Науқан қариялардың батасымен басталды

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданының диқандары бидайға орақ салды. Таулы ауданның күнгейі саналатын Қазығұрт тауының етегіндегі Кемеқалған ауылының диқандары көрші ауылдарға қарағанда астыққа орақты ерте салады. Шаруалар үшін әр минут алтынмен тең. Олар карантин кезінде де әбжіл әрекет үстінде. «Қазығұрт» өндірістік кооперативінің егістік алқабында болған біз науқандық жұмыстың жай-жапсарымен танысып қайттық.

 

Бір маусымда миллион теңге...

Танапта таң алакеуімнен комбайнның даусы шығады. Біз келгенде даусы сонадайдан естілген 4 комбайн бидай орып бара жатты. Ең шетіндегісін тоқтатып, сөзге тарттық. Механизатор Болатбек Құлтаев 16 жылдан бері комбайнмен қатар, К-700 тракторын да тізгіндеп келе жатыр екен. Маңдайындағы ащы терді сүртіп, жымия қараған механизатор техниканың тілін білген адамға жұмыс көп екенін айтады. Шаруашылық төрағасы механизаторларға гектарына 2000 теңгеден төлейді екен. «Таң алакеуімнен тұрып жұмысқа кірісіп, қас қарая үйге барамыз. Әрине, күннің ыстығында шаң-тозаңның арасында жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, адамның өзі қалаған жұмыстың ләззаты қашанда ерекше болады. Басқа шаруашылықтар да көмекке шақырып жатады. Өзімізге тиесілі аймақты орып болған соң, көршілерге көмектесуге барамыз» дейді комбайншы. Бір күнде көмекшісіз 15 гектарға дейінгі алқапты орып тастайтын механизаторлар маусым сайын миллион теңгеден аса табыс табады екен. Сондықтан олар дәл осы кезде жұмыстың ауырлығына қарамай қимылдап қалуға тырысады.

Өндірістік кооперативтің бас агрономы Самат Ережепов биыл орақ науқанының ертерек басталғанын айтады. Кооператив иелігіндегі 1000 гектар бидай мен 400 гектар арпаға айдың басында-ақ орақ түскен. Арпа ору науқаны аяқталу үстінде, бидай ору енді басталып жатыр. Одан бөлек 600 гектар мақсары бар. «Шаруаның қолын байлайтын қосалқы бөлшек пен жанар-жағармайдың қымбаттағаны болмаса, биыл бидайымыздың шығымы керемет. Гектарынан 25 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Әрине, адамның қолынан келетін тірліктің бәрін істедік, дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне еш шара жасай алмаймыз. Жаңбырдың сәл кем болуы, керек емес кезде күннің қатты ысып кетуі де өнімге кері әсерін тигізгені рас. Алайда, өнім былтырғыдан 5 центнердей жоғары. Шүкір, техникамыз да жүріп тұр. Үмітіміз зор. Орақ шілде айының соңында аяқталады деп отырмыз» дейді бас агроном. Науқан кезінде жұмылған 40 шақты жұмысшы күні бойы тынбайды. Тіпті, кешегі карантин талаптары күшейіп тұрған кезде де шаруалар бір сәтке жұмысын тоқтатпаған.

 

Субсидия техникалық базаны жақсартуға көмек еді

Бидай өңір көлеміндегі диірмендерге, макарон зауыттарына таратылса, арпаны құс фабрикалары-ақ қоймайды екен. Одан бөлек, пай үлесі бар 500-ге жуық мүше де үлес алады. Шаруашылық иелігіндегі 1000 гектар жер бүгінде парда жатыр. Оны келесі жылға бидай егуге дайындайды. Кооперативте мал шаруашылығы да бар. Техника да жеткілікті. Дегенмен, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардың қысқартылып кетуі шаруаларға оңай тимепті. Бұл туралы өндірістік кооператив төрағасы Талғат Сейданов (суретте) атап өтті. «Субсидия бізге техникалық базамызды жақсартып отыруға үлкен көмек еді. Егер мүмкіндік болып жатса сол субсидияның қайта қалпына келтіруін ауыл шаруашылығы құрылымдарының атынан өтінген болар едік» дейді ол. Сонымен бірге, бүгінде тыңайтқыш пен жанар-жағармайға деп берілетін субсидия да дер кезінде шаруаларға жетпейді. Себебі, қолбайлау болатын артық талаптары көп. «Ол талаптарды орындап болғанша уақыт күтіп тұрмайды. Жер өз уақытында жыртылып, дән өз уақытында себілуі тиіс. Негізінен жанар-жағармай бөлу де солтүстік өңір диқандарының уақтысына орайластырылған. Ал, бізде білесіздер, егіс жұмыстары бір ай алдын жүреді. Осындай қиындықтар да кездесіп жатады».

Төраға Талғат Сейданов уақытпен санаспай, таңның атысы, күннің батысы егін алқабында жүрген жігіттерге ризашылығын білдіріп жатыр. «2020 жылдың егін орағына кірістік. Дер кезінде жинап алсақ деп бар күшімізді жұмсап отырмыз. Елдің ынтымағы мен халықтың ауызбіршілігінің арқасында шаруашылық жылдан-жылға кеңейіп келеді. Облыстағы алдыңғы қатардағы кооперативтердің ішіндеміз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, егіннің бітік шығуына күш салдық» дейді.

 

Биыл түсім жоғары

Төлеби ауданында биыл үйіргелік жерді қоса есептегенде 65896 гектар алқапқа егіс егілген. Оның 13900 гектары бидай (8400-і – күздік, қалғаны – жаздық). Орақ науқанына 41 комбайн мен 419 доңғалақты техника қатысып жатыр. «Жыл сайын егін орағын Кемеқалған ауыл округінен бастаймыз. Көріп отырсыздар, биыл бидайдың түсімділігі жақсы. Ал, мақсары жоспарланғаннан аз болды. Оның орнына арпаны көбейтіп, есесіне арпа 109 пайызға орындалып отыр. Былтыр жеңілдетілген тыңайтқыштан 560 тонна алсақ, биыл екі есеге көбейтіп, 1430 тонна алдық. Осының арқасында бидай таза, түсімділігі де жоғары болады деп үміттенеміз. Құдай қаласа, бәрі күздегі жиын-терімде белгілі болады» дейді Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Кұттымұрат Тұрғынбаев. Бөлім басшысы мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген тыңайтқыш пен жанар-жағармайды электронды кілт арқылы алу қажеттігін айтады. Диқандар осы мәселеде қиналып жатады екен.

Бұл күні орақ маусымының ашылуына қатысқан ауыл ақсақалдары диқандарға батасын берді. «Аспаннан жауын, жерден өнім болсын, еліміздегі болып жатқан жаман індеттің беті ертерек қайтып, тыныштық заман орнасын» деп ақ батасын берісті қариялар.

Дұғаларыңыз қабыл болып, тілектеріңіз орындалсын дедік біз де.

 

 

Пікір қалдырыңыз