А.Шілманов: «Салаға жастардың қызығушылығы басым»

Мемлекеттік қызметші болу – ол ең бірінші кезекте Қазақстаның үшін аянбай еңбек етіп, халық мүддесін қорғау, елдің дамуына патриоттықпен үлес қосу. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің позитивті имиджін қалыптастыру және нығайту мемлекеттік жүйені дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық мән-маңызын сезінуі, бар жауапкершілігімен халыққа қызмет ету жолына түскенін түсінуі тиіс. Ол өз елінің шынайы патриоты, әділ әрі өз ісіне адал болуы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметші ие болуы тиіс басты сапаларды атап-атап көрсетті. Бұл – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды іс жүзінде қолдана білу, адалдық және белсенді өмірлік позиция. Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіздігінің құрылуы мен нығаюына Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері де елеулі үлестерін қосып келеді. Осы тұрғыда біз мереке қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Айбек Шілмановпен тілдескен едік.

– Айбек Ақбергенұлы, біздің облыста бес институционалдық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадамның» алғашқысы қалай жүзеге асырылады? Мемлекеттік қызметке кіру төменгі лауазымнан басталуы қажет пе?

– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы он бес қадамы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған. Бұл бағытта мемлекеттік қызметке кіру төменгі лауазымнан басталу тәртібіне аса мән берілген. Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік қызметке алғаш келушілер жұмысын негізінен төменгі лауазымнан бастауы тиіс. Бұл ретте, төменгі лауазымдарға жоғары білімі болған жағдайда жұмыс тәжірибесі талап етілмейді.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметке іріктеуге арналған конкурс екі кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, алғашқы кезең тек мемлекеттік іс басындағы қызметшілердің қатысуына құқық берілген ішкі конкурс, одан әрі барлық азаматтардың қатысуына мүмкіндік берілетін жалпы конкурс өтеді. Яғни мемлекеттік органда төмен емес лауазым пайда болған жағдайда бірінші кезекте ол лауазымға қатысу мүмкіндігі іс басындағы қызметшілерге беріледі. Өз кезегінде төмен лауазымдарға бірден жалпы конкурс жариялану есебінен оған азаматтардың қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметке кіруді төменгі лауазымнан бастау принципі – төменгі лауазым арқылы қабылданған қызметшілерді біліктілігі мен тәжірибесін толықтырып, оны кезең-кезеңмен дамыта отырып, сіңірген еңбегіне қарай сатылатып, лауазымында ілгерілету.

Департамент тарапынан өңірдегі барлық конкурстарға тұрақты бақылау жүргізіледі. Жыл басынан бері 289 жалпы конкурс жарияланса, оның 220-сы немесе 76 пайызы төменгі лауазымдар болып табылады.

– Елдегі карантин жағдайы Сіздің басқаруыңыздағы мемлекеттік органның жұмысына қалай әсер етті?

– «COVID-19» коронавирус пандемиясы барлық мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізді деп айтуға болады. Бұл ретте, біздің департаментте де жұмыс барысында елеулі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдары негізінде жүргізілетін тексерулер мемлекеттік органға бармай-ақ, тиісті құжаттарға сұрау салу арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік органның қызметшілерімен өтетін семинарлар бейнебайланыс арқылы өткізілетін вебинарлар жүйесіне көшті. Бұл өз кезегінде қызметшілердің уақыты мен іссапарға кететін шығындарын қысқартып, тиімді жұмыс тәртібін қалыптастыруға септігін тигізді. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік басқару академиясының өңірдегі филиалында біліктілігін арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары да толығымен бейнебайланыс жүйесіне көшірілді. Нәтижесінде мемлекеттік органдарда қызметшілердің белгілі бір бөлігі қашықтық режимде жұмыс істеу тәртібіне ауыстырылды.

– Қазіргі таңда қандай мемлекеттік органдарда бос орын бар? Қандай лауазымдарға сұраныс көп?

– Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінгі күні Түркістан облысында барлығы 610 мемлекеттік органда 6585 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, 413 бос орын бар. Оның ішінде 149 бос орын аумақтық органдардың облыстағы құрылымдарында, қалған 264-і жергілікті атқарушы органдарда.

Ағымдағы жылы облыс бойынша 565 конкурс жарияланды. Бос лауазымдарды толтыру кезінде конкурстар көбінесе төменгі лауазымдарға жарияланған.

– Түркістан облысының лауазымды тұлғаларынан арнайы қорға қанша сыйлықтар түсті және Әдеп кодексі оны орындауды қаншалықты талап етеді?

– Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші өзіне білмей келіп түскен не жария түрде берілген сыйлықты алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде ерікті түрде мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруы қажет. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру саласындағы уәкілетті органның мәліметіне сәйкес мемлекеттік қызметшілермен соңғы үш жыл ішінде 27 сыйлық арнайы қорға өткізілгені анықталды.

– Егер бағынышты қызметші сыбайлас жемқорлық фактілері туралы қылмыс жасаған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің отставкаға кетуі қалай бақылануда?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспегенін және сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда, қолданыстағы Мемлекеттік қызмет туралы заңның 60-бабына сәйкес, егер мемлекеттік саяси қызметке тағайындалған қызметшілер, тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда, мемлекеттік саяси қызметші отставкаға өтініш беруге міндетті. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi тағайындаған лауазымды адам қабылдайды немесе одан уәжді түрде бас тартады.

