Жоғалтқан жылдарына көп өкінетін

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының табалдырығын 2008 жылдың күзінде тілші болып аттадым. Газеттің сол кездегі бас редакторы Бейсенбай Тәжібаевтың бұйрығымен «Мәдениет және өнер» бөліміне үш ай сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдандым. Маралтай Райымбекұлы, Әшірбек Сығай, Асанәлі Әшімов, Нұрқанат Жақыпбеков сияқты белгілі тұлғалармен айқарма беттегі сұхбаттарын қызыға оқитын журналист Үмітхан Алтаева бөлім меңгерушісі екен. Келістіре қиған шашы желкесіне жараса қалған, ұзын бойлы, дөңгелек көздерінің шарасына мейірім ұялаған апай жылы жүзбен қарсы алды.

Үмітхан апай ертелі-кеш компьютердің пернетақтасын жарып жіберердей тарсылдатып жазады да жатады. Оқырман хаттарын, ақын-жазушылардың, мәдениет саласы қызметкерлерінің жазбаларын газетке лайықтап өңдейді. Редакциядағы ең кішкентай кабинет саналатын аядай жұмыс бөлмесіне қазақ өнері мен әдебиетінің небір тау тұлғалары келетін! Исраил Сапарбай, Ержан Серікбаев, Заттыбек Көпбосынов, Әбілда Аймақ, Қымбат Әбілдина, Әбдіхан Нұрмағанбетов, Нышан Төлегенов, Ерғали Оразымбетов, Асқар Әлихан, Сайлаубек Жақсыбеков, Батырхан Дәуренбеков, Сейдуалы Темірбаев сияқты өз ісінің жанашырларымен әңгімесі жарасып жүре беретін. Бөлімге жаңадан келген жас тілші Дилара Бименова екеумізге мақала жазудың алғашқы әліппесін үйретті. Біріміз аудандық газеттен тәжірибе жинақтап келіп, екіншіміз жоғары оқу орнын үздік бітіріп келген маман болсақ та жазуымыздағы олпы-солпы тұстарды тігісін жатқыза отырып жөндеп беретін. Сөздерді дұрыс қолдану, кейіпкер болмысын штрихтармен, детальдармен ашу, сұхбаттасушыға сұрақты дұрыс қоя білу сияқты журналистиканың өзіміз біле бермейтін қыр-сырын үйрендік. «Сендер «үлкен қазанның» қайнауына түстіңдер. Бұл жерде әлі шыңдаласыңдар» деп үнемі қанаттандырып отыратын. Тіпті, талантты жастардың қамқоршысы еді, кейбірінің қарашаңыраққа жұмысқа орналасуына тікелей өзі себепкер болып еді.

Газеттің айқарма бетіндегі «Сенбілік сұхбаттар», ауыл клубтары мен кітапханаларының жұмысына арналған зерттеу, сараптама мақалалар, арнайы айдарлармен жазылған дүниелер осы кішкентай ғана кабинетте дүниеге келіп, нөмір сайын жарияланып жататын. Секретариатта кезегін күтіп, үйіліп жататын мақалалар қаншама? Құрдасы, журналист Еркін Досымбай айтатындай, «сағат тілі тұп-тура алтыны көрсеткенде «жүрегі тарсылдай бастайтын» Үміт апай барлық жұмысын тап-тұйнақтай аяқтап, үйіне асыға беттеп бара жататын. Бұл асығыстық көбінесе театрдың кешкі қойылымдарына да жетелейтін. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, облыстық опера және балет театры, әзіл-сықақ және сатира театрындағы әрбір жаңа қойылымнан қалмай, соның әрқайсысына арнап, мақала жазатын. Әртістердің ойынын, режиссер шешімін талдап-саралайтын. «Премьераға пікір» айдарымен жазылған мақалаларына газет беттерінде орын табылмай, секретариатта ұзағырақ жатып қалса шыр-пыры шығып, қоғамдық-саяси басылымда мәдениет шырағының да білтесін үрлеп өшірмей отырушы еді. Соңғы кезде «руханият шырақшысы» деген тіркес әркімге телініп жүр. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұлт руханиятын он жылдан астам уақыт үздіксіз әрі жанкешті еңбекпен насихаттаған Үмітхан Рзуанқызы шын мәнінде мәдениет майталманы бола білді. Еселі еңбегі бағаланып, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі кеудесінде жарқырап, туған өлкесі Кентау қаласының «Кентау жанашыры» атағына ие болды. Арайлым Мұратәлиева, Дәурен Айманбетов сияқты қаншама жас таланттардың әдебиетке келуіне мұрындық болды.

