Жастар арасындағы қылмыс қалыпты жағдайға айналып барады. Неге?

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Мың құбылған бүгінгі таңда жас ұрпақ тым қатыгезденіп бара жатқандай. Күн сайын олардың қолымен жасалатын небір жан шошырлық қылмыстар туралы жиі еститін болдық. Ілгеріде адамды аяусыз ұрып-соғуға, атып тастауға, пышақтауға екінің бірінің қолы бармайтын еді. Бүгінде мұндай қатыгездікке баруға буыны қатып үлгермеген көкөрім жеткіншек те шімірікпейтін болды.

Бұрынғының жігіттері төбелесті жұдырықпен қыздырса, бүгінгінің жастары бір-біріне тапанша кезенетін болған. Күні кеше ғана Маятас ауылында болған ерегістің соңы кісі өлімімен аяқталды. Досымен көшеде бірге келе жатқан он жеті жасар студентті жолай кезіккен бір топ жігіт көк ала қойдай етіп сабап, соңында кірпішпен басын ұрып жарған. Қатты тиген соққыдан миына зақым келген бозбала есін жимастан бақилыққа аттанды.

Марқұмның ағасы «құлағы мен басынан қан ағып тұрды. Саусағында тырнақтары жоқ. Айуандықпен ұрып-соққан. Інім спортпен айналысады, бірақ, 7-8 бала жабылғандықтан, қарсы тұруға шамасы келмеген. Барлығы 15 адам болған» деп жанайқайын жеткізгенімен, тиісті органдар балалар кәмелет жасына толмағандықтан сотқа дейінгі тергеу ісі жария етілмейтінін мәлімдеді.

Бұл – бүгінгі жастар қылмысының бір ғана көрінісі. Өкініштісі, мұндай қылмыстар қалыпты жағдайға айналып барады. Біздің білетініміз, жалпақ жұртқа жария болғандары ғана. Ал, еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың қолымен жасалатын қаншама азғындық әрекеттер жабулы күйінде жатыр.

Балалар қылмысының бұлай ушығып, олардың жүректерінің осынша қарайып, қатыгезденіп кетуіне не себеп? Бұл сауал бәрімізді де мазалайтыны анық. Біз бұл сұрақты осы мәселенің басы-қасында жүрген білікті мамандарға қойған едік.

 

Дәурен САЙХАНОВ, Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

– 2020 жылдың алғашқы үш айындағы жасөспірімдер қылмысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір азайған. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Бүгінгінің балалары ата-анадан дұрыс тәрбие ала алмай отыр. Оған себеп те көп. Ең бірінші, әке-шеше таңнан кешке дейін табыс табу жолында жүреді. Өйткені, қазір барлық тірлік ақшаға келіп тіреледі. Ал, бұған жол бермес үшін не істеу керек? Жастар бос уақытын тиімді өткізуі үшін білім, спорт немесе өнер бағыттарындағы үйірмелерді көбейтуіміз керек және олардың қызметі тегін болуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде мұндай мүмкіндік жоқтың қасы. Өзім қылмыс жасаған жасөспірімдермен сөйлескенде басым бөлігінің көп балалы отбасыдан шыққандарын және сабақтан кейін қолдары бос екенін байқаймын. Айналысатын ісі жоқ, қолы бос бала не істейді? Әрине, теріс әдетке үйір болады. Сондықтан әр бала сабақтан кейін сүйікті ісімен айналыса алатындай жүйе қалыптастыруымыз қажет.

 

Айгүл ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ, психолог:

– Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, балалардың ата-анамен арадағы қарым-қатынастары қандай деген сауалдың жауабын табуымыз керек. Ата-ана перзентіне қаншалықты үлгі бола білді? Мұндайда «Бала отбасында қауіпсіздікті сезінді ме? Ата-анасының махаббатына бөленді ме? Ата-ана баласы қандай болса, дәл солай қабылдай алды ма? Оның шалыс басуына себепкер болған жоқ па? Өз әулетіне, отбасына, жынысына қатысты ата-анадан ақыл-кеңес тыңдап, жауапкершілікті сезінді ме?» деген сұрақтар қойылады.

Сондай-ақ, өтпелі кезеңде жасөспірімдер ойламаған іс-әрекеттер жасап, күтпеген шешімдер қабылдайды. Егер ата-ана баланы ұялтатын әрекеттерге барып, кінәлай беретін болса, айтқанын ұдайы қол көтеріп, күш жұмсап, істетіп отырса және отбасындағы тәрбие авторитарлық бағытта болса, бала өскенде бейсаналы түрде оның барлығын өз тәжірибесінде жүзеге асырады. Демек, ата-ананың мейірімін толық сезінбеген жасөспірімнің психологиясында ауытқу пайда болады. Ол үшін психологиялық тренингтерге қатысып, жеке кеңестер арқылы түзету-сауықтыру шараларын қолға алған жөн. Бұл жөнінде психологтардан кеңес алатындар аз емес. Алайда, көбісі жағдай ушыққан соң ғана келеді...

 

Амалбек ӨМІРТАЙ, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Алайда, өрімдей жастардың қылмыс жасауына көз үйреніп барады. Тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімделе беретінін ескерсек, бұл – аса өткір мәселе.

Осы жағдайлардың алдын алу үшін баланың бойына жастайынан құқықтық тәрбие мен құқықтық білімді сіңіруіміз қажет. Сол арқылы жасөспірім қылмыстың, заңның не екенін ұғынады. Тек ұғындырып қана қоймай, оларды заңды құрметтеуге, қорғауға және орындауға дағдыландыру өте маңызды іс.

 

Бегімхан АХМЕТОВ, облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі:

– Бізде қылмысты тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан жасөспірімдер жасайды деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Дегенмен, статистикалық көрсеткіштер бай-бағланның балалары да қылмысқа жиі баратынын көрсетіп отыр. Яғни қылмыс әлеуметтік орта таңдамайды деген сөз.

Жасөспірімдердің қылмысқа жиі баруына ойынханалар мен компьютер клубтарының да қосар үлестері аз емес. Олар қатыгездік пен пайдакүнемдікті осындай жерлерден бойларына сіңіреді. Бізде олардың жұмыс істеуіне шектеу қойылмаған. Бірақ, заң бойынша балаларға түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған. Дегенмен, жасөспірімдер сабақтан кейін көбінесе осындай жерлерді жағалауға құмбыл. Әрине, оған ақшаң болмаса кіргізбейді. Ақшасы жоқ бала не істейді? Амал жоқ, ұрлық істейді болмаса әлсіздерден ақша және ұялы телефон тартып алу сияқты қылмыстарға барады.

Тілші түйіні: Міне, мамандардың тұжырымы осындай. Бәрінің ортақ пікірі үйдегі тәрбиеге саяды. Қазақ үшін отбасындағы тәрбие үлкен ұлағаттың ортасы. Ал, балаға сол ұлағатты ұғындыру – ата-ананың міндеті. Шындығында, біз осы құндылықты дұрыс ұғындыра алмай жүрген сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

 

 

Пікір қалдырыңыз