ҮКІБАЙ Кәрім Cәйпіұлы

Түркістан облысының жұртшылығы, зиялы қауымы ауыр қазаға ұшырады.

Жетпістен аса берген шағында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі, Төлеби ауданының құрметті азаматы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы ҮкібаЙ Кәрім Сәйпіұлы өмірден озды.

Кәрім Үкібай 1950 жылы 15 ақпанда Төлеби ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін

бітірген.

1975 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып қабылданады. 1977 жылы Шардара аудандық «Өскен өңір» газетіне редактор болып тағайындалды. 1981 жылдан облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, сондай-ақ бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. 1992-1998 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің тағдырлы шақтары мен өрлеу кезеңдері Кәрім Үкібай редакторлық еткен жылдармен тұспа-тұс келеді. Ол тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінде басылымның тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарап, өзі басқарған газеттің үзіліссіз жарыққа шығып, оқырманмен жүздесіп тұруына бүкіл күш-жігерін жұмсады. Редакция тынысы қалыпқа түскенше өзінің жеке қаржысын газетке салды. Мұндай іскерлік пен жауапкершілік тек үлкен жүректі адамдарда ғана кездеседі.

Өңірдегі ақпарат саласының жандануына өлшеусіз үлес қосқан Кәрім

Үкібай «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, Қазақстанның құрметті журналисі, Төлеби ауданының құрметті азаматы атанды.

Өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында корректорлықтан бас редакторлық қызметке дейін көтерілді. Қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Кәрім Сәйпіұлының жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталады.

Кәрім Үкібай өзінің тәжірибеге толы еңбек жолы мен тағлымға толы өмір жолы арқылы өскелең ұрпаққа өлмес өнеге қалдырды.

Үлкен ұйымдастырушы, тамаша журналист Кәрім Үкібайдың қайтыс болуына байланысты облыс жұртшылығына, марқұмның отбасына, ұл-қыздарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Ө.ШӨКЕЕВ, Қ.БАЛАБИЕВ, Ә.ТҰРҒЫМБЕКОВ, Ж.АМАНБАЕВ, Ұ.ТӘЖІБАЕВ, М.МЫРЗАЛИЕВ, С.ҚАЛҚАМАНОВ, Б.ТӘЖІБАЕВ, Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Ө.МЕЛДЕХАНОВ, А.БАЛАЖАН.

 

 

ТІРЛІГІНЕ ЖҰРТ ТАМСАНҒАНДАЙ ЕДІ

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихында өзінің жанкешті еңбегімен корректорлықтан басылымның бас редакторы дәрежесіне дейін көтерілген Кәрім Үкібай ініме де сұм ажал құрығын салыпты-ау. Сондай ақкөңіл, елгезек азаматтың еңбегін кезінде ел көрді, тірлігіне жұрт тамсанғандай еді... Ол өздерін «елуінші жылғылармыз» деп екпіндетіп мақала жазып жарысатын топтың серкесі еді. Сол кездегі билік осындай азаматтың еңбегін бағаламады, негізсіз қызметтен босатып, жүрегіне жара салды. Басылым үшін басын бәйгеге тіккен Кəрімге бұл қиянат өте ауыр тиді. Бірақ, жаратылысында сабырлы азамат қолынан қаламын тастаған жоқ. Қарашаңырақ басылымның беделі үшін белсенді еңбек етті. Тамаша ұл-қыздар тəрбиеледі. Дегенмен, іштегі жара бәрібір ауыр кеселге душар етті. Сол дерт ақыры алып тынды. Бақұл бол, бауырым! Топырағың торқа болсын. Кәрімнің отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

КӘРІМНІҢ КӨРКЕМДІГІ

Жетпіс төртінші жылғы әз Наурыздың алдында ауданнан «Оңтүстік Қазақстанға» шақырылдық. Қатты жатырқадық. Ешкімді танымайтынбыз. Елуден аса қызметкердің арасынан арсалаңдай, ақжарқын күліп, алғаш құшақтаған Кәрім еді.

