БАСТЫ БАЙЛЫҚТАН ҚОЛ ҮЗІП ҚАЛМАЙЫҚ

Ғаламтор бетері мен әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, бірінен соң бірі жетіп жатқан қаралы хабар, көңіл айту...

Құрметті Отандастар, жерлестер, қасиетті қазақ елінің тұрғындары! Қазіргі уақытта біздің еліміз ғана емес, көптеген алыс-жақын көрші мемлекеттер де қиын қыстау кезеңде өмір сүріп жатыр. Оған себеп алдымен коронавирус инфекциясының таралуы және көптеген адамдардың ауру қаупін көзге ілмей, карантин талаптарын дұрыс сақтамауы деп ойлаймын. Соның әсерінен «тәж» вирусы жерден-жерге жедел тарап, ауруды жұқтырмаған ел қалмады. Одан бөлек, «жығылған үстіне – жұдырық» дегендей, бүгінде өңірімізде тұмау жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып, өлім-жітім шамадан тыс көбейіп кетті. Ғаламтор бетері мен әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, бірінен соң бірі жетіп жатқан қаралы хабар, көңіл айту... «Ауру адам таңдамайды» деген сөздің мәнін терең түсініп жатырмыз. Небір атпалдай азаматтар өмірден озуда. Әлбетте, мұның барлығы кімнің болмасын қабырғасын қайыстырып, көңілін құлазытады.

 

Алайда, дана бабамыз айтып кеткен «өлмектің артынан өлмек жоқ», «сақтансаң – сақтайды» деген сөздер бар. Сондықтан, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан барлық шараларды дұрысынан түсініп, жағдайдың күрделілігіне байланысты созылып жатқан карантин режимінің талаптарын өзіміз және жақындарымыз үшін қатаң сақтауға шақырамын. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбегеніміз абзал. «Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» - дейді. Ол сөздің жаны бар екенін көрінеу ақпарат таратып, ел арасында байбалам тууына себепкер болып, артынан тиісті жазасын алып жатқан жерлестеріміздің жағдайынан анық аңғаруға болады.

 

Құрметті, қазақ елі, барынша сабырлы болып, әр ісімізді сауатты түрде жасайық. Өзімізбен қатар өзгенің өміріне де қиянат жасап алмайық. Әр адам өзінен бастауы және тәртіпке бағынып, бірлігі бар жұрттың тірлігін жасауы қажет. Сонда ғана кез келген қамалды бұзып өтер күшке ие боламыз! Басты байлық – денсаулықтан қол үзіп қалмайық. Баршаңызға амандық тілеймін!

 

                                                                                                                                                                                        Мырзахмет ТЕМІРБЕКОВ,

                                                                                                                                                                                        Отырар ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз