«Турист агенті» мамандығы ашылды

Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков туризм саласын дамыту мақсатында аудан жастарының мол потенциалын пайдалану қажеттігі туралы ұсыныс айтқан болатын. Осының негізінде биыл колледжде жаңадан 0511000 Туризм салалары бойынша «Турист агенті» мамандығы ашылып, алғашқы талапкерлерді қабылдауда.

Түркістан көпсалалы-техникалық колледжі Төлеби ауданының Көксәйек елді мекенінде орналасқан. Бәріне белгілі, біздің аудан өңіріміздегі таулы туризмнің алтын діңгегі саналады. Бүгінде мұнда туризм саласын дамыту, оны халықаралық жолға қою жұмыстары қолға алынған. Біздің табиғатымыз бен сервистік қызмет көрсету нысандарының  мүмкіншілігі жоғары.

Таудың қыр-сырын, жоталары мен өзен-көлдерін, қауіп-қатерге толы аймақтары мен қолайлы мекендерін сол жерде туып-өскен жастардан артық ешкім білмесе керек. Бала кезінен өңірдің барлық жерлерін жатқа білетін жастарымыз ауданға келген туристерге жол көрсетуі құптарлық іс. Сол үшін де біздің оқу ордасы ендігі жерде жастардың білімі мен біліктілігін көтеруді өздеріне мақсат етіп қойды. Колледждің орналасқан жері де студенттер үшін өте қолайлы.

Облыс әкімдігінің қолдауымен Төлеби ауданында «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталығының жобасы жүзеге асырылмақ. Теңіз деңгейінен 3 200 метрге дейінгі биіктікте шаңғы трассалары мен арқанды және бөген жолдарының құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, қонақүйлер, аквапарк, Альпі ауылдары, ойын, спорт және жаттығу орталықтары орналасады. Жалпы, Сайрам-Өгем табиғи ұлттық паркі аумағында 360 гектар жерде орналасқан кешен аймақтың бай туристік инфрақұрылымын дамытуға өз пайдасын тигізеді деп күтілуде.

Қазір ауданда 70 туристік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы ауданға 30 мыңнан астам турист келген. Қысқы туризм жақсы дамығандықтан ауа райы қолайлы, табиғаты тамаша жерге келушілердің қатары алдағы уақытта да көбейері анық.

Сонымен қатар, аудандағы ең көрікті жерлердің бірегейі Балдыберек өзенінің бойында орналасқан Балдыберек және Төңкеріс ауылдарының көркем табиғаты мен климаттық жағдайы жазғы және қысқы туризмді дамытуға өте қолайлы. Қысқы туризмді дамыту, сервистік инфрақұрылымды, туризмдік маркетингті және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша да түрлі жұмыстар атқарылуда.

Осындай мекендерді туристерге таныстыру жаңадан ашылған «Турист агенті» мамандығын игерген біздің колледж түлектерінің еншісінде болмақ. Қоғамға керек кадр болашақта ауыл жастарының қиялдарына қанат бітіріп, белгілі бір маман иегері атануына сеп болары анық.

Болат ЖАНӘБІЛ, Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің директоры.

 

 

Пікір қалдырыңыз