ҚОШ БОЛ, ҮМІТХАН...

Мына обыр індет адамзатқа тырнағын батырудай-ақ батырып жатыр. «Сен аяулы екенсің, сенің көрмеген қызықшылығың әлі көп еді, сен перзенттеріңді жетілдіруің керек еді...» деп жатқан жоқ. Адам талғайтын емес. Соңғы екі-үш аптаның өзінде-ақ басынан не өтпеген қазақ небір аяулы ұл-қыздарын жоғалтып алды. Қазақтың сондай аяулы перзенттерінің бірі – «Оңтүстік Қазақстан» газеті руханият бөлімінің меңгерушісі Үмітхан АЛТАЕВА еді.

Оның аяулы болатыны – саналы ғұмырының басым бөлігін ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына арнады. Алдымен жұрттың баласының жанарындағы жасты сүртіп, сосын өз ұл-қыздарының жағдайын сұрады. Бұл сөзге біреу сенер, біреу сенбес, бірақ шын журналист тек осылай істейді. Ал, Үмітхан Алтаева шын журналист еді, бүкіл болмыс-бітімімен журналист еді.

Көзіқарақты оқырман жақсы біледі, газетімізде «Жақсының жары» деген тұрақты айдар бар. Бұл айдарда өмірден өтіп кеткен қазақтың талантты азаматтарының арттарында қалған жарлары сөз алады. Кез келген азаматты жарынан артық кім білуші еді?! Тұлғалардың екінің бірі біле бермейтін қырларын жарлары арқылы ашуға талпыныстан туған айдар ғой. Сол айдарды кім жүргізеді деген мәселеге келгенде бәріміз Үмітханға тоқталып едік. Неге? Өйткені, бұл айдар сізден тек жүрекпен жазуды талап етеді. Ал, жүрекпен жазу дейтін мәселеге келгенде Үмітхандай жүйрік жазбагерді табу қиын еді ғой.

Аталған айдар бірнеше жылдан бері оқырмандардың рухани сұранысын қанағаттандырып келеді. Қазір осы айдардың аясында жарық көрген тәлім-тәрбиеге бай дүниелерді құрастырса үлкен бір кітап болып шығар еді. Және ол әйтеуір кітап болмай, ұлт руханиятына ерекше үлес қосатын кітап болып шығар еді. Үмітхан Алтаеваны «шын журналист еді, бүкіл болмыс-бітімімен журналист еді» дегенге бұдан да басқа мысалдар жетіп артылады.

Таланттарға тән бір мінез – аңғалдық. «Оңтүстіктің» Үмітханы да елдің бәрін өзіндей көретін, жұртқа өзіне сенгендей сенетін. Мына айлакердің өзіне амал таптырмайтын ажал баладай аңғал Үмітханымызды оңай алды. Өкіндіріп бара жатқаны да осы. Әйтпесе, ол тағдырдан ешқандай жамандық күтпеп еді. Жазылып кетемін деп ойлаған. Соңғы сәтке дейін сол сенімінен айнымаған. Үзілерінен бірнеше күн бұрын ғана әлдебір жағдайлармен мекеменің заңгері хабарласқанда тоқ көңілмен сөйлескен. «Құда қаласа, жұмысқа шығамын» деген жайбарақат. Бақытжан баламыз «Үмітхан апаның даусында үрей жоқ еді» дейді. Артынша ажал шіркіннің ол жатқан ауруханаға қуып жеткенін көрмейсіз бе...

Содан бергі күндер редакцияда Үмітхансыз өтіп жатыр. Өкінішті, әрине. Тек өкінбейтінің әріптесіміздің өте мазмұнды өмір сүргені. Артына ұлағатты сөз қалдырғаны. Ұрпаққа өнеге тастап кеткені. Демек, бұл әріптесіміз Үмітхан Алтаеваның текке өмір сүрмегендігін білдіреді.

Мына өмірде көрмеген жақсылықтарың болса, оның бәрі ұрпағыңа нәсіп болғай, Үміт дос, Үміт апа, Үміт бауыр, Үміт тәлімгер! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғай!

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы.

 

 

2 пікір

  • Күлән Сыздыққызы
    Күлән Сыздыққызы

    Жүзінде күлкі ойнаған.

  • Күлән Сыздыққызы
    Күлән Сыздыққызы

    Арты кайырлы болсын.Жаны жәннәттан ,орны пейіштің төрінен орын алсын.Отбасына балаларына сабыр берсін.Оңтүстік газет ұжымының кайгысына отракпыз.Үмітхан бауырымыздың жаткан жері жайлы иманы өзіңе серік болсын.Қолдан келер шара жоқ.

Пікір қалдырыңыз