Білім саласын қандай өзгеріс күтіп тұр?

Биылғы оқу жылы бұрынғыға қарағанда өзгеше болмақ. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтан оқыту тәртібі енгізілді. Осы жағдайға байланысты былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанын оқушылар үйде отырып оқыған еді. Биылғы оқу маусымы да сол режимде басталмақ.

Еліміз бойынша барлық мектептерде «Алғашқы қоңырау» мерекелік шарасы өткізілмейді. Бастауыш сыныптар үшін арнайы топтар белгіленеді. Баласын мектепте оқытқысы келетін ата-ана алдын ала өтініш беріп, осы топтарға баласын жаздыруы тиіс. Әрине, карантиндік талаптар қатаң сақталады. Бөгде адамдарға, тіпті ата-аналарға да мектепке кіруге тыйым салынбақ. Балаларға мектеп ішінде тамақ берілмейді. Сыныптағы оқушылар саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар арасындағы үзілістерге де өзгерістер енгізілмек.

– Принцип: бір мұғалім – бір сынып. Әдетте бізде бастауыш сыныптарда бір негізгі мұғалім бар, ал, ағылшын тілі сабағына басқа мұғалім келеді. Енді олай болмайды. Бастауыш сыныптарда оқушыларға бір мұғалім ғана сабақ береді. Сондықтан кейбір пәндер қашықтан оқу форматында өтеді. Ең бастысы, біз балаларға жазуды, санауды, оқуды үйренуге мүмкіндік беруіміз керек. Мектепте негізінен дәл осы пәндер өткізіледі, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, министр мұғалімдердің жалақысын қысқарту қисынсыз екенін атап өтті. Қашықтан оқуға байланысты көптеген жерлерде мұғалімдердің жалақасын қысқартқан фактілер тіркелген. Министр бұл әрекеттің заңсыз екенін, ондай басшылардың жазаланатынын тілге тиек етіп, мұғалімдердің жалақысы қаңтар айынан бастап 25 пайызға өсетінін мәлімдеді.

Мектептермен қоса арнаулы және жоғары оқу орындары да қашықтан оқыту режиміне көшпек. Осы орайда министр университеттердегі оқу ақысы мәселесіне ерекше тоқталды.

– Біз жоғары оқу орындарына оқу ақысын өсірмеуді ұсындық. Әрине, талап етіп мәжбүрлей алмаймыз, барлығымыз заң үстемдік ететін мемлекетте өмір сүретінімізді түсінеміз. Белгілі бір лауазымды адамның немесе мемлекеттік органның құзыреті қайдан басталып, қайда аяқталатынын түсінуіміз керек. Ресми өкілеттіктерімізді асырмауымыз керек. Сондай-ақ, университеттер оқу ақысын бөліп төлеу мәселесіне де мән берсе дұрыс болар еді, – дейді министр.

 

 

 

 

6 пікір

  • Е. Т. Ділдабек
    Е. Т. Ділдабек

    Білім министрі - жас буынның тың серпіліс әкклеріне айқын дәлел. Тек алға!

  • Акпанбетова Мейрамкуль
    Акпанбетова Мейрамкуль

    Министрімізге үлкен рахмет,еңбегі жемісті болсын!

  • Тілекші Умирзакова
    Тілекші Умирзакова

    Білім министріне мың алғыс! Мұғалім үшін бар жағдайды жасап отыр,яғни табысымызды айтам. Шүкірміз.Енді осы ел басына түскен жаман бәледен құтылсақ. Аман есен болып,мектебімізге,оқушыларымызға оралсақ деп отырмыз.

  • Төлеу Алтынгүл
    Төлеу Алтынгүл

    Аймағамбетовке мың алғыс.32 жыл мугалим болғанда мугалим жанын тусинген жалғыз министр

  • Сакиева Н.С.
    Сакиева Н.С.

    А.Аймағамбетовке алғысымыз шексіз рақмет.

  • Абдалиева. А. Л
    Абдалиева. А. Л

    Аймағамбетовке айтар алғысымыз шексіз, мұғалімдердің еңбегі ерең

Пікір қалдырыңыз