Жолдасты жол айырады…

Мен Үмітхан апайды бұрыннан білетінмін. Сырттай... Бірақ, өзімен жақын танысып, тілдескен күнім 2007 жылдың 18-ші желтоқсаны еді. «Ән ғұмыр» атты алғашқы есеп беру концертімнен кейін сұхбаттасуға келген журналиспен бұрыннан таныс адамдай ағымнан жарылып, ақтарылып сөйлескенім әлі есімде. Осы бір байланыс беріде бізді өнердегі сыншы мен әртістей, өмірдегі ана мен баладай етті. Үмітхан Алтаева десе көз алдыма алыстан көріп қалса да баласынбай алып-ұшып келіп хәл сұрайтын, өңіріміздегі 8 театрдың премьераларын мүлт жібермей, тамашалап болған соң міндетті түрде пікір алмасатын, мәдениет саласының кері кеткен тұстарын тізбектеп, жасқанбай һәм жанашырлықпен жазатын жан келеді. Ол кісі өз сөзін тыңдатып қана қоймай, үлкенді де, кішіні де тыңдай білетін еді...

Қолымызға «Оңтүстік Қазақстан» газеті тие қалса алдымен апамның мақалаларын іздейтінбіз. Жазған дүниелері өте шынайы болатын. Әсіресе, өнер адамдарының жетістігі оның қырағы көзі мен қаламынан қалыс қалмайтынын білетінбіз. Сондықтан баспа бетінде жарияланған әрбір дүниесінен оның жүрегінің дүрсілі естіліп тұрардай еді.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті 2017 жылдан бері қатарынан үш жыл батырлар жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында «Жақсылар, дастан айтайын...» атты байқау өткізді. Сол іс-шараларда да маған сценарий авторы әрі режиссер ретінде Үмітхан Рзуанқызымен жақын араласып, жұмыс істеу бақыты бұйырды. Байқаудың ашылу салтанатына арналған театрландырылған қойылымға сырттан кәсіби актерлер шақыруға мүмкіндік болмай, аталмыш ұжым қызметкерлерінің өздерін дайындайтынбыз. Сол кезде де Үміт апам ынты-шынтысымен, бар ынта-пейілімен іске кірісіп, өте ауыр рөлдерді сомдайтын. Дайындық барысында баласымен қатар режиссердің бағыттауына қынжылмай, балаша мәз болушы еді.

Жылда сол дүбірлі дода аяқталғаннан кейін «Апау, тек журналист қана емес, актриса болсаңыз да біраз белесті бағындырады екенсіз ғой» десем, «Менің аяғым жарамай жүр, келесі жылы мені қинамай-ақ жастарды алшы» деп назданып қоятын.

Ел басына төніп тұрған осынау қиын шақта ажалдың құрығына ақкөңіл апам да ілініпті-ау... Руханият саласындағылардың рухани жақыны болған Үмітхан Рзуанқызынан мезгілсіз айрылып қалу өзі нәзік жүрегімізді қан жылатты. Қанша жерден болған іске болаттай берік болайын десең де «апамнан алып үлгермеген ақыл көп еді-ау...» деген ой жанға жай таптырмайды.

Руханият сөзін ести қалсам есіме ең алдымен түсетін есімдердің бірі Үмітхан апам еді. Оңтүстіктегі өнердің қазанында қайнап жүрген әрбіріміздің шығармашылығымыз оның қаламынан қалыс қалмаған сияқты. Жақсы адамды жоғалту адамға емес, қоғамға ауыр екен. Талай сапардан кейін «Жолдасты жол айырады» деп орта жолдан күлімсіреп түсіп қалушы еді. Бүгін біз де өмірдің жолайрығында қымбат адамымызды ақтық сапарға шығарып салып тұрмыз. Бақұл болыңыз, апа!

Мақсат АЙТЖАНОВ, режиссер.

 

 

1 пікір

  • Якубова Назира
    Якубова Назира

    Иманы саламат, жаны жəнната болсын.

Пікір қалдырыңыз