«Жақсының жары», «Бізден де өткен албырт шақ», «Жақсылар түскен үй», «Есімде қалған жалқы сәт» секілді ел ықыласына бөленген айдарлар аясында жазған мақалаларын оқырман қызыға оқыды, кейіпкерлерімен жақын танысты. Іссапармен ауыл-аймақты аралағанда оқырмандарымыз аты-жөнін тізе жөнелетін журналистердің бірі Үмітхан Алтаева еді. Қашан көрсең де жүйрік саусақтары пернетақтада жүгіріп отыратын Үміт апай жазуға тіпті ғашық болды. «Мен журналистикаға тым кеш, қырық жас шамасында келдім. Сендер сияқты жалындап тұрған шақта, ертерек келгенімде ғой...» деп жаны сүйген мамандыққа ұзақ уақыт жүріп жете алмай, жоғалтып алған жылдарына өкініш білдіретін. Бірақ, кеш келсе де, тынбас еңбекқорлығымен, жазуға деген құштарлығымен өзінің есімін өшпестей етіп қашап кетті.

Бойындағы қарапайымдылық, еңбекқорлық, төзімділік қасиеттерінің барлығы қазақ әйелінің болмысын айшықтайтын. Біз Үміт апайдан жанкешті журналист қана емес, жақсы әйел болудың да әдемі әдебін сіңірдік. Ешқашан ешкімге ақыл айтпай-ақ, айналасына көркем мінезімен үлгі бола білетін. Көнбіс әрі төзімді қасиеті өзгелердің тағдырына араша түсуге келгенде қайраткерлікке айналып шыға келетін. Әсіресе, ауылдан келген ағайын-туыстың денсаулығына сауға тілеп, аурухана мен редакция ортасын жиі жол қылып жүретін. Оларға шын жанашырлық білдіріп, дәрігерлерге жетелеп, ауруханаға орналастырып, ал, келесі күні ыстық тамағын апара жататын. Осының барлығын еш қынжылмай атқаратын. Оқуды жаңа бітірген жас қайынсіңлілері мен інілері жұмысқа тұру үшін алдымен Үмітхан апайды іздейтін. Орайы келіп тұрса жастарды демеп жіберуден еш тартынбайтын. Кейде мұндай өтініштер жиілеп кеткенде де шаршауын білдірместен, «мен бұлардың «отдел кадрымын ғой» деп кезекті мекеменің басшысына хабарласу үшін жұмыс телефонына қол соза беретін еді...Құда-құдағиларымен, дос-жарандарымен, курстас, кластас, ұжымдастардың барлығымен де жарасым тауып, жиын-тойлардан қалмауға тырысатын. Түскі үзіліс кезінде жұмысқа таяу базардан тәттісін түгелдеп, немерелерін ойлап жүретін нағыз әже еді!

Осының барлығы да арада ай өтпей-ақ естелікке айналар, сіз туралы өткен шақта мақала жазып отырамыз деген суық ой қаперімізге келіпті ме? Енді үлгі тұтар ақылшымыз, ұжымдас дос, өңір руханиятының жанашыры Үмітхан Алтаева туралы айтылар естеліктер тек сағыныш болып қалды. Сіз салған сүрлеуге көз тастай отырып, артыңызда қалған ізге қарап тәубе етеміз. Өмірде ұзақ жасағанымен, өзгелерге пайдасы тимей кететін пенделер қаншама? Ал, сіз өмірден кеткенмен, көңілден кетпейтін қаншама жақсы істің жаршысы болып жүректерден мәңгі орын аласыз!

Лаура ТАСТАНБЕК.

 

 

Пікір қалдырыңыз