ДИХАН ЕҢБЕГІ ДАЛАДА ҚАЛМАСА ЕКЕН


Онлайн режимде өткен Үкіметтің кешегі жиынында ҚР Президенті Қ. Тоқаев шағын және орта бизнесті өркендету керек екеніне тағы тоқталды. Бұған дейін де талай рет айтылып келе жатқан мәселеге Мемлекет басшысы бекерге тоқталып өткен жоқ. Өйткені, елімізде тауарды тереңірек өңдеу жағы әлі де көңіл толатындай жағдайда емес. Бір ғана мысал айтайық. Қазір еліміздің оңтүстік өңірлерінде қауын-қарбыз пісіп-жетіліп тұр. Бірақ, баға көңілдегідей болмағандықтан ала жаздай аптап астында кетпен шауып, еңбек еткен дихандар еңбегі ақталмай жатыр. Егер осынау шикізатты өзімізде тереңірек өңдеп, қауын-қарбыздан түрлі өнімдер шығаратын болсақ, баға мұншалықты құлдырамаған болар еді. Айталық, қазір экспортқа шығатын қауынның бір қорабы бар болғаны 600-700 теңгеден сатылуда. Бұл өз шығынын да ақтамайды. Одан бөлек, экспортқа шығатын тауар сапасы өте жоғары болу керек. Ол дегеніміз, егістік алқабынан жиналған өнімнің 20-30 пайызы жарамсыз болып, жерде қалады. Сәл ұрылып, ұзақ жолға жарамсызданғаны болмаса бұл да тап-таза, тәп-тәуір өнім. Егер біздің елде шағын және орта бизнесті дамыту дұрыс жолға қойылғанда, осынау өнімдер йогурт, түрлі жеміс шырындары, сусындар болып, тереңірек өңделіп, кәдеге жараған болар еді. Ал, бізде өсірілетін қауын-қарбыздың жоғарғы сұрыпы ғана экспортқа шығып, қалғаны егістік алқаптарында тау-төбе болып шіріп жатады. Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасын жергілікті билік өкілдері назарға алып, шағын және орта бизнесті өркендету жолына тың серпін берсе екен деймін.


Боранбай ОРАЗБАЙҰЛЫ, жеке шаруа қожалығының төрағасы. Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз