Алғашқы астық ору науқанына қатысты

Кентау қаласы, Шаға ауылдық округінде «Егінжай – 2020» атты ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесі өтті. Шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, аудан, қала әкімдері, ғылыми институт басшылары, ғалымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бірқатар инвесторлар қатысты.

Бұл семинар агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу бағытында өткізілді. Осы бағыт бойынша Түркістан қаласы аумағында 1458 шаруашылық 9 кооперативке бірігіп, 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендірілуі керек болатын.

Биылғы жылы Түркістан облысында 825,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, меже 100 пайызға орындалған. Соңғы екі жылда Түркістан облысында егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Егістікті әртараптандыру мақсатында биылғы жылы мал азығындық дақылдарға ерекше көңіл бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10 мың гектарға өсіп, 211,1 мың гектарға жеткен.

Семинарда сөз алған облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, негізгі 3 бағытты дамытуға басымдық берілетінін тілге тиек етті.

«Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын кеңінен ендіру. Үшінші бағыт – жеке үйіргелік қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, бақша өнімдерін өндіру» деді Өмірзақ Естайұлы.

Семинар барысында Түркістан қаласын көркейту мен абаттандыруға және дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұдан бөлек Өмірзақ Естайұлы «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-нің алқабында Түркістан облысында алғашқы рет жаңбырлатып суару технологиясымен егілген күздік бидайды ору науқанына қатысты. Сондай-ақ, ғалымдардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, екінші өнімге жүгері дақылын егу үшін топырақ өңдеу тәжірибесі көрсетілді.

Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшелігіне орай республикада бірінші болып 230,0 мың гектар егілген астықты ору науқаны басталды. Гектар түсімділігі 21 центнерден болады, жалпы 478 мың тонна дән жиналады деп болжануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың тоннаға артық.

 

 

Пікір қалдырыңыз