Бір алқаптан үш рет өнім алу жобасы қарқынды дамып келеді

Сарыағаш ауданында 1 алқаптан 2-3 мәрте өнім алу жобасы аясында жұмыс жүргізуге жалпы 400-ге жуық шаруа қожалық ниет білдіріп, егіс көлемі 917,6 гектар болатын инновациялық жоба іске асырылуда. Бір алқаптан 2-3 мәрте өнім алу жобасы бойынша қазіргі таңда 36 704 тонна бірінші өнім жиналған. Ал, 404 шаруашылық 921 гектар жерге екінші мәрте егіс егу жұмыстарын аяқтап отыр.

Мәселен, Құркелес ауылындағы «Гүлшан апа» шаруа қожалығы 2 гектар жердің 1,2 гектарына қырыққабат, 80 сотығына баялдыр еккен. Бұл – екінші өнім. Қожалық иесі Шоназар Раимназаровтың айтуынша, бұл әдіс шаруаға бір жылда үш рет өнім алып, зор табысқа кенелудің жолын көрсетіп берді.

Бұдан бөлек, ең үлкен қарқынды бау – Сарыағаш ауданында орналасқан. Ол «Агро­Фуд Қазақстан» ЖШС-і. Серіктестіктің жер көлемі – 215 гектар, оның ішінде қарқынды бау – 200 гектарға жуық. Атап айтқанда, 92 гектары – алма, 70 гектары – шабдалы, 22 гектары – алша, ал, 13 гектары – алхоры. Мұнда түгел тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Қарқынды баудан былтыр жалпы 550 тонна өнім алынса, биыл қазірге дейін 160 тонна жеміс жиналған. 2016 жылы құрылған серіктестікте 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кезінде мұнда 170 адам жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, Қазақстан бойынша жылыжай көлемінің 60 пайыздан астамы Сарыағаш ауданына тиесілі. Биыл аймақта 665 гектар жылыжайға көкөніс егіліп, қазіргі таңда жылыжайдан жалпы 64 860 тонна өнім жиналған. Халықтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ауданда биыл егіс көлемі 69 807 гектарға жеткен.

Ауданда мемлекеттік грант алып мал шаруашылығын дамытып отырған шаруалар да баршылық. Соның бірі – Құркелес ауылының тұрғыны Азамат Абдурахманов. Ол 2019 жылы 505 мың теңге грант алып, бүгінде мал бордақылаумен айналысуда.

 

 

Пікір қалдырыңыз