Бірге жүрген күндерді сағынамыз

Санамыздың саңылауынан суырылып суық жел еседі. Өкпені қабатын өкпек жел. Шіліңгір шілде мұншалық суық болар ма?! Ерекше қымбат саналатын асылдарды аз уақытта арамыздан жұлып әкеткен сұм ажалдың арқамызға аяздай батқан ызғарынан жүрегіміз түршігіп, жан-дүниеміз солқылдап тұр. Шығыс елдері «Адам – дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадық, аттануың керек» деседі. Бірақ, бұл атың өшкір жаман індеттің салдарынан қапияда көз жұмған тұлғалардың қазасын жеңілдетер жұбату сөзі емес. Қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырда жақын жолдасыңның, курстас-досыңның қазасын аза тұтып, артынан аңырап жоқтау айтудан ауыр мұңлы нәрсе болмас, сірә. Құлын тайдай тебісіп бірге өскен, жастықтың қызғалдақ белесін бірге кешкен асыл досыңның өлімі өзекті өртер ащы кермектен бетер қасіретті шер екен!

Тағдырдың ісіне шараң бар ма?! Қыршын кеткен кешегі курстас-достарымыздан Алтынбек, Бақыт, Нұрлан, Бейбіт, Шырай, Гүлзира, Рәзия, Розаны ойласақ, өзегіміз от болып жанады. Қарап тұрсаңыз, қазақ журналистикасы қаншама талантты ұл-қыздарынан, дария-тілдің жауһар маржанымен ой өрген саңлақ сарбаздарынан көз жазып қалған. Университетте оқып жүрген кезінен-ақ бізді сырлы да сазды жырымен, аңқылдаған ақжарма көңілімен, жайраңдаған жарқын бейнесімен сүйсінтіп, есімізден мәңгі кетпестей қалып қойған Үмітханымыздың да (Алтаева) фәни жалғаннан бақилыққа аттанғанына әні-міне дегенше бір апта зулап өте шығыпты-ау. Құм сағаттай зуылдаған қайран, уақыт-ай! Амал қанша! Зейнет жасына жетіп, немерелерінің қызығы мен қуанышына масайрап, шат-шадыман ғұмыр кешер шағында бұл өмірмен қоштасуы бәрімізді күйзелтіп, ішімізге шоқ түскендей күйдіріп барады.

Осылайша оның екінші өмірінің – естелікке ескі әңгімені қоса қозғайтын мәңгілік ғұмырының парағы судырай бастады. Оның артында салмақты да салиқалы ойы қалды, өрнекті, өнегелі ізі қалды. Қарымды қаламгерін аңсап сағынған жұрты енді оны басылымның сарғайған беттерінен іздеп, халықтың мұң-мұқтажын тілге тиек еткен рухани мұрасынан сабыр табады. Адам өмірге өзіне берілген белгілі бір миссияны орындау үшін келеді деп жатады емес пе? Бұл реттен келгенде, ол Алланың санаулы ғұмырын тек ізгілікпен, жақсылықпен өрнектепті. Оның адам баласына ашуланған кезін ешқашан көрмеппіз. Біз оның жан-жағына тек шуақ шашып тұратын мейірімін, әдемі күлкісін, сұлулық пен әдемілікке құштарлығын көрдік. Сезімнің тұңғиығына батып оқыған өлеңдерін елітіп, езіліп тыңдадық. Жырына жылындық, ақылына жығылдық.

Кәсібіне дәл Үмітхандай адалдық танытып, тапжылмай еңбек еткен жан некен-саяқ-ау. Елге, жерге адал қызмет ете жүріп, отбасылық құндылықты қазақы тәрбиемен байытып, алтын асықтай ұлдарын үйлендірді, құндыздай құлпырған қызын құтты орнына қондырды. Немере сүйіп, бесік жырын айтты. Жабырқаған көңілді осы сәулелі тұстар сәл жібітеді.

Қазақ журналистикасының қара нарына айналған қайран, Үмітханым-ай, сен туралы осылай өткен шақпен сөйлеу бізге де оңай болып жатқан жоқ. «Өмір бар жерде – өлім бар» десек те жүректен шыққан ішкі өксіктің солқылы басылар емес. Бақұл бол, досым. Артыңда қалған сүйген жарың Алтай мен құндыздай құлыншақтарыңа Алла тағала сабыр берсін, ғұмыр берсін!

Бірге оқыған курстас достары атынан Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.

 

 

Пікір қалдырыңыз