Күлкісі көркем екен. Бес жастай кішірек екен.

Үшінші күні үйіне шақырды. Тым ерте бақилық болған аяулы ару зайыбы Үлпәттің үлпіл-лүпіл сезімталдығына, кішкентайларының шаттығына тәнті болғанбыз. Шаңырағындағы отағасылық шуағы да көркем екен.

«Бес жас – бел құрдас қой, көке!» деп, әдемілеп әзілдеуі мен томпиған қызыл шырайлы бетіндегі сүтшұңқырлары ойнақылық шаша шымшылауы да тағлымға толы һәм көркемтұғын.

Кәрім Үкібай. Бұл – қара шаңырақ газетіміздің тарихында небір-небір нән ағалар мен апалар, елуінші жылғы ерекшелер сияқты сақталатын, ертеңдерге бірге баратын ерекше есім. «Оңтүстікті» қиын-қыстау, кезенейлі кезеңдерде басқарып, азаптарға буылғанда да азаматтық абзалдық, кәсіби көркемдік танытқан. Дерт дендеген қаншама жылдарда да рух көркемдігін кеміткен жоқ. Күлімсіреуі көрініп-ақ тұратын. Қайран-ай...

Кәрім бауырым! Артыңда қалған Ақшагүлдей жарың, ұрпақтарың аман, елің есен, Қазақстаның қуатты болғай. Жаратқан Ие амал дәптерін оң жағынан бұйыртқай. Бақұл бол!

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы.

 

 

СЫЙЛАСТЫҚ БЕСІГІНДЕ БІРГЕ ТЕРБЕЛДІК

Сумаңдаған суық хабар таңалакеуімнен суыт жетті...

Қимастық пен өкініш дерті өзегімді өртеп, Кәрекеңмен бірге жүрген думанды жастық күндер керуені көз алдымда тізбектелді...

Сонау сексенінші жылдың басында өңір баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстікте» танысқалы бергі өткен қырық жылдан астам уақытта сыйластық, сырластық бесігінде бірге тербеліп, əріптестеріміздің құрметіне бөленіп, «елуінші жылғылар» атанған жемісті күндердің лəззатты шақтары қандай еді!.. Өзіндік ізі, өрнек-үлгісі бар, өрісі кең, өнегесі бөлек сирегіміз сен едің.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің табалдырығын қарапайым корректор болып аттап, жоғарылаудың сатысының ретіне саңылау түсірмей бас редакторлыққа дейін көтерілгенің осы сөзіміздің дәлелі.

Ол редактор болдым деп бюрократияға бой ұрған жоқ, басшы қызметкердің қандай болуы қажеттігінің тамаша үлгісін қалыптастырып кетті. Тәуелсіздік табалдырығындағы ол басқарған ұжым еліміздегі облыстық газеттер арасында компьютерлік жүйені өндіріске енгізген алғашқы басылым болып тарихта қалды.

1998 жылдың қаңтарында облыс әкімдігі Кәрім Үкібайды «командалық тәсілмен» қызметінен босатты. Бағалаудың орнына жазалаудың салдары адал жүрек иесін төсекке таңды. Инсульттың инесі қатты батқан екен, жиырма жылдай қадалған қалпынан айнымай ақыры алып тынды.

Редакция ұжымы бас редактор Абай Балажан бастап Кәрекеңді жыл сайын туған күнінде шаңырағына барып құттықтауды дәстүрге айналдырған. Биылғы 70 жылдық мерейтойы күнінде Кәрекеңнің үйінде бірге болған сәттеріміз ең соңғы екенін қайдан білейік.

Қатал тағдырға не шара?! Береке-бірлікті, ар-ұжданды, обал-сауапты, пәтуа-парасатты демі таусылғанынша әспеттеп өткен

Кәрекем-ай...

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті ардагерлер ұйымының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз