Ұлттық рухтың айнасы

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері жас ұрпақ бабалар қалдырған рухани құндылықтармен қауышуда. Аталған мақала жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол болды. Бәсекеге қабілеттілік – қазіргі заманның басты талабы. Уақыттың өзі әр адамның саналы, жан-жақты, сауатты, белсенді болуы керектігін дәлелдеді. Жеке тұлға рухани дамыған сайын мемлекет те бәсекеге қабілетті бола түседі. Шымкент политехникалық колледжі ұжымы да әр шәкірттің бойына осы қасиеттерді сіңіру жолында жұмыс істеуде. Студенттерге мамандығына сай білім беріп қана қоймай, ұлтын сүюге, туған жеріне қызмет етуге, елі үшін құрбан болған тұлғалардың өнегеге толы өмір жолдарын үлгі ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Ұлы дала жастары» жобасы, «Тәрбие және білім», «Рухани жаңғыру», «Жас маман», «Үздік инновациялық жоба» сынды іс-шаралардың мақсаты — ғылыми-инновациялық бәсекелестікпен қатар, студенттердің шығармашылық тұрғыда дамуына жол ашады.

«Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев. Колледждің 2018-2022 жылдарға арналған жоспарындағы бес мақсаттың негізгісі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Нақтылап айтсақ, жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін меңгерту – біздің басты талап.

«Адамды адаммен теңестіретін – білім» дейді Мұхтар Әуезов. Ұлтымыздың болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Тәуелсіздік алғаннан бастап, білім саласына көптеген реформалар жасалып, олар жүзеге асырылып та келеді. Біздің колледж студенттеріне де арнайы шәкіртақы тағайындалған. Олар көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысады. Заманында ғұлама ғалым Әбу-Насыр Әл-Фараби елге пайдалы ілім табу мақсатымен Шам шаһарына аттанғаны белгілі. Ал, «Болашақ» бағдарламасы осы жаңаша сипатқа ие болған көрінісі дер едім.

Бағдарламалық мақаладағы «Туған жер» жобасына сәйкес колледжде «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» сияқты іс-шаралар жоспары жасалынды. «Өлкетану» бағдарламасы аясында 33 шара өтті. Мыңға жуық студент ай сайын «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне» барып, тарихпен терең танысып қайтады. Колледжде зиялы қауым өкілдері Мекемтас Мырзахметұлымен, Нармахан Бегалыұлымен кездесулер ұйымдастырылды. Әміре Қашаубаевқа арналған патриоттық әндер байқауы жалғасын тауып, А.Құнанбаевқа, С.Торайғыровқа, М.Мақатаевқа арналған поэзия кештері жоғары деңгейде өтті.

«Саналы азамат» іс-шарасы аясында 66 шара өтіп, оған 1700-ге жуық студент қамтылды. «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты семинар, студенттердің қатысуымен латын әліпбиіне көшуге арналған жалпыхалықтық диктант, үш тілді оқытуға байланысты пікірталастар, «Полиглот» байқауы, «Әлемдегі жаңа ғылыми жобалар мен жетістіктер» атты студенттік ғылыми-практикалық конференция, өзге ұлт өкілдері арасында «Қазақ тілінің білгірі» атты ұлттық тіліміздің мәртебесін биіктетуге бағытталған байқау, «100 жаңа кітап» жобасы аясында колледж кітапханасында кітап көрмесі өтті. «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын Біржан Байтуовпен «Ұл мен қыздың тәрбиесі» атты тақырыптық кездесу өтті.

«Отаным-тағдырым» бағытында 1500 студентті қамтыған 55 іс-шара болды. Әдеби кештер, ғылыми конференциялар, танымдық іс-шаралар, ғылыми семинарлар, «дөңгелек үстел» мәжілістері, кураторлық сағаттар, еске алу кештері ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Жүз

жаңа есім» тәуелсіздік жылдарында ерекше еңбегімен табысқа жеткен тұлғаларды танытты. Ендігі тізгін рухы өр, санасы ояу жастардың қолында екенін ескерсек, шәкірттердің бойына осы қасиеттерді сіңіре алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

А.ЫСҚАҚОВ, Шымкент қалалық білім басқармасының «Политехникалық колледж» МКҚК директоры.

 

 

Пікір қалдырыңыз