ҚАТЕЛІКТЕРДЕН САБАҚ АЛУҒА ТИІСПІЗ


 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жариялаған үндеуі дер кезінде қабылданып отыр. Республика жұртшылығы бұған зор түсіністік танытып отыр деп есептеймін. Расында да дүние жүзі мүлдем күтпеген, әлі кездесіп көрмеген пандемия індетімен халқымыз бетпе-бет тікелей кездескенде қиындықтар көлденең шыға берді. Тіпті барлық саланың жұмысы шатқаяқтап, тіпті кей жерлерде тоқтап қалғаны да рас. Жаһанның алдында тұрған күрмеуі қиын сынақ елді дүрліктіріп, зардабы ауыр жағдайларға  алып келгені өте өкінішті болып тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздегі күрделі жағдайдың аражігін ашып, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жіберілген қателерді түзеуге байланысты жүзеге асырылатын іс-шараларды ашық түрде жариялағаны, қоғамдағы жағдайға шынайы, ресми түрде баға беруі дұрыс болды. Қалыптасып отырған жағдайды жұрттан жасыра бергенмен  игі іс алға баспайды. Қайта қателіктерден сабақ алып, нақты іс-қимылдарды ширата түсуге тиіспіз. Өкінішке қарай, өлім-жітімге ұшыраған  жандардың саны өсіп отыр. Сондықтан  Мемлекет басшысы биылғы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.  Осы індеттен қайтыс болған жақындарымызды еске алу -- адамдық борышымыз. Елімізге төнген қауіп-қатерден бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен еңсеріп өтуге тиіспіз.

       Әрине, әлемді жайлаған дүрбелең дүмпуі кезінде халқымызға ең алдымен сабырлылық, шыдамдылық және түсінушілік қасиеттер қажет. Жасыратыны жоқ, медицина саласындағы оралымсыздықтар аз емес. Ақ желеңділер алғы шепте жан аямай күрес жүргізуде. Олардың арасынан да ажал құшып жатқандар да бар. Дүрбелең кезде дәрі-дәрмек саудасын қыздырып, пайда тапқысы келетін пысықай топтың пиғылын да қарапайым халық  көріп отыр. Қадағалаушы тиісті мекемелердің дәрменсіздігі де байқалады. Дей, тұрғанмен, осы саладағы іс-шараларды ушықтырмай, ақылмен ұйымдастыру жергілікті билік орындарына ауыр сын болғалы тұр. Жалпы бұл індетпен ымырасыз күрес -- баршаға ортақ. Сол себепті жауапты науқанда немқұрайлық, салғырттық танытуға әсте болмайды.   

 

       Қиындықтардан тек саналы сабырмен, пайымды парасаттылықпен өтуге болады. Халқымызға зор денсаулық тілейміз. Әрбір азамат карантин шараларын қатаң сақтауға міндетті. Көпшілік осылай ортақ іске үлес қоса алады. Ал тиісті мемлекеттік мекемелер өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен қарауы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізді осыған шақырады.


Саттар ҚУАШБАЙ,

облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. 

Пікір қалдырыңыз