Жалған ақпарат жарға жығады

Сөздің төрге шыққан заманы. Ақпарат дегеніңіз ағыл-тегіл. Өкініштісі, бір жаңсақ ақпараттың кейде бір адамның, бір отбасының тағдырын, бір елдің тыныштығын бұзып жіберетінін ескере бермейміз. Оның үстіне әлеуметтік желіде қолынан келетін де, қолынан келмейтін де өздерін журналист сезінеді. Бәрі де журналист, редакторы жоқ журналист.

Күні кеше ғана Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында естіген адамды өкіндіретіндей бір оқиға орын алды. Қысқартып айтқанда, «тентек судың» уыты бойына өтіңкіреп кеткен бір жігіт ауылдасымен ілінісіп қалады. Оның соңы жанжалға ұласады да, артынша тарқасады. Алайда, араға көп уақыт салмай, үш-төрт жігіттің басын қосқан әлгі жігіт қарсыласын қайта іздеп келіп, үйді таспен атқылайды. Оқиға орнына учаскелік инспектор жетіп, жанжал басылады. Бірақ, ол жанжалдың басылуы оңайға түспейді, тәртіп сақшысына да тас тиеді.

Негізі о бастағы бар оқиға осы болатын. Өмір болған соң кім кіммен ерегіспей, кім кіммен төбелеспей жатыр?! Ерегісіп, төбелесіп болған соң ертесіне түк болмағандай қайта татуласып кетіп жатқандар қаншама?! Бұл оқиға да қисын бойынша солай аяқталуы керек еді. Бірақ, іске әлеуметтік желі кіріседі. Нақтырағы, әлеуметтік желіде жалған ақпараттар тарап кетеді де, оқиға ұлтаралық сипат алып, Шорнақтағы қазақтар мен өзбектердің төбелесі ретінде сипатталады. Ар жағы белгілі. Ел болған соң қаны қызатындар да табылады, оларға басу айтатындар да табылады. Бір қуанарлығы, бұл оқиғада елді сабырға шақырғандардың даусы өктем естілді. Осындай адамдардың терең парасаттылығының арқасында болуы мүмкін қайғы-қасіреттердің жолы кесілді. Әйтпесе әлгіндей жалған ақпараттардан кейін Шорнаққа біраз қызуқанды жастар жиналып қалған.

Қазір облыс әкімдігінің, ішкі істер органдарының қызметкерлері оқиғаның ақ-қарасын анықтап жатыр. Жағдай толық бақылауда.

Алайда, айтайын дегеніміз бұл емес. Айтайын дегеніміз, әлеуметтік желі қолданушыларының ішкі мәдениеті деген мәселе. Сіздің бір ауыз сөзіңіз ел мен елдің арасын ажыратып, ағайын мен ағайынның арасына сызат түсіретін болса, кім болғаныңыз? Құдай өмір беріп, қариялық жасқа жетіп жатсаңыз, ертең жастар сіздің аузыңызға қарамай ма?! Сол кезде мұндай ауызда дуа бола ма? Ауызда дуа болмаса, қария болудың қажеті не?! Сондықтан қолдан келсе ел мен елді жақындастыратын әңгіме айту керек қой. Ол қолдан келмесе, абзалы үндемей қалған. Сіздің жалған ақпарат таратқаныңыздан гөрі үндемей қалғаныңыздан ел ұшан-теңіз пайда көреді. Осыны ұмытпайық!

А.БЕКНАЗАРҰЛЫ.

 

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Ауыл үйдің балалары бір-бірімен жаға ұстасып қалған екен. Оны ұлтараздық қақтығыс деп бағалап, бір-бірімізді төпелей беретін болсақ зайырлы, тәуелсіз мемлекеттігіміз қайда қалмақ?! Аядай ғана Шорнақта болған төбелесті соншалықты ушықтырып, оны ұлтаралық жанжалға әкеліп телуді өз басым достың, жанашырдың әңгімесіне қоспаймын. Екі ұлттың арасындағы барлық дау-жанжалды осылай бағаласақ қайтіп ел боламыз? Түркістан топырағында дүниеге келген Әділ Якубов, Насыр Фазылов секілді өзбектің тамаша талантты жазушылары бар. Олардың бүкіл шығармашылығынан қазақ бауырларға деген, Түркістан топырағына деген махаббат есіп тұрады. Қазақ пен өзбек халқы – ежелден туыстас, ежелден рухани бауыр халық. Рухани бауыр халықтың арасын бөліп әңгіме айтуға болмайды.

 

Бақытжан ДҮКЕНБАЙ, облыстық жастар ресурстық орталығының мәдени ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, белсенді жас:

– Әлеуметтік желіде Шорнақтағы оқиғаға байланысты түрлі жазбалар, бейнежазбалар тарап кетті. Әлеуметтік желі қолданушыларының бұл әрекеттерін жөнсіз деп бағалаймын. Оның бәрі түптеп келгенде екі ұлттың ортасына от салатын, елдің татулығын бұзып, тынышын кетіретін жазбалар. Екі азамат арасында туған тұрмыстық кикілжіңді ұлтаралық дауға айналдырудың қажеті жоқ. Одан елге, халыққа келер пайда жоқ. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуды құқық қорғау органдарының еншісіне қалдырған дұрыс деп есептеймін.

 

 

Пікір қалдырыңыз