Шынардың шуағы

Үмітхан АЛТАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Әріптесіміз, кеше ғана өмірден озған белгілі журналист Үмітхан Алтаеваның соңғы жазған дүниелерінің бірін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Дәрігер-педиатр Шынар Нарқұлованың есімі байырғы шымкенттіктерге жақсы таныс. Ол жайында ата-аналар «Шынар Нағышпанқызы – біздің сүйікті дәрігер. Кезінде балаларымыздың денсаулығын сеніп тапсырған едік, енді немерелерімізді де тек сол кісіге апарамыз» дейді екен. Автор осы мақаласында талай отбасының ең сенімді дәрігер-педиатры ретінде көңілінің төрінен орын алған Шынар Нарқұлова жайында сыр шертеді.

Дәрігер болсам деген арман Шынардың көкейіне бала шақтан ұялапты. Шала туылған аурушаң қызды ата-анасы ауылдағы медпунктке жиі апаратын. Ұлты неміс дәрігер Щульганың өзіне мейірлене қарап, фонендоскоппен кеуде тұсын тыңдағаны, дәрі еккені, еркелеткені оған ұнайтын. Көзге таңсық крахмалданған аппақ жамылғыларды көріп, кварц пен дезинфекциялық ерітіндінің иісін тағы да бір иіскеу үшін медпунктке барғысы келіп тұратын. Өзге балалар уколдан қорқып жыласа, бұл медпункттен шыққысы келмейтін. Қуыршаққа дәрі егіп, емдеп, «жарасын таңып» ойнағанына қарап әкесі «осы қызым өскенде дәрігер болады-ау, шамасы» дейді екен.

1973 жылы Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы орта мектепті бітірген соң Ташкент қаласындағы Орта Азия медициналық педиатрия институтына оқуға түскен. 1960-70 жылдар аралығында Орта Азияда бала туу көрсеткіші жоғарылап, сәйкесінше сәби өлімі артып кеткендіктен педиатр дәрігерлердің тапшылығы күн тәртібіне қойылып, педиатрия институты жедел түрде ашылған болатын. Институтқа Мәскеу, Ленинград, Ташкент медицина институттарынан мықты профессорлар мен ғалымдар тартылып, оқу-практика жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіледі, студенттерге де қатаң талап қойылады. Дәрігер болсам деген арманның жетегіндегі студентті бұл талаптар одан әрі ширатып, шынықтырады. Ұстазының «Педиатр мамандығы – қиынның қиыны. Өйткені, сәби саған қай жерінің ауырғанын айта алмайды. Сол себепті баланың жылағанына қарап диагноз қоюға тиіссіңдер» деген сөзі өмірлік ұстанымына айналды.

Институт жолдамасымен барған «Сүткент» кеңшарындағы (Шардара ауданы) учаскелік аурухана Шынар Нағышпанқызы үшін үйрену, тәжірибе жинау мектебі болады. Бас дәрігер мен стоматолог қана қызмет етіп жатқан ауруханаға Ташкенттегі мықты оқу орнын бітірген маманның жұмысқа келуі мұндағыларға көктен іздегені жерден табылғанмен бірдей еді. Маман тапшы болғандықтан оған балаларды ғана емес, ересек науқастарды да қабылдауға тура келген. Терапевт те, нефролог та, кардиолог та, хирург та, гинеколог та, ЛОР-дәрігері де болып, науқастарға қызмет көрсетті. Алуан түрлі хирургиялық аурулар мен жарақаттарды емдеп, қаншама сәбиге кіндік шеше атанды десеңізші. Бір жолы велосипедтен құлап, балтырының еті сүйегінен ажырап кеткен баланың жарақатын тазалап, арнайы ерітіндімен жуып-шайып, жалбырап тұрған еттің үш жерінен тігіс (шов) салғаны бар. Баланың жарақатын күн сайын қайта таңып, қадағалап тұрған соң тез жазылды. Сол оқиғаны есіне алса әлі күнге жүрегі дір етіп, өзінің батылдығына қайран қалады.

Отбасылық жағдайымен Шымкент қаласына көшіп келген соң педиатрия саласына ауысып, қызметін учаскелік дәрігерліктен бастады. Кеңестік кезеңде учаскелік дәрігерге жағдай біршама жақсы жасалатын. Бала ананың құрсағына біткеннен қадағалап, педиатр баламен бірге өсетін. Педиатрлар әрбір баланың денсаулығы үшін жауапты болып, ауыра қалса бірге қайғыратын.

– Дәрігерлік – жауапкершілігі ауқымды, уайым-қайғысы мол кәсіп. Әсіресе, педиатрия саласында істейтіндердің жұмысы өте күрделі. Қолды-аяққа тұрмай шырылдаған сәбиін көрсетуге әкелген ата-ана кейде ашуын дәрігерден алғысы келеді. Сондай қиын сәтте дәрігер тығырықтан шығатын жол таба білуі тиіс. Педиатрияның ерекшелігі сол, дәрі-дәрмекті баланың жасы мен салмағына қарай доза белгілеп, ішкізу тәсілі бар. Соған кейбір ата-ана аса мән бермей, өз беттерінше әрекет етеді. Салдарынан емнің нәтижесі әр балада әртүрлі болады. Емді сәтті жүзеге асырған ата-анаға «бәрекелді» дейміз. Баланың жағдайы кері кетіп жатса, оларға күмәнмен қараймыз. Өйткені, баланың тез сауығуы ата-ананың біліктілігіне де байланысты. Бір жолы шақыртумен барғанымда жас босанған ана учаскелік дәрігердің тағайындауын дұрыс түсінбей, нәрестенің кіндігіне марганцовканы құрғақ күйінде сеуіп, күйдіріп алғанының куәсі болдым, – дейді дәрігер сыр бөлісіп.

Шынар Нағышпанқызы педиатрияның қыр-сырына Шымкенттегі мамандандырылған бөбектер үйінде жұмыс істеген он бес жылда терең бойладым деп есептейді. Себебі, перзентханадан түскен 5-7 күндік нәрестеден бастап төрт жасқа дейінгі сәбилермен жұмыс істеу медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейтін. Ата-анасыз қалған бөбектер үнемі көз алдында болғандықтан ана орнына ана әрі емдеуші дәрігер болуға тура келген. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардағы бөбектер үйіндегі сәбилер кешкен қиындық, қайтсек соларды аман сақтап қаламыз деген уайым жүрегіне аз салмақ түсірмеді. Қалада жарық пен жылу жоқ, тамақ тапшы кезеңде мекеме қызметкерлері сәбилердің аман-саулығы үшін аянып қалмады. Тіпті, олардың жаялығын кептірудің өзі мұң еді. Жуылған жаялықтарды қызметкерлер үйлерінен кептіріп, үтіктеп әкелетін. Жаялық жетпегендіктен қызметкерлер үйлерінен алдырған он шақты бесікке нәрестелерді кезекпен бөлеп, амалдаған күндер де бастан өткен. Оларды жуындыру үшін ауладан арнайы ошақ істеп, қазанға су ысытқан жанкешті тірліктері әлі көз алдында. Әйтсе де, бірер апталық, тек сүтпен тамақтанатын нәрестелердің бабын табу оңай болмады.

– Соңғы тиын-тебенімізді жинап, сүт сатушылардан сүт сатып алып, ботқа істеп жүрдік. Сүттің өзін бір күн алсақ, жалақы уақтылы берілмегендіктен, келесі күні мүмкіндік болмайды. Қиналған сәтте институтта оқытқан балаларға арналған тағам түрлері есіме түсіп, Сперанскийдің балалар қоспасын («смесь Сперанского») жасадым. Бұл өзі қазақтың быламығына ұқсайды. Жас ерекшеліктеріне қарай әрқайсысына жеке дайындалған тағамға тойынған бөбектер тыныш ұйықтайтын болды. Несін айтасыз, сәбилерді Сперанскийдің тағам қоспасымен сақтап қалдық қой. Аяқтары көкпеңбек боп тоңып жатқан бүлдіршіндерді бауырымызға басып, үйдегі нанымызға дейін апардық. Сол жылдары бөбектерді өз перзентіндей бағып-қағып, адамгершіліктің асыл үлгісін көрсеткен әріптестеріме басымды иемін, – дейді Шынар Нағышпанқызы өткен күндер әсерінен арыла алмай.

2006-2007 жылдары облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырған сәбилер анықталды. Бұған Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, шет мемлекеттерден білікті мамандар шақырылды. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырылды. Облыс педиатрлары жаңа мамандықты игерді. Шынар Нағышпанқызына осы семинарлардан алған білімін арнайы ашылған «Ана мен бала» орталығында пайдалану мүмкіндігі туған. Ашуға булығып шырылдаған аналар мен бейкүнә сәбилерге медеу болып, қайғыларына ортақтасып, бірге жылап, бірге күлді. Орталықта еңбек еткен тоғыз жылда ашынған аналарды сабырға шақырып жүріп барлығымен ортақ тіл табысқан. Өйткені, «осы аналардың орнында өзім болғанда не істер едім?» деген ой маза бермейтін.

Бүгінде зейнеткерлікке шығып кеткенімен сол ата-аналар әлі де хабарласып, мерекесімен құттықтап, «Шынар Нағышпанқызы, сол кездегі біздің тараптан кеткен кемшіліктеріміз бен оғаш қылықтарымызды кешіріңіз. Сіздей дәрігер сирек» деп көздеріне жас алатыны бар. Абырой болғанда талай рет ВИЧ-пен ауырған балалардың өмірден өз орнын тапқан бақытты сәттеріне куә болды. Мамандығын сүйген дәрігер үшін бұдан артық қандай құрмет бар деп ойлайды кейіпкеріміз.

– Біз қатарлы дәрігерлер басымыздан бірнеше кезеңді өткіздік. Қазіргі өмір салтына қарай балалардың ағзасы да өзгерген. Сол себепті аурудың өту кезеңі де өзгеше. Біз орындап келген қағидалар бұл күндері ескірген деп есептеледі, жаңа қағидалар пайда болуда. Ара-тұра біз секілді көнекөз дәрігерлердің келіскісі келмейтін тұстары да болады, әрине. Қазіргі экология, тамақтану, күн тәртібі, тәрбие жас ұрпаққа өз әсерін тигізуде. Дәрігерге, ең бастысы, адамды сүйе білетін үлкен жүрек керек. Балаларға дұрыс ем жасасаң, нәтижесі бірден білінеді. Ересектердің кеселі созылмалы түріне ауысып кеткендіктен, нәтижесі тым кеш байқалады. Тағайындаған емімнің үнемі нәтижелі болғанына ризамын. Мен үшін одан артық бақыт жоқ, – деп ой бөліседі Шынар Нарқұлова.

 

 

Пікір қалдырыңыз