Биыл бірнеше нысан пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей басшылығымен Түркістан облысында бұқаралық спорт түрлеріне арналған нысандар мен туристік нысандар салынуда. Өңірде спорт пен дене тәрбиесін дамыту үшін бірінші кезекте спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу мақсатында облыс басшысы қалада салынып жатқан жаңа нысандарды аралап көрді.

Түркістан өңірінде дүние жүзі бойынша ең кең тараған спорт түрі – футболды дамыту мақсатында УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға арналған стадион құрылысы жүргізілуде. Екі спорт залы, әлемдік аренаға жауап беретін табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелері бар спорт кешені биыл пайдалануға беріледі. Жаңа стадионда облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары және облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өтетін болады.

 Сонымен қатар, бассейні бар спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Құрылысы аяқталуға таяған заманауи талаптарға сай спорт кешенінде ұлттық құрама мүшелері мен облыстың жас спортшылары жаттығатын болады. Жаңарған Түркістанда таяу арада ондаған спорттық ғимарат ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

***

Сондай-ақ, өңір басшысы Түркістан қаласындағы басқармалар ғимараты мен драма театрдың, Қ.А.Ясауи музейінің, қолөнершілердің Ұлы Жібек жолы Ұлттық орталығының құрылыс алаңдарында болды. Құрылыс жұмыстары аяқталып қалған нысандарда ішкі әрлеу, оргтехника мен жиһаз орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түркиялық «Sembol construction» компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Құны 39 млрд. теңге тұратын әлемде теңдесі жоқ туристік кешенде заманауи қонақүйлер, шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болады. Бірегей жобада көне шаһардың көрінісі сақталған. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде.

 

 

Пікір қалдырыңыз