көрдім де «инфаркт миокарда» дедім. Әлиев деген бас дәрігеріміз «кәллаңды жұлып алам мен сенің, секретарьға инфаркт дегені несі, кешегі келген мұрынбоқ» деп ұрысқаны бар. Кейін Асекең съезге кетті. Сол жақта инфаркт болып, менің диагнозым анықталған соң, шақырып рахметін айтқан, – дейді Кәрібай аға.

Бұрынғы кезеңнің көңілге қонатын тұсы, дәрігер болу үшін жас маман алдымен ауылда жұмыс істеуге тиіс еді. Білімі мен тәжірибесі бір басына жетерлік К.Досанбаев алдымен жоғарыда айтқанымыздай, «Шанақ» кеңшарында қызмет етеді. Одан соң осы аудандағы «Алтынтөбе» кеңшарында бас дәрігер болды. Ал, одан соң аудандық емхана меңгерушісі, медицина статистикасы бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Түрлі марапат, медальдарға ие болды.

Сан жылдар бедерінде күн-түн демей халық үшін аянбай тер төккен ақ халатты абзал жан 2013 жылы «Қазығұрт ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді. 2016 жылы Кәрібай Досанбайұлы «Алтын дәрігер» номинациясына ие болды. Биыл ТМД-ның «Гиппократ» медалімен марапатталды. Саналы ғұмырын медицина саласына арнағанымен ол кісі қоғамдық жұмыстардан да тысқары қалып көрмепті. Ол тәуелсіз медициналық сарапшы, Қазығұрт ауданындағы медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысы медицина қызметкерлері қоғамдық кеңесінің Қазығұрт ауданы бойынша төрағасы болып табылады.

Дәрігерлік мамандықты таңдап, өзінің ізін жалғаған тұңғышы Нышанбай бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығында қызмет етеді. Қалған ұл-қыздары да бір-бір қызметтің тізгінін ұстап отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, білікті дәрігер Кәрібай Досанбайұлы осындай тәрбиелі ұрпақтарымен де өзгелерге үлгі-өнеге. Қызметте де, отбасында да абыройы асқақтап, мерейі үстем болған жанға біз де алғысымызды білдірдік.

 

 

Пікір қалдырыңыз