Ескерткіш Аналардың қайсар рухына арналады

Қазығұрт ауданы, Сарапхана елді мекеніндегі «Мәңгілік ел» саябағындағы «Бабалар рухына тағзым» кешені тағы бір ескерткішпен толықты. «Анаға тағзым» деп аталатын ескерткіш Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналды. Ескерткіш неге аналарға арналды? Тағдырын оққа байлаған ер-азаматтар майданда қан кешіп жүргенде, бақытын соғыс ұрлаған арулар олардың орнын басып, белдері қайыса жүріп тылда еңбек етті, қарттар мен балаларды аман сақтауға, жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосты. Өлім мен өмір белдескен 1418 күн мен түн! Қаншама әйел қара жамылып, соғыс жесірі атанды. Жарын, әкесін, баласын күтуден жалықпаған, қосағының қарашаңырағын құлатпауды, ар-ұятты ойлаумен таңды атырған асыл аналар қандай құрметке болсын лайық!

Адамзат тарихында Ұлы Отан соғысынан асқан сұрапыл соғыс болған емес. Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын қорғап, қан майданда қаһармандық ерлік көрсеткен ата, әке, ағаларымыздың есімдерін естен шықпайтындай етіп, тас тұғырларға жазып, болашақ ұрпаққа бейбіт заман сыйлаған асылдарымызды ардақтауға жол көрсетіп келеміз. Бұл күнде олардың басым көпшіліктері бақилық болған. Сол соғыс жылдарындағы аналардың, әкелердің ауыр тағдырын, жеңіске қосқан орасан зор үлесін дәріптеу біздің перзенттік парызымыз. Соғыс жылдарындағы барлық аналардың қасіретті тағдыры осы «Анаға тағзым!» ескерткішінен көрініс тауып тұр. Өзіңіз Анаға зер салыңызшы, өзі отызға жеткен бе, жетпеген бе бірақ, сұм соғыс шашын ағартып, көзіне терең мұң тастаған. Үстінде күпәйке, белін орамалмен шарт түйіп алып, оған орағын қыстырып алған. Жан-жағына орған бидай масағын баулап жиып қойып, алыстан көз ұшында қарайған бір қарашыққа «әкесі келе жатқан жоқ па екен?» деген үмітпен телміре көз салуда. Қолындағы баласы да «әкең келе жатыр!» деген анасының сөзіне жұбанып, сонау көз ұшындағы қарайған бір нүктеге қадала қарап «шынымен, келе жатқан әкем бе екен?» деген үмітке байланған. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақ қасиетті аналар мен аталардың қанымен, еңбектерімен жеткен жеңісті бағалай жүрсін деген ниетпен осы ескерткішті орнаттық. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр, гранит тастан тұрғызылған тұғырының биіктігі 7 метр. Ескерткіш «Қазығұрт» тауының сілеміндегі үлкен төбеге қойылғандықтан, өте еңселі көрінеді, алыстан көз тартады.

Ескерткіштің авторы – мәскеулік мүсінші ғалым-скульптор, өнертану ғылымының докторы, профессор, Ресей өнертану ғылым академиясының академигі, Ресей халық суретшісі, КСРО-ның және Монғолияның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Александр Николаевич Бурганов.

Ескерткішті қоюдағы мақсат – Аналардың қайсар рухына бас иіп, тағзым ету!

Аналарды аялауды, құрметтеуді сен де өмір салтыңа айналдырып жібер, жас дос!

Бекет Тұрғараев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

 

Пікір қалдырыңыз