Заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу акциясы онлайн форматта өткізілуде

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қала аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акциясын өткізуде.

Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешіміне сәйкес сомасы оннан жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш төлем көзделген.

Сыйақы төлемі қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтардың шотына аудару арқылы жүзеге асырылатын болады.

Ерікті түрде тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылудан босатылады.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуін ескере отырып, қолда бар қару-жарақ заттарын тапсыруға ниет білдіргендер полиция органдарына бармай-ақ, 97-63-73 немесе 102 номеріне хабарласса, жеткілікті.

Өтініштерді және халықта заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын қабылдауды орындарға шыға отыра, департаменттің қызметкерлері жүзеге асыратын болады.

Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерді тауып алған жағдайда олармен қандай да бір іс-әрекет жасамай, тек полиция бөлімшесінің көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлау қажет.

Аталған акция еліміздің барлық аймағында өткізілуде.

Пікір қалдырыңыз