МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН БОЛДЫ

Мемлекеттің басты мәселесі - халықтың қауіпсіздігі.

Бүгінгі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатысты көптеген саясаттанушылар, экономистер, заңгерлер мен қоғам зиялылары пікір білдіріп, бұл кеңестің маңызы жоғары екенін жеткізді. Өйткені, дәл қазіргі пандемия мен пневмония қос қапталдан қысқан заманда Үкіметтің ең маңызды жұмысы – мемлекеттің басты байлығы, яғни халықтың денсаулығын сақтау болып отыр.


Тиісінше халық та билік тарапынан қандай шешімдер қабылданатынын күтіп отыр. Ал халықтың құқығы қорғалып, денсаулығының сақталуы - ұлттық қауіпсіздікті сақтау деп түсінсек болады және Президентіміздің де негізгі ойы елдің амандығы екенін әрбір шешімінен аңғаруға болады.


Бұл туралы өз сөзінде: «Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», - деді Мемлекет басшысы.


Атап өтсек, бүгінгі Үкімет отырысында балалардың жаңа оқу жылында қалай оқитыны, қоқыс үйінділеріне байланысты жүйелі жұмыс жүргізу, отандық өндірушілергі қолдау көрсету, 5 күн ішінде пандемияға қарсы тиімді жұмыстар жобасын дайындау мәселелері қозғалып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке жаңа кадрлар керек екенін, мектептерге жаңа пән енгізу, жердің шетелдіктерге сатылмайтынын айтты. Сондай-ақ, Жергілікті қамту жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын сынап, халық алдындағы барлық міндеттемелерді орындауды жүктеді.


Расында, аталған мәселелер сын сағатынан өтіп жатқан бүтін бір елдің маңызды мәселелеріне айналып отыр. Алдағы уақытта қандай жағдай болатынына көзіміз жетіп тұрмаса да, ел болып бір-бірімізге сенім артқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Бастысы әрбіріміз өзімізді қорғап, денсаулығымызды күтейік. Бүгінгі таңда әр адамның амандығы өз қолында!


Амалбек ӨМІРТАЙ,

Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығының" директоры.

Пікір қалдырыңыз