ЖАСТАР АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Халқымыздың ұлы перзентінің есімін ұлықтау мақсатында елімізде көптеген шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгін Кентау қаласындағы Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараға өңірдің талантты жастары қатысып, Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ, шығармашыл жастар ақынға арнауларын жыр арқылы жеткізді.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Амалбек Өміртай іс-шараның маңызы мен мақсатын түсіндіріп өтті.

- 10 тамыз - Абай атамыздың дүниеге келген күні. Кентау қаласындағы Абай көшесінде ұлы тұлғаға үлкен ескерткіш қойылған екен. Бұл бізді қуантады. Бүгінде облысымызда карантиндік шараларды сақтай отырып, көптеген іс-шаралар өтуде – деді ол.

Ал,  филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абайтанушы ғалым Тоты Көшенова Абай  мұрасы әрбір отбасында болуы керектігін жеткізді.

- Отбасын құрған қызға Абайдың өлеңдерін жіберіп отырған. Ал, оны оқыған жастар, сертке адал болады. Бес нәрсеге асық болып, бес дұшпаннан бойын аластады. Содан салиқалы ұрпақ өскен.  Абай тек қазақтың ғана емес, әлемнің Абайы. Қазір кемеңгер тұлғаның 175 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде тойлануда  – деді ғалым.

Іс-шараға белсенді қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.  Сондай-ақ, жастар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Пікір қалдырыңыз