ҮНДЕУГЕ ҮНҚОСУ немесе СЫРҚАТ – СЫНАҚ, ДЕРТ ҚОНАҚ


       Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телевизиялық үндеу жасады. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екендігін атап өтті. 
       Дәл қазіргідей індет үдеп жатқанда, ел есенгірет қалғандай күй кешкен сәтте мемлекет басшысының ел алдына шығып, үндеу жасауы өте орынды. Өкінішке орай, аты жаман аурудан алаштың апталдай азаматтары мен қазақтың құрметтілері де бақилық болып жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының елмен бірге екенін және қаза тауып жатқан қазақстандықтарға бей-жай еместігін білетін едім, сенетін едім. Үндеуде осыны өз аузынан естідім. «Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады»-деді Президент. Сондай-ақ, қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, елімізде 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мойындау керекпіз, өзіміздің де салғырттығымыздан, ескертсе де елемей, айтса да сенбей жүргенімізден осындай күйге жеттік. 
       Енді вирустың бар екеніне сенбеген жан қалмаған шығар. Ештен кеш жақсы. Сақтану керек екенін білмейтін адам жоқ, тек соған амал ету керек. Әжем «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деп көп айтушы еді. Өзіміз үшін сақтанайық. Өзіңізді бағаламасаңыз да басқаларға зияныңыз тимесін. Отбасыңызды ойлаңыз. Әкеңіздің денсаулығы қалай, балаңыздың иммунитеті жоғары ма? Кейінірік көтеріңкі көңіл күйде боламын десеңіз, себепсіз сыртқа шықпай, үйде болыңыз. Талапқа қарап тіршілік етіңіз. 
       Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Бір ақынның әлеуметтік желідегі жазбасынан «Сырқат – сынақ, дерт – қонақ» дегенді оқыдым. Бұл уақытша. Тек сыналатыны сабырыңыз, қалатыны қадіріңіз. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты. 
       Сақ болу керек. Маған да, Сізге де...

ЖАҢАБЕК ХАМРАЕВ,
Сайрам аудандық "Жастар ресурстық орталығының" басшысы
Пікір қалдырыңыз