Ұлық мейрам ұлттың рухын көтереді

Қадірлі қауым!

Сіздерді барша мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен құттықтаймыз.

Құрбан айт – адамдардың бір-біріне мейірімділік танытатын, қарттар мен жетімдерге, көп балалы отбасыларға, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық қолын созатын маңызды мереке. Дегенмен, биыл әлемді жайлаған пандемияның әсерінен елеулі өзгерістер болып жатыр. Елімізде жарияланған карантинге орай мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасы жүзеге асырылмақ. Мұның барлығы індет кезінде елімізде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптар қатаң сақталуы тиістігінен қолға алынды. Сол себепті осы жолғы мерекеде бір-бірімізге ізгі ниетімізді алыстан, қоңырау шалу арқылы ғана білдіре аламыз. Әрине, бұл қиын күндер де артта қалар. Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын.

Біз осы ұлық мерекемен тәуелсіздіктің арқасында қайта қауыштық. Қауышып қана қоймай, Құрбан айттың қоғамдағы орнына ерекше мән берілді, оның ресми мәртебесі жаңғырып, тарихи әділеттілік қайта орнықты. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды. Елбасы өзінің сөзінде: «Құрбан айт ‒ ізгілік пен қайырымдылық мерекесі. Өткенді ой елегінен өткізіп, оң-терісіңді таразылап, ар-ожданыңды аршып, фәниден озған ағайын-туғанды еске алып, рухтарына тәу етіп, кемтарды қолтығынан демеп, жоқ-жітік пен мүсәпір-міскіндерге қол ұшын беру сынды мархабатты дәстүрлер қандай өркениеттің болсын өрелі үрдістерімен үндес. Бұл біздің мемлекетіміздің мұраттарына да етене жақын» деген еді.

Қазақстандай зайырлы, толерантты бағытты ұстанған мемлекетте түрлі дін өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Елімізді өркендету жолында ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында толағай табыстарға қол жеткізеріміз анық. Түркістан облысының тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, бақ-береке, мұқалмас жігер тілейміз.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі.

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз