Халық ақынының соңғы хаты

Өмірде кейде мүлде ойыңа кіріп-шықпайтын кездейсоқ жайлар ұшыраса беретіні бар ғой. Менде де дәл осындай жағдай болды. Өткенде жазған-сызған дүниелерімді ақтарып, қарап отырып, оқушының тор көз дәптеріне жазылған бір жапырақ қағаздың қолыма түскені. Міне, қызық! Бұл белгілі халық ақыны, айтыстың ақтаңгері, есімі қазақ еліне жақсы таныс Теріскейдің мақтанышы Құлжабай Төлеуовтің сонау тоқсаныншы жылдардың басында Созақ ауданының әкімі қызметін атқарған, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановқа жазған өтініш хаты екен. Ойлап отырсам, содан бері де ширек ғасырдай уақыт өтіпті.

Хош, үшбу хатында Құлжекең не дейді? Енді соған келейік. Өтініш хаттың мазмұны мынадай.

«Құрметті Қуаныш! Саламатсыз ба? Сіздің денсаулығыңызға тілегім күшті, ниетім солай. Өз хабарым жақсы.

Аудандық әкім Қуаныш,

Хат жаздым Сізге, қарағым,

Өтінішін қабыл ал,

Құлжабай ақын ағаңның

Өзіңіз жақсы білесіз,

Мүгедек болып қалғанмын.

Өзім тұрып орнымнан,

Тек қана сыртқа барамын.

Айтқанды қабыл алыңыз,

Мынаны еске саламын.

Жүре алмаймын, жер басып,

Деп едім, Сізге барамын.

Колхоздан жәрдем болмады,

Тарықты наннан тамағым.

Жыл басынан бері қарай,

Бір кило ұн да алмадым.

Айтқанды қабыл алмайды,

Өзің тап, балам амалын.

Жағдайы солай, Қуаныш,

Үйдегі бала-шағаның.

Отырмын оттың басында,

Солардың тілеп аманын.

Исатайға айта бар,

Берерсіз маған хабарын.

Ай сайын бір қап ұн бер деп,

Сіздің де болған талабың.

Халық ақыны Құлжабай Төлеуов».

Соңында жазылған күні, айы, жылы көрсетілмепті. Сірә, мектепте оқитын қыздарының біріне жаздырған да, ол ұмытып кеткен болуы керек. Қалай болғанда да, бұл жазбаның біз үшін бәсі жоғары, құнды жәдігер.

Бұл хат менің қолыма қалай түсті? Енді соған келейік. Көпшілікке белгілі, тоқсаныншы жылдардың басы еліміз тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынастар өмірге жаңадан еніп жатқан шақ болатын. Болса да жалақы, зейнетақы мен жәрдемақылардың кешіктіріліп, дүкен сөрелерінің бос қалған кезі-тін. Осындай өтпелі кезеңде ұн, тағы басқа азық-түлік тауарлары бірінші кезекте ардагерлер мен зейнеткерлерге беріліп жатты. Алайда, қысқа жіп күрмеуге келмей, ол бәріне бірдей жете қоймайды. Сондай күндердің бірінде ақын көкеміз аудан басшысына өлеңмен дұғай сәлем жолдаған, мынау сол. Хат қолына тиген Қ.Айтаханов мені шақырып алып, «Исатайға (ол сол кезде Құмкент ауылының әкімі еді, кейіннен өндірістік кооперативтің төрағасы болды) айт, Құлжекеңе көмектесіп, жағдайын жасап тұрсын» деді. Исатайға телефон шалып, басшының тапсырмасын жеткіздім. Нәтижесін әкімге баяндауға барғанымда Қалекең «хат өзіңде қала берсін, ай сайын орындалуын тұрақты қадағалап тұрыңдар» деген-ді. Үшбу хаттың тарихы, міне, осы.

Реті келіп тұрғанда, газет оқырмандарын айтыс ақыны Құлжабай Төлеуовтің өмірдерегімен таныстыра кеткеннің артықшылығы болмас деп ойлаймыз.

Құлжабай Төлеуов 1911 жылы Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, төртжылдық мектепті бітіреді. 1927 жылы Қызылкөлге оралып, ликбезде, ауыл мектебінде жұмыс істейді. Заманында Нартай Бекежанов, Орынбай Тайманов, Қазанғап Байболұлы, Айнабек Нысанбаевпен қатар жүреді. Өзінің сазды әуенімен, өсиет термелерімен еңбек адамдарының жігерін тасытып, өнімді іске құлшындырады. 1967 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Ақынның патриоттық тақырыптағы өлең-жырлары Ұлы Отан соғысы жылдарында аудандық «Социалистік шаруа», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жиі жарияланып тұрған.

Жас кезінде халық арасында айтылатын батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды, қисса-хикаяларды көп жаттаған Құлжекең кейін өзі де көлемді жыр-дастандар шығаруға талпынған. Шығыс аңызының сарынымен шығарған «Үш мұңлы», өмірбаяндық «Жетілген жетім» деген дастандары оқырмандары тарапынан жоғары бағаға ие болған. Оның дастандарының ішіндегі ең сүбелісі – «Үміттің өлімін»

1959 жылы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов ақынның өз аузынан естіп, ұнатқан. Айтыскер ақынның бүкіл шығармашылығы өзі туып-өскен Созақ жерінің, Теріскей өңірінің тарихы, көркем шежіресі, 1991 жылы «Туған жерім – Созағым» атты жыр кітабы жарық көрді.

Кезінде Қызылкөл ауылындағы бір көшеге Құлжекеннің аты берілген кезде ашылу салтанатына куә болғанымыз бар-ды. Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың Құлжабай Төлеуовтен бата алғанын білеміз.

Келер жылы Құлжабай

Төлеуовтің туғанына 110 жыл толады екен. Оны лайықты атап өту – елдігімізге сын. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, халқының аяулы қызы Нұржамал қарындасыма Созақ ауданының құрметті азаматы атағы берілгендігін газеттен оқып, білгенде қатты қуандым. Бір ғана Құлжекеңнің емес, Созақтың, қазақтың қызы болғандығы үшін де риза болдым.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Иә, Құлжекеңнің хаты да, аты да ұмытылмайды.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, Созақ ауданының құрметті азаматы.

 

 

Пікір қалдырыңыз