Диқандардың үміті зор

Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда егістік алқабына ертерек орақ салатын оңтүстік диқандары бүгінде дала жұмыстарын қыздырып, қырманның береке-байлығын біршама тасытып үлгерді. Егістік алқаптарындағы комбайн-кемелердің жүрісі жылдамдаған сайын қырмандағы алтын түстес арпа мен күміс түстес бидайдың көлемі ұлғайып келеді. Осылайша қырман басындағы төмпешік-таулар да бірте-бірте биіктеп барады.

Иә, биылғы нағыз жұмыс істейтін кезде қол-аяқты жіпсіз байлаған карантиндік жүйе ел экономикасына едеуір салмақ болғаны рас. Ерте көктемнен басталған оқшаулану режимі әлі де еркін қимылдауға мұрша берер емес. Бірақ соған қарамай дала жұмыстарын дер кезінде атқарып, уақытты тиімді пайдалана білгендердің еңбегі еш кеткен жоқ. Есесіне, ерте көктемдегі жауын-шашынның мол болуы бұл дақылдың бітік шығуына өз әсерін тигізіп, еліміз астық өсіру бойынша биыл біршама жетістіктерге жетеді деген болжам бар.

Ресми дерек көздері биыл елімізде егістік көлемі былтырғыдан 238 мың гектарға артқанын айтады. Оның ішінде Түркістан облысы да бұрын-соңды болмаған биік межені бағындырып отыр. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, облыс құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. «Биыл 825,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар 100% орындалды» дейді басқарма басшысы.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес мал азығындық дақылдарға көбірек көңіл бөлінгенін айтқан басқарма басшысы оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда он мың гектарға артып, 211,1 мың гектарға жеткенін мәлімдеді. 231 мың гектарға масақты дәнді дақылдар егілген. Оның ішінде бидай 185,2 мың гектар, арпа 45,9 мың гектар, дәндік жүгері 43,5 мың гектар, мақсары 85,5 мың гектарға егілген.

Басқарма басшысының айтуынша, алдын-ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 231,1 мың гектар масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 21 центнерден өнім алынады деп жоспарлануда. Бүгінгі күнге дейін астықтың алпыс пайыздан астамы орылып (137,4 мың га), гектар түсімділігі 19 центнерден айналды, қамбаға 261,1 мың тонна астық құйылды. Тамыз айының алғашқы онкүндігіне дейін жалғасатын алдағы он бес күнде шаруалар 185,2 мың гектарға егілген бидайдың қалған сексен мың гектарын, ал, арпаның (45,9 мың га егіліп, 34,5 мың га орылды) қалған он мың гектарын шашпай-төкпей жинап алуға күш салмақ. Астық жинау науқанына облыстағы 993 комбайнның тоқсан пайызы тұрақты қатысып жатқанын айтқан мамандар белгіленген уақытта межені толық орындауға үміттері зор.

Бүгінде бидайдың нарықтағы бағасы – тоннасына 80 мың теңгені құрап отыр. Ал, малға азық болатын сабанның тоннасы 15 000 теңге төңірегінде сатылуда. Егер бір гектар астық өсіруге орташа есеппен 40-45 мың теңге шығын шығатынын ескерсек, әр гектардан 50-60 мың теңге табыс табуға болады. Бұл астық өндіруші 5712 агроқұрылымның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң серпін берері сөзсіз.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз