ЖАС ҚАЛАДАҒЫ БАС МАМАН

Жас маман - бас маманға айналды!

Қазақ елі тәуелсіздік алып, жаңа дәуіріне қадам басқаннан кейінгі жарқын жетістіктердің бірі әрі бірегейі – ұлан байтақ жеріміздің орталығынан бой көтерген Елордамыз. Жаңаша кейіпте құшағын кеңге жайып келе жатқан бас қаламыз бүгінде жалындаған жастардың ордасына айналып үлгерді. 


Осыдан он жылдай уақыт бұрын Нұрлан атты ағам «қалаға барып мемлекетке қызмет етемін» - деп алқынып жүріп, ақыры ойындағы жоспарын жүзеге асырған. Ол кезде мен оннан енді асқан бала болсам, арман қуған ағам жиырма бестердегі зіңгіттей жігіт еді. Алайда, жоғарғы оқу орнын бітіргені болмаса, тәжірибесі толыса қоймаған адам бірден былғары орындыққа қайдан отырсын? Оның үстіне барған қаласы білдей бір мемлекеттің қара алтынын өндіріп отырған мұнай астанасы болса. 


Балалық шағын киелі Түркістан өңірінде өткізіп, кейіннен отбасымен тарихы терең Таразға көшкен ағам Ақтау қаласына алғаш барғанда жарқыраған хан сарайындай зәулім ғимараттардың сәулетіне біршама тамсанған-ды. Дегенмен, жер көрдім екен деп қызығына қанғанша қыдыра бермей, екі қолға бір күрек табу тіршіліктің заңдылығы емес пе? Бірнеше күн өткеннен кейін Нұрекеңнің үйіндегілерден «ағаң халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа тұрды» дегенді естідім, жалпақ тілмен айтсақ «бір терезеде» жас маман атаныпты. Сол кезде «сонау батысқа қарапайым қызметкер болу үшін кетті ме? Осы жақтан да табылар еді ғой» деп ішімнен ойлағаным да рас. Ол да бір жақын адамның алысқа кеткеніне ренжіген бала көңілімнің белгісі болар. Қазір ойланып қарасам, арманына жету жолына түскен адам ештеңеге қарамастан, барлығын басынан бастайды екен ғой. 


Содан, түрлі мәселесімен келген тұрғындарға қолайлы қызмет көрсету саласында нәтижелі жұмыспен көзге түскен ағам бірнеше жылдың ішінде бас маманға айналып, одан бөлек Ақтау қаласындағы ХҚКО-ның бірнеше филиалына басшы болып, кейіннен Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманына айналып шыға келді. Ол қызметін де біршама жылдар бойы абыроймен атқарып жүргенінде, биыл 22 жасқа толып отырған Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан қызмет ұсынған екен. Әлбетте, ел үшін тер төккен адамдардың қай-қайсысы болмасын өзінің біліктілігін құрметтеген ортаға барудан бас тартсын ба? Бүгінгі таңда еңбек жолын қарапайым қызметкер болып бастаған ағам Мемлекеттік кірістер комитетінде бас сарапшы.     


«Еліміздің астанасында абыройлы қызмет атқару көп адамға бұйыра бермейтін бақ десем болады. Өз басым осыдан он жылдай уақыт бұрын арманым болған, бүгінде осындай жетістіктерімнің мекені болып отырған Елорданың қысқа мерзім ішінде тамырын тереңге жіберіп жатқан шаһарға айналғанына қуанамын. Бұл қала мыңдаған қаракөздерімізге мол мүмкіндік сыйлады және осы қалпынан айнымайды деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан – ел игілігі үшін ерінбей қызмет ете білген кез келген адамның арманына жетер ордасы» - дейді Нұрлан ағам.


Расында, еліміздің бас қаласын Алматыдан жаңа сәбидей бой түзеп келе жатқан Астанаға ауыстырғанда "болашағы қандай болар екен деп алаңдадық» - деген пікірлерді жиі естиміз. Дегенмен қазақ қаракөздері молынан жиналған болашағы жарқын қала бүгінде білікті маманға айналған жастармен бірге өсіп, сол кездегі шешім оң нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл бірлігі бекем халықтың ортақ қуанышы. Бүкіл әлемнің назарына іліккен Елордамыздың еңсесі биік болсын!


Бауыржан ЕРМАН,

«Ontustik Qazaqstan».

7 пікір

  • Серік Тараз қаласы.
    Серік Тараз қаласы.

    Нұрлан бауырыммен кезінде университетте бірге оқығанбыз. Осы күнге дейін жақсы қарым-қатынастамыз. Өз ойымды қорытындылай келе, нағыз достыққа адал, көмекшіл жігіт. Өзі лауазымды орындарға лайықты жігіт екеніне көзім жетті. Қызметің құтты болсын бауырым.

  • Қасымбаев Ғабит
    Қасымбаев Ғабит

    Нұрлан бауырыммен біраз жылдан бері таныспыз. Ақ көңіл өте бауырмал азамат. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін жалғызға серік бола алатын азамат. Өз іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер, болашағынан үлкен үміт күттіретін білімді де білікті маман. Орның құтты болсын бауырым! Жүрер жолың ұзақ, шығар тауыңыз биік, көрер қызығың мол болсын!

  • Алимжан Ертаевич
    Алимжан Ертаевич

    Нурлан бауырымыз оте енбекхор азамат оте камкор бастаган жумысын аягына дин жасайды енбекгинин жемисин же бик шындардан корне бер

  • Бектурганова Зайтуна
    Бектурганова Зайтуна

    Еңбегіңіз жемісті, биіктерден көріне беріңіздер, өте алемі жазыпсыз, армандар орындалады???? ????????????

  • Күлән Сыздыққызы
    Күлән Сыздыққызы

    Баука жазарың таусылмасын. Ағаң Нұрланның артынан ерген бауырысың.Еңбектерің еселеніп ,шыңдарға шығып биік белестерді бағындырып , халық камын ойлайтын,ел тыныштығынкамдайтын беделді азамат болуларыңа аналық шын жүректен тілектеспін.Алға койған арман мақсаттарың орындады берсін ИншаАллах.

  • Жанар Есмурзаева
    Жанар Есмурзаева

    Нағашылар жарайсыңдар!!!

  • Мейірхан Бектұрған
    Мейірхан Бектұрған

    Еңбегің жемісті болсын Бауыржанның ағасы Нұрлан

Пікір қалдырыңыз