Сол сияқты мемлекеттік қызметшілердің міндеттер тізіліміне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу талабы енгізілді. Бұл өз кезегінде барлық мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру болып табылады.

– Жастар мемлекеттік қызметшілер қатарын толтыруға асыға ма?

– Ресми ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері өткізілген конкурстарға 679 қатысушы құжат тапсырған. Оның ішінде 30 жасқа дейінгі қатысушылар үлесі 52,6 пайызды құрайды. Бұл жастардың мемлекеттік қызметшілер қатарына кіруге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, департамент тарапынан 2018 жылдан бастап білімді, белсенді және қабілеті жоғары жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында облыс орталығындағы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің бітіруші түлектері қатарынан жасақталынатын мемлекеттік қызметшілер мектебі қалыптастырылды. Аталған мектеп соңғы курс студенттеріне мемлекеттік қызмет дағдылары бойынша жыл бойына дәріс өткізеді және өндірістік тәжірибе ұйымдастырады.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет мектебіне қабылданушы жастар мен оны аяқтап мемлекеттік қызметке қабылданған жастарымыздың саны артып келеді.

Бір ғана мысал, осы мектептің түлектері, біздің департаметтің жас қызметшілері, соңғы бір жыл көлемінде бір ұжымда әріптес ретінде бірге қызмет атқарып келеміз.

– Мемлекеттік қызметке кірудегі өзгерістер туралы айтып беріңізші?

– Биыл агенттік төрағасының қатысуымен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурстарды өткізу ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ, үміткерлерде өз құжаттарын электрондық түрде және әлеуметтік желілердегі қосымшалар арқылы жіберіп, конкурсқа қатысу мүмкіндігі пайда болды.

Жалпы конкурсқа қатысушылар үшін құжаттар саны 2 есеге дейін қысқартылды. Үміткерлер тарапынан қатысуға өтініш, білімі туралы құжаттың көшірмесін және қызметтік тізімін тапсыру жеткілікті. Қалған талап етілетін құжаттарды конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған кандидат ғана ұсынады.

Ішкі және жалпы конкурсқа қатысатын және әңгімелесуге жіберілген кандидаттармен әңгімелесу қажет болған жағдайда қашықтық бейнебайланыс құралдары арқылы өткізілу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, үміткер келісім берген жағдайда әңгімелесу кезеңінің бейнежазбасын интернет-ресурсқа орналастыруға және онлайн-трансляция жасауға мүмкіндік берілді. Бұдан өзге, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстарға қатысатын байқаушылар тобы да барынша кеңейтілді. Ендігі кезекте 18 жасқа толған әрбір қабілетті азамат конкурсқа байқаушы ретінде қатыса алады.

Сондай-ақ, тестілеу ережелеріне де бірқатар өзгерістер енгізілді. Негізгілерін атап өтсем, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтар мен мемлекеттік әкімшілік лауазымға үміткер азаматтар тестілеуде белгіленген пәндерден төмен нәтиже алған жағдайда алдыңғы өткізілген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кем емес мерзімнен кейін қайта тестілеуге қатыса алады. Бұрынғы тәжірибеде қайта тестілеуге қатысу мерзімі отыз күнді құрайтын. Бұдан бөлек, кандидаттар төмен нәтижелері бойынша уәкілетті органда құрылған апелляциялық комиссияға шағымдарын бере алады. Бұрын шағымдарын қарастыруды уәкілетті органның аумақтық департаменттері жүргізіп келген.

Соңғы өзгеріс, мемлекеттік әкімшілік лауазымға үміткерлер үшін жағымды жаңалық – Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификаттар тестілеу өткізілген күннен бастап бір жылдың ішінде жарамды. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде сертификаттың жарамдылық мерзімі енгізілген төтенше жағдай кезеңіне тоқтатыла тұрады.

– Облыста қанша мемлекеттік қызметші бар және олардың орташа жас мөлшері қандай? Мемлекеттік қызметте әйелдердің рөлі қаншалықты?

– Түркістан облысында 6585 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның 3868-і жергілікті атқарушы органдарда және 2717-сі аумақтық органдарда жұмыс істейді. Біздің облыста мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 39 жас. Сондай-ақ, бұл қызметтегі нәзікжандылардың үлесі 26,6 пайызды құрайды, яғни 1754-і әйел. Өңірде аудан, қала әкімдерінің құрамында нәзікжандылар кездеспегенімен, одан өзге салаларда басшылық жасап жүрген қыз-келіншектер баршылық. Іс басындағы 1754 әйелдің 275-і немесе 16 пайызы басшылық лауазымдарда, яғни әкімдіктердегі дербес бөлім басшылары лауазымдарын әйелдер атқарып келеді.

– «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының ақтық кезеңіне кімдер өтті?

– Пандемияға байланысты жыл сайын ұйымдастырылатын конкурс тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Биыл «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы қашықтықтан өткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта конкурстың бірінші кезеңі аяқталды. Өңірлік кезеңде 29 үміткер арасынан конкурстың екінші кезеңіне 3 мемлекеттік қызметші өтті. Олар: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің аға офицері Ақтөре Талғатұлы, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бас маманы Ақерке Айтуар, Арыс қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы Елдос Сапарбайұлы.

Іріктеу «Неге мен үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын» эссесін және кейстік тапсырмаға берілген бейнежауабын бағалау арқылы жүзеге асырылды. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Халықтың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, елімізге бейбітшілік тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз