Саумалмен сауыққысы келетіндердің қатары көбеюде

Ауыр індет жайлаған қазіргі уақытта саумалға деген сұраныс артып отыр. Табиғаты әсем, шөбі шүйгін, ауасы жанға жайлы Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында «Таң нұры» атты саумалмен емдеу-сауықтыру орталығының жұмысы жандана түсуде. Сауықтыру орталығы тыныс алу жолдары, қан құрамындағы қант мөлшерін түсіру және неврологиялық аурулары бар науқастарға ем-дом жасап, жалпы адамдардың иммунитетін күшейтуге септігін тигізуде. Бүгінгі таңда 84 адамға қызмет көрсетіп отырған орталық қайта құрылымдау жұмыстары біткен соң тағы 60 адамды қабылдауға мүмкіндік алады. Орталық директоры, кәсіпкер Нұржігіт Қалмырзаев «біздің шипажайымыз табиғаты көркем тау бөктерінде орналасқан. Қымыз-саумалымыз демалушылардың иммунитетін көтерсе, аймақтың саф ауасы көңілдерін көтереді. Ал, көңілі көтеріңкі адамға ауру жоламайды. Мынадай індет жайлаған тұста адамдарды сауықтырып, алғыстарына бөленіп жүргенімізге қуаныштымын» дейді.

 

17 кәсіпкер қымыз шаруашылығына кіріскен

Саумалдың құрамында адам ағзасына қажетті 40-қа жуық компонент бар екен. Сондай-ақ, «қымыздың құрамындағы D дәрумені тыныс жолдарын сауықтыруға әсер етіп, өкпені нығайтады» дейді мамандар. Қымыздың пайдалылығын түсінген түлкібастық кәсіпкерлер бие өсіріп, саумал дайындауға, қымыз баптауға ден қоюда. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының маманы М.Ергебековтің айтуынша, 2019 жылы аудан бойынша 17 кәсіпкер жалпы сомасы 74 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, әрқайсысы 9-10 биеден сатып алған. Биыл «Игілік» бағдарламасы аясында тағы 9 кәсіпкер 62 миллион теңге несие алып, бие ұстап, олар да саумал-қымыз дайындап, тұтынушыларға ұсынуда. Ауданымызда қымыз баптаушылардың да, ішушілердің де саны артып отырғаны қуанышты, құптарлық жайт.

 

Оразбаевтар алғыс арқалап жүр

Түлкібастың жағымды климаты мен шұрайлы жерінен, құнарлы шөбінен бе екен, мамандар мұнда бапталатын қымыздың емдік қасиеті мол екенін айтып жүр. Сары қымызды сапырып, бабын келтіре дайындап, көп алғысына бөленіп жүрген жандардың қатарында түлкібастық Оразбаевтар отбасы да бар. Бұл отбасы ұзақ жылдардан бері бие ұстап, саумал, қымыз сатады. Үйреншікті кәсіптерінен бала-шағаларының нәпақаларын айырып отыр. Биылғы пандемия кезінде ұлттық сусынға деген сұраныс күрт көтерілген.

«Күніне 6 бие сауамыз. Тұтынушыларға саумалдай да, ашытып, күбіге пісіп, қымыз дайындап та сатамыз» дейді отанасы Индира Оразбаева. Олардың табиғи сапалы өнімдерін мақтап, алғыс жаудырып кетіп жатқан жандар көп-ақ.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз