Театрмен тағдырын тоғыстырған

Балғын Бақыттың өнерге, әсіресе, сурет салуға ерекше құмарлығын алғашқы болып байқаған ұстазы Арал Сүлеев еді. Сол ұстазының ақыл-кеңесімен сегізжылдықты ойдағыдай тәмамдаған ол әкесі Бекмырза екеуі Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне құжат тапсыруға берік байлам жасайды. Бақыттың салған суреттері арнайы комиссия мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, өзге пән емтихандарынан да сүрінбей өтеді. Ол – студент! Бұған ата–анасы, әсіресе, Гүлсім әжесінің ерекше қуанғаны әлі есінде.

Оқу орнының қабырғасында оларға Батыр Өтепов, Нұрлан Шилібаев, Қуаныш Маликов, Амангелді Тұрсынов сияқты тәжірибелі ұстаздар дәріс берді. Бірде сабақ үстінде ұстазы Марат Қалқабаев Бақыттың салған суреттерін ерекше бір қуанышпен қолына алады да:

– Мына суреттерді көріңдер! Мұны Бақыт Сраилов салған. Қандай әдемі, ә? Сызықты суреттерді осылай салу керек, үйренгендерің жөн, – дейді өзге студенттерге.

Өте талапшыл, тіпті кейде тым қатал да көрінетін Мұрат ағайының көптің алдында бұлайша бөле-жара мақтағанына алғашында сәл қысылғаны да бар. Алайда, уақыт өте келе оның сан қырлы жанрларда салған суреттері өзгелерге үлгі ретінде оқу орнындағы көрнекі тақтаға жиі ілінетін болды.

Осылайша жылдан-жылға тәжірибесі мен білімі толысқан Бақыт Бекмырзаұлы өнер деген киелі өлкеге нық сеніммен қадам басты. Дегенмен, әлі алда білім мен ізденуге, шығармашылыққа толы өмірдің сан тарау жолдары жатты. Бақыт училищені ойдағыдай аяқтаған соң мамандығы бойынша еңбек етті. Живописьпен айналысып, портреттер салуды қолға алды. Бірақ, оның ішкі сезім иірімдеріне, табиғатына тылсым бір дүние жетпейтіндей күй кешетін. Мұның сырын ол Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының қойылымдарын тамашалап, әріптес ағаларының жұмыстарымен танысқанда тапқандай болды. «Мен де болашақта театрда еңбек етіп, көрермендердің ілтипатына бөленсем» деген тәтті ойлар бірте-бірте жас суретшінің арманына қанат бітіре бастады. Бұл үшін армандау өз алдына, ең бірінші кезекте білім алу керектігін саналы жас іштей пайымдады. Сөйтіп, 1979 жылы Алматыдағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының табалдырығын аттады.

Есімі Қазақстан мен күллі Одаққа белгілі атақты суретшілермен кездесіп сұқбаттасты, пікір алысты. Институттың мақтаныштары, белгілі ұстаздары – Есенгелді Тұяқов, Дүйсен Сүлеев, Вагиф Рахманов, Амангелді Аяпбергенов, тағы басқаларынан сабақ алып, дүниетанымын кеңейтті. Сурет өнерінің тылсым иірімдеріне терең бойлады. Ал, театр факультетінде дәріс беретін біртума таланттар, ұлтымыздың мақтаныштары – Асқар Тоқпанов пен Асанәлі Әшімовті, Ыдырыс Ноғайбаев пен Шолпан Жандарбекованы, Рабиға Қаныбекова, Хадиша Бөкеева сияқты жұлдызы жарқыраған өнер майталмандарын күнде көретін. Қазақ ән, эстрада өнерінің қайталанбас тұлғалары Роза Рымбаева, Майра Илясовамен қатар оқыды.

Сонымен төрт жылға созылған студенттік дәуірі де зуылдап өте шықты. 1983 жылы Бақыт дипломдық жұмысының жағдайымен Жетісай драма театрына келді. Сол тұста А.Оңалбаев театрдың бас режиссері, талантты да талапшыл маман Т.Әшімов режиссері еді. Тұрғанбек ағасы Бақытты жақсы таниды. Мұның үстіне жас сценографтың ой-өрісі мен шығармашылық фантазиясына да қанық. Ол көп ойланбай-ақ «жоспар бойынша белгілі драматург Б.Васильевтің «Тамылжыған таң» драмасын сахналамақпыз. Бақыт, сен соның сценографиясын дипломдық жұмыс ретінде алсаң қалай болады? Мұны театрдың директоры да мақұлдап отыр» деді.

Сол күннен бастап-ақ ол драмалық шығарманың мағынасы мен айтар ойын зерделеуге кірісті, ішкі иірімдеріне тереңдей ене түсті. Қойылымдағы образдардың жан дүниелері мен психологиясына ерекше зейін салды. Өйткені, сахналық қойылымның көрермендердің көңілінен шығуы суретші-сценографтың шеберлігіне де байланысты боларын ол жақсы білді.

Аллаға шүкір, «Тамылжыған таңның» премьерасы театр ұжымы ойлағаннан да сәтті шықты. Қойылым аяқталғанда көрермендер әртістерге, бас режиссер мен қоюшы-суретшіге тік тұрып қошемет көрсеткенде Бақыт Бекмырзаұлының төбесі көкке жеткендей әсерге бөленді. Ол сол кезде небәрі 23 жаста еді.

Өз саласы бойынша білімі мен тәжірибесі толысқан жас маман алғашқы еңбек жолын өзіне өте жақын – Жетісай драма театрында бастамаққа ниеттенді. Жас суретші-сценографты театрдың шығармашылық ұжымы жылы қарсы алды.

Бақыт Бекмырзаұлы 2008 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқытушы болып барғанға дейін Жетісай драма театрының шығармашылық тұрғыдан кемелденуі жолында тер төкті. Осы аралықта ол жалпы саны 70-тен астам әлемдік деңгейдегі шетел және қазақ драматургтерінің, сондай-ақ балаларға арналған қойылымдардың сахналық сценографияларын жасады. Бұлардың арасында Р. Ғамзатовтың «Тау қызы», С.Камаловтың «Ер Тарғын», С.Адамбековтің «Алтын табақтағы жылан», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», А.Островскийдің «Жазықсыздан жазықты», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», И.Сапарбаевтың «Шәмші сағынышы», Ғ.Мүсіреповтің «Әнші Майра», Ш.Құсайыновтың «Әбу Нәсір Әл-Фараби», А.Оразбаевтың «Бір түп алма ағашы», І.Есенберлиннің «Ғашықтар» сияқты сан алуан жанрлардағы қалың көрерменге ой салатын көптеген қойылымдар бар екенін айта кеткеніміз абзал.

1997 жылы Жетісай драма театры М.Әуезовтің 100 жылдығына орай Алматыда өткен халықаралық театр фестиваліне «Қорғансыздың күні» драмасымен қатысты. Мұның қоюшы-режиссері Т.Қыстаубаев та, қоюшы-суретшісі Б.Сраилов болды. Фестиваль күндері алматылық көрермендердің жетісайлық әртістердің өнеріне дүркірете қол соққаны естен кетпейді. Әділқазылар алқасы сахнаның ерекше үйлесіммен безендірілгеніне де жоғары бағаларын берген-ді. Сол фестивальден Бақыт Сраилов мерейі тасып, лауреат атанып оралды. Сондай-ақ, ол бірнеше халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, абырой биігінен көрінді. Осылардың барлығы мырзашөлдік дарынды суретшінің атақ-даңқын аспандатып, оның Алматыға жұмысқа шақырылуына негіз болды. 2009 жылы кезінде өзі білім нәрімен сусындаған Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқытушы болып қабылданды. Болашақ театр суретшілеріне дәріс бере жүріп Бақыт Бекмырзаұлының өзі де үнемі ізденісте болды.

Ал, 2009-2012 жылдар аралығында Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында бас суретші болып жемісті еңбек етті. Ол театрдың директоры және көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі, белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменовпен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеді. Абыройдан кенде болған жоқ. Театр сахнасында қойылған Ш.Айтматовтың «Әселім – арманым», «Қызыл орамалды Шынарым», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», М.Әуезовтің «Қаракөз», тағы басқа да белгілі қойылымдардың сценографияларын сәтті шығарып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Аталған спектакльдер көптеген шетел сахналарында да қойылып, республикалық, халықаралық фестивальдерде жүлде алды, лауреат атанды.

Бір тылсым күш оны туған өлкесіне жетеледі. Бақыт Сраилов – 2012 жылдан бері Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры. Осы уақыт аралығында театрдың киелі сахнасында жалпы саны 50-ге жуық әралуан жанрлардағы қойылым сахналанды. Ол – бірнеше халықаралық көрмелер мен театр байқауларының лауреаты, дипломанты. Алматы жастар театрындағы жетістіктері өз алдына, Б.Сраилов Жетісай драма театрына басшы болған уақыт аралығында шығармашылық ұжым «Театр көктемі – 2013» облыстық фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді. 2014 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Жыл театр суретшісі» номинациясы бойынша «Еңлікгүл» кәсіби театр өнері сыйлығының лауреаты болып танылды. 2015 жылы Атырауда өткен Р.Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде Жетісай драма театры жүлделі орын алды. Ал, «Двойник» қойылымының қоюшы-суретшісі ретінде Б.Сраилов лауреат атанды. Сондай-ақ, 2018 жылы республикалық театр ассоциациясы тарапынан белгіленген мәртебелі ұлттық «Сахнагер – 2018» сыйлығы мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

2019 жылы театр ұжымы өздерінің 50 жылдық мерекесінде кітап шығарып, көрермендерге деректі фильм ұсынды. Театрдың кіреберісіне Жетісай театрының негізін қалаған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Қ.Жандарбековтің бюсті қойылды.

Бақыт Сраилов – дарынды суретші, отбасында бақытты әке. Жұбайы Құралай екеуі Алла берген Гауһар, Ырысжан, Бауыржан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

Әбдәлім ТІЛЕУБЕКОВ, Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, ҚР Журналистер одағының мүшелері